Қазақстанда Халық не дейді?
Баға қымбатшылығы жалғасуда. Елде картоптың 1 келісінің құны орта есеппен 500 теңгеге, ал сәбіз – 400-600 теңгеге жетті. Елорданың базарында картоптың бір келісін орта есеппен 380-450 теңге аралығында саудалауда. Нұр-Сұлтандағы азық-түлікті көтерме бағамен сататын «Көк базарда» (бұрынғы Шанхай) тұрған саудагерлер өздеріне картоп бұрынғыдан әлдеқайда жоғары бағамен келіп жатқанын мойындады: «Былтыр осы кезде 120-250-ден алатынбыз, биыл 350-ден арзанын табу қиын. Оның себебін сұрасақ, әр нәрсені алға тартады. Бензин қымбаттады. Теңге құнсызданды. Қуаңшылыққа байланысты картоп шығымдылығы нашар болды. Шетелден әкелу де қиындапты, пара бермесең, кеденшілер өткізбейді, тексерушілер карантиндік зиянкестер тауып, импорттық өнімді тартып алады. Шын-өтірігін қайдам?», – дейді Руслан есімді алыпсатар. «Биыл көкөніс бағасы өте қымбат. Бұдан өткен сорақылық бар ма? Базарға келсең, өзіңді шөл даладағы елде жүргендей сезінесің, өзімізде өсетін көкөніс қалмаған сияқты. Бәрі қымбаттап кеткен. Әкімдіктің мониторинг топтары неге бақыламайды? Бюджеттен миллиардтар шығындалатын тұрақтандырушы қорларын неге баға түсіруге пайдаланбайды? Бір айлық пенсиямыз базарға екі келгенде бітеді» деп ашынады Жәния атты сатып алушы. Әлеуметтік желіні де жұртшылықтың сын-пікірлері кернеп тұр. «Бір күн бұрын жалғызбасты анаға барып қайттым. Келгенімде үш баласын тамақтандырғалы жатыр екен. Құр бұршақты пісіріп, езіп, балаларға берді. Үстелде наннан басқа ештеңе көрмедім. «Азық-түлік мүлдем қымбаттап кетті ғой! Бұрын жағдайымыз мәз емес еді, енді қалай күн көреміз, тәте?!» деп мұңайды. Үш бірдей ұсақ баланың күтімімен жұмыс істеуге мүмкіндігі болмаса да, бүлдіршіндерін көршісіне қаратып, еден жууға шықсам деп отыр. Шынымен, қымбатшылық құрсауы қарапайым бұқараны қысып барады. Кеше кір-кір, әлгі «немытая» деп аталатын сәбіздің 1 келісін 457 теңгеден алдым», – дейді Журналистер одағының мүшесі Кенжегүл Тергембай. Елордадағы «Астықжанда» сәбіздің келісі 570 теңгеден сатылды. Саясатқа жүйрік қазақстандықтарды Үкімет өкілдерінің халықты кінәлауы қынжылтты. Түсіндіре кетсек, Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қалыптасқан жағдайға Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерді айыптаған. Ал АШМ басшысы айып жүгін халыққа сырғытуға талаптанды: халық жапа-тармағай, көп сатып ала бастаған соң картоп бағасы шарықтап шыға келген. «Шенеуніктер бәріне халықты кінәлауға жаман үйреніп барады. Бұған тоқтау салу керек. Мысалы, доллар өссе болды, Ұлттық банк оған қазақстандықтарды айыптайды: жұртшылық АҚШ валютасын тым көп сатып алып жатыр. Үкімет те теңгенің құнсыздануына өзінің еш қатысы жоқ сыңай танытады. Енді картоп пен сәбіздің қымбаттауына министр қазақстандықтарды кінәлайды» деп жаман «трендке» назар аудартады елорда тұрғыны Жеңіс Еңсебайұлы.Билік не дейді?
Көкөніс бағаларының жоғарылауы мәселесін Парламенттің Жоғарғы палатасы көтеріп, «Үкімет сағатын» өткізді. Сенаторлар алдында жауап берген Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бұл салада ешқандай проблема байқамағансыды: оның байламынша, жергілікті өнім жеткілікті, қымбаттап жатқаны – шетелден әкелінгені екен. «Бағаны алыпсатарлар көтеруде», – деді ол. Жиынға қатысушылар министрдің нарықтағы жағдайдан хабары жоғын айтты. Оған жауап ретінде С.Омаров апта сайын үйіне азық-түлікті өзі сатып алатынын жеткізді. – Нарықта картоп бар. Жоқ емес. Былтырғы картоп елорданың базарларында 200 теңгеден сатылуда. Алайда адамдар жаңа өнімді алғысы келеді. Оны бізге Өзбекстан мен Қырғыз елінен әкеледі. Әрине, онысы қымбат. Біздің шаруашылықтар әлі күнге өткен жылы жинаған өнімдерін сатып жатыр, – деді Ауыл шаруашылығы министрі. Ол бағаны түсіру үшін шаралар қабылданып жатқанын тілге тиек етті. «Сауда министрлігімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесу өткізіп жатырмыз. Біз оларға талап қойдық: субсидия алса, 30 пайыз көлемінде қолдау көрсе, онда ішкі нарық үшін өнім бағасын ұстап тұруға міндетті. Азық-түлік бағасын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізілуде» деген сенімде Сапархан Омаров.АШМ мен әкімдіктер неге қапы қалды?
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, елімізде картоптың қажетті қоры жасалмаған. Былтырғы өнімнің басым бөлігі шетелге сатылып кеткен. Қолда бар қор үштен бірге қысқарған. Тапшылықты толтыру үшін енді Қазақстан үш есе қымбатқа шетелден импорттауға мәжбүр. Сәбізге қатысты жағдай да осыған ұқсас. Оның үстіне бұл жағдай жыл сайын қайталанады, дегенмен АШМ мен әкімдіктер тиісті шара қабылдамай отыр. Б.Сұлтанов ауыл шаруашылығы ведомствосының өз мәліметін мысалға келтірді: елімізде өсірілетін картоп ішкі нарықтың сұранысын 108 пайызға артығымен өтейді. Бірақ оның үлкен көлемінің сыртқа сатылуы кесірінен өз елімізде тапшылық орнайды. Қынжылтатыны сол, шетелге, айталық Ресейге сонша қымбат сатылып жатқан жоқ: келісі шамамен 30 рубльден (177 теңгеден) өткізілген. «Былтыр картоп экспортында тарихи рекорд орнады: 360 мың тоннаға жетті. Яғни, картоптың тауарлық өндірісінің жалпы көлеміндегі экспорттың үлесі 19 пайызды құрады. Соның кесірінен біздің дүкен сөрелерінде тапшылық туындады. Дефицит өнімді шетелден импорттауға итермелейді. Бұл ескі өнімнің таусылған, ал жаңа өнім жаппай жинала қоймаған маусымаралық кезеңге тұспа-тұс келді. Бұл жағдай жылдан-жылға қайталануда. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі де, жергілікті атқарушы органдар да осы проблеманы жою бойынша сайма-сай шаралар қабылдамайды. Былтыр, мысалы тек картоп экспортына тыйым салу арқылы бағаны тұрақтандыра алған», – деді Бақыт Сұлтанов. Оның мәліметінше, биылғы жылы картоптың мол экспортталуы жалғасты: биыл төрт айдың өзінде 69 мың тонна өнім төмен бағаға шетел асқан. Салдарынан отандық өнім қоры қазір 3 есеге – 903 мың тоннадан 330 мың тоннаға дейін азайып кетті. Министрдің дерегінше, нарықта өнім жетіспеушілігінің орнын толтыру үшін 28 мың тонна картоп Иран мен Пәкістаннан 3 есе қымбатқа сатып әкелінген. Жалпы алғанда, 2021 жылғы қаңтар-сәуір айларында картоп импорты – 67 есеге, ал оның бағасы 47 пайызға өсті. «Әкімдіктердің қолында қажетті тетіктер бар, соған қарамастан халықты қамту үшін ішкі нарыққа картоп жеткізе алмады. Өңірлерде былтыр тұрақтандыру қорына картоп жеткілікті көлемде сатып алынбаған. Бұған қоса, форвардтық сатып алу, айналымдық схема секілді нарықтық тетіктер де толыққанды пайдаланылмады. Әкімдіктердің тұрақтандыру қорларында бүгінде картоп қоры жоққа тән! Сонымен қатар субсидиялау кезінде өндірушілерге талап пен міндеттеме қойылмаған: салдарынан бюджет есебінен субсидиялау арқасында бағасы арзандаған өнімді өндірушілер көтерме бағамен экспортқа жіберген», – дейді Б.Сұлтанов.Мәселенің шешімі қандай?
Министрдің пайымдауынша, сәбізге қатысты жағдай тіптен күрделі. «Ол бойынша отандық өнім қоры жыл басынан бері 5,3 есеге – 211 мыңнан 40 мың тоннаға дейін құлдырады. Сонымен бірге Қазақстан онсыз да жыл сайын сәбізді ішкі қажеттіліктен 5-6 пайызға аз өндіреді. Жылда сәуір-шілде аралығында тапшылық туындайды. Содан оны біз жылда Өзбекстаннан келетін қымбат импорт арқылы өтеуге мәжбүрміз. Сәбіз бойынша өңірлеріміз жеткілікті қор қалыптастырмаған. Тұрақтандыру қорында небәрі 258 тонна сақталған. Болашақ өнімнен алуға негізделген форвардтық сатып алу да еліміз бойынша бар-жоғы 5,8 мың тоннаны құрайды. Оның 73 пайызы – Алматының еншісінде», – дейді Бақыт Сұлтанов. Экономист Марат Ерғозин Үкімет пен әкімдіктердің өткеннен сабақ алмайтынына қайран қалады. «Картоп пен сәбіз бағасы жылда осы кезеңде қымбаттайды. Содан сәбізді жылда өзбек ағайындардан тасып, тапшылықты жабуға тырысамыз. Шынында, биыл Өзбекстанның өзінде оның бағасы 55 пайызға өсіп кеткен. Өзбек ағам асырайды деп енді қол жая беру – әбестік. Олардың өзі сәбізді өте көп тұтынады, басты тағамы – палау жасауда көп қолданады. Тиісінше, сәбіз олардың өздеріне жетпеуде. Демек, өз елімізде сәбіз өсіру көлемін арттырған жөн. Бірақ бұл істе қарқын жоқ. Сондай-ақ бағаның өсуіне алыпсатарлар ықпал етеді. Досым СҚО-да картоп өсірумен айналысады. Облыста осы өнімнің егістік көлемі азайып кеткенін айтады. Себебі тыңайтқыш қымбаттауда. Мұның сыртында былтыр пандемия кесірінен егіншілер қажетті көлемде егіс салып үлгермеді. Өзге өңірлерде былтырдан бері қуаңшылық болып, су жетпеуде», – дейді экономист. Оның мәліметінше, аграршылар өнім бағасын көп көтере қоймаған: картоптың келісін 150-220 теңгеден өткізгендер бар. Қалғаны – алыпсатарлардың қосқан үстемесі. Ақмолалық диқандар төл өнімімен елордалық нарыққа шықпақ болыпты: ірі сауда орындары тұрақты жеткізілім болуы үшін өнім өндірушілермен емес, өнім жеткізуші көтерме саудагерлермен және операторлармен жұмыс істеуге бейілді екенін білдіріп, меселін қайтарған. Ал көтерме алыпсатарлар ауқымы ірі импортпен жұмыс істеуге құштар. Сарапшылардың айтуынша, экспортқа шектеу қойып, бағаны ұстап тұру ақыр соңында экономикаға кесірін тигізеді. Проблеманың өзге шешімі бар: біріншіден, бюджеттен мол субсидия алатын ауыл шаруашылығы өндірушілерін жинаған өнімінің бекітілген бір бөлігін ішкі нарыққа қолжетімді бағамен сатуға міндеттеген жөн. Екіншіден, ауыл шаруашылығы техникасын, тыңайтқыштарды субсидиялаудағы проблемалар шешімін табуы керек, ауыл кәсіпкерін осы мазалайды. Үшіншіден, Үкіметтің басымдықты міндеті – нарықтық бағаны «қатыру», құрықтау емес, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру. Халық қалтасы қалың болса, картопты 500 теңгеден қиналмай алады. Ал әзірге биылғы орақ науқанын күтуге тура келетінге ұқсайды: жаңа өнім сөрелерге түсе бастағанда, баға да тұрақтануы ықтимал.Айхан ШӘРІП