Картопқа да зар болдық
Картопқа да зар болдық
140
оқылды

Қазақстанда Халық не дейді?

Баға қымбатшылығы жалғасуда. Елде картоптың 1 келісінің құны орта есеппен 500 теңгеге, ал сәбіз – 400-600 теңгеге жетті. Елорданың ба­зарында картоптың бір келісін орта есеппен 380-450 теңге аралы­ғында саудалауда. Нұр-Сұлтандағы азық-түлікті көтерме бағамен са­татын «Көк базарда» (бұрынғы Шанхай) тұрған саудагерлер өз­де­ріне картоп бұрынғыдан әлде­қайда жоғары бағамен келіп жат­қанын мойындады: «Былтыр осы кезде 120-250-ден алатынбыз, биыл 350-ден арзанын табу қиын. Оның себебін сұрасақ, әр нәрсені алға тартады. Бензин қымбаттады. Теңге құнсызданды. Қуаңшылыққа байланысты картоп шығымдылығы нашар болды. Шет­елден әкелу де қиындапты, пара бер­месең, кеденшілер өткіз­бейді, тексе­­рушілер карантиндік зиян­кестер тауып, импорттық өнімді тар­тып алады. Шын-өтірігін қай­дам?», – дейді Руслан есімді алып­сатар. «Биыл көкөніс бағасы өте қым­бат. Бұдан өткен сорақылық бар ма? Базарға келсең, өзіңді шөл даладағы елде жүргендей сезінесің, өзімізде өсе­тін көкөніс қалмаған сияқты. Бәрі қымбаттап кеткен. Әкімдіктің мониторинг топтары неге бақыла­майды? Бюджеттен миллиардтар шығындалатын тұрақтандырушы қорларын неге баға түсіруге пай­даланбайды? Бір айлық пенсиямыз базарға екі келгенде бітеді» деп ашынады Жәния атты сатып алушы. Әлеуметтік желіні де жұрт­шылықтың сын-пікірлері кернеп тұр. «Бір күн бұрын жалғызбасты анаға барып қайттым. Келгенімде үш баласын тамақтандырғалы жатыр екен. Құр бұршақты пісіріп, езіп, балаларға берді. Үстелде нан­нан басқа ештеңе көрмедім. «Азық-түлік мүлдем қымбаттап кетті ғой! Бұрын жағдайымыз мәз емес еді, енді қалай күн көреміз, тәте?!» деп мұңайды. Үш бірдей ұсақ баланың күтімімен жұмыс істеуге мүмкіндігі болмаса да, бүлдіршіндерін көрші­сіне қаратып, еден жууға шықсам деп отыр. Шынымен, қымбатшылық құрсауы қарапайым бұқараны қысып барады. Кеше кір-кір, әлгі «немытая» деп аталатын сәбіздің 1 келісін 457 теңгеден алдым», – дейді Журналистер одағының мүшесі Кенжегүл Тергембай. Елордадағы «Астықжанда» сә­біздің келісі 570 теңгеден са­тылды. Саясатқа жүйрік қазақ­стан­дықтарды Үкімет өкілдерінің ха­лықты кінәлауы қынжылтты. Тү­­сіндіре кетсек, Үкімет оты­ры­­­сында Сауда және интеграция ми­­­нистрі Бақыт Сұлтанов қа­лып­тасқан жағ­дайға Ауыл шаруа­шы­лығы ми­нистрлігі мен әкім­дік­терді айып­таған. Ал АШМ бас­­шысы айып жүгін халыққа сыр­ғытуға талап­танды: халық жапа-тармағай, көп сатып ала бас­­таған соң картоп ба­ғасы ша­рықтап шы­ға келген. «Шенеуніктер бәріне халықты кінәлауға жаман үйреніп барады. Бұған тоқтау салу керек. Мысалы, доллар өссе болды, Ұлттық банк оған қазақстандықтарды айып­тайды: жұртшылық АҚШ валюта­сын тым көп сатып алып жатыр. Үкімет те теңгенің құнсыздануына өзінің еш қатысы жоқ сыңай таны­тады. Енді картоп пен сәбіздің қым­баттауына министр қазақ­стан­дықтарды кінәлайды» деп жаман «трендке» назар аудартады елорда тұрғыны Жеңіс Еңсебайұлы.

Билік не дейді?

Көкөніс бағаларының жо­ға­рылауы мәселесін Парламенттің Жоғарғы палатасы көтеріп, «Үкі­мет сағатын» өткізді. Сенатор­лар ал­дында жауап берген Ауыл шаруа­шылығы министрі Сапархан Ома­ров бұл салада ешқандай проблема байқамағансыды: оның байла­мын­ша, жергілікті өнім жеткілікті, қым­баттап жатқаны – шетелден әке­лінгені екен. «Бағаны алыпса­тарлар көтеруде», – деді ол. Жиын­ға қаты­сушылар министрдің на­рықтағы жағдайдан хабары жо­ғын айтты. Оған жауап ретінде С.Ома­ров апта сайын үйіне азық-түлікті өзі сатып алатынын жет­кізді. – Нарықта картоп бар. Жоқ емес. Былтырғы картоп елорданың базарларында 200 теңгеден саты­луда. Алайда адамдар жаңа өнімді алғысы келеді. Оны бізге Өзбекстан мен Қырғыз елінен әкеледі. Әрине, онысы қымбат. Біздің шаруа­шы­лықтар әлі күнге өткен жылы жи­наған өнімдерін сатып жатыр, – деді Ауыл шаруашылығы министрі. Ол бағаны түсіру үшін шаралар қабылданып жатқанын тілге тиек етті. «Сауда министрлігімен бір­лесіп, ауыл шаруашылығы тауар­ларын өндірушілермен кез­десу өткізіп жа­тырмыз. Біз оларға талап қойдық: субсидия алса, 30 пайыз көлемінде қолдау көрсе, онда ішкі нарық үшін өнім бағасын ұстап тұруға міндетті. Азық-түлік бағасын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізілуде» деген сенімде Са­пархан Омаров.

АШМ мен әкімдіктер неге қапы қалды?

Сауда және интеграция ми­нис­трі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, елімізде картоптың қажетті қоры жасал­маған. Былтырғы өнімнің басым бөлігі шетелге сатылып кет­кен. Қол­да бар қор үштен бірге қыс­­­қарған. Тапшылықты толтыру үшін енді Қазақстан үш есе қым­батқа шетелден импорттауға мәжбүр. Сә­бізге қатысты жағдай да осыған ұқсас. Оның үстіне бұл жағдай жыл сайын қайталанады, дегенмен АШМ мен әкімдіктер тиісті шара қабылдамай отыр. картоп баға Б.Сұлтанов ауыл шаруашылығы ведомствосының өз мәліметін мы­салға келтірді: елімізде өсірілетін кар­топ ішкі нарықтың сұранысын 108 пайызға артығымен өтейді. Бірақ оның үлкен көлемінің сыртқа сатылуы кесірінен өз елімізде тап­шылық орнайды. Қынжылтатыны сол, шетелге, айталық Ресейге сонша қымбат сатылып жатқан жоқ: келісі шама­мен 30 рубльден (177 теңгеден) өткізілген. «Былтыр картоп экспортында тарихи рекорд орнады: 360 мың тон­наға жетті. Яғни, картоптың тауар­лық өндірісінің жалпы көлеміндегі экспорттың үлесі 19 пайызды құра­ды. Соның кесірінен біздің дүкен сөрелерінде тапшылық туындады. Дефицит өнімді шетелден импорт­тауға итермелейді. Бұл ескі өнімнің таусылған, ал жаңа өнім жаппай жинала қоймаған маусымаралық кезеңге тұспа-тұс келді. Бұл жағдай жылдан-жылға қайталануда. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі де, жергілікті атқарушы органдар да осы проблеманы жою бойынша сайма-сай шаралар қабылдамайды. Былтыр, мысалы тек картоп экс­портына тыйым салу арқылы баға­ны тұрақтандыра алған», – деді Бақыт Сұлтанов. Оның мәліметінше, биылғы жылы картоптың мол экспортталуы жалғасты: биыл төрт айдың өзінде 69 мың тонна өнім төмен бағаға шетел асқан. Салдарынан отандық өнім қоры қазір 3 есеге – 903 мың тоннадан 330 мың тоннаға дейін азайып кетті. Министрдің дерегінше, нарықта өнім жетіспеушілігінің орнын тол­тыру үшін 28 мың тонна картоп Иран мен Пәкістаннан 3 есе қым­батқа сатып әкелінген. Жалпы ал­ғанда, 2021 жылғы қаңтар-сәуір айларында картоп импорты – 67 есеге, ал оның бағасы 47 пайызға өсті. «Әкімдіктердің қолында қа­жетті тетіктер бар, соған қарамастан ха­лықты қамту үшін ішкі нарыққа картоп жеткізе алмады. Өңірлерде был­тыр тұрақтандыру қорына картоп жеткілікті көлемде сатып алынбаған. Бұған қоса, форвардтық сатып алу, айналымдық схема се­кілді нарықтық тетіктер де толық­қанды пайдаланылмады. Әкімдік­тердің тұрақтандыру қорларында бүгінде картоп қоры жоққа тән! Сонымен қатар субсидиялау ке­зінде өндірушілерге талап пен міндеттеме қойылмаған: сал­да­рынан бюджет есебінен суб­си­диялау арқасында бағасы ар­зандаған өнімді өнді­рушілер кө­терме бағамен экспортқа жі­бер­ген», – дейді Б.Сұлтанов.

Мәселенің шешімі қандай?

Министрдің пайымдауынша, сәбізге қатысты жағдай тіптен күр­делі. «Ол бойынша отандық өнім қо­ры жыл басынан бері 5,3 есеге – 211 мыңнан 40 мың тоннаға дейін құлдырады. Сонымен бірге Қазақ­стан онсыз да жыл сайын сәбізді ішкі қажеттіліктен 5-6 пайызға аз өндіреді. Жылда сәуір-шілде ара­лығында тапшылық туындайды. Содан оны біз жылда Өзбекстаннан келетін қымбат импорт арқылы өтеуге мәжбүрміз. Сәбіз бойынша өңірлеріміз жеткілікті қор қалып­тастырмаған. Тұрақтандыру қорын­да небәрі 258 тонна сақталған. Бола­шақ өнімнен алуға негізделген фор­вардтық сатып алу да еліміз бойынша бар-жоғы 5,8 мың тонна­ны құрайды. Оның 73 пайызы – Алматының еншісінде», – дейді Бақыт Сұлтанов. Экономист Марат Ерғозин Үкі­мет пен әкімдіктердің өткеннен сабақ алмайтынына қайран қалады. «Картоп пен сәбіз бағасы жылда осы кезеңде қымбаттайды. Содан сәбізді жылда өзбек ағайындардан тасып, тапшылықты жабуға тыры­самыз. Шынында, биыл Өзбек­станның өзінде оның бағасы 55 пайызға өсіп кеткен. Өзбек ағам асырайды деп енді қол жая беру – әбестік. Олардың өзі сәбізді өте көп тұтынады, басты тағамы – палау жасауда көп қолданады. Тиісінше, сәбіз олардың өздеріне жетпеуде. Де­мек, өз елімізде сәбіз өсіру кө­лемін арттырған жөн. Бірақ бұл істе қарқын жоқ. Сондай-ақ баға­ның өсуіне алыпсатарлар ықпал етеді. Досым СҚО-да картоп өсірумен айналысады. Облыста осы өнімнің егістік көлемі азайып кеткенін ай­тады. Себебі тыңайтқыш қым­бат­тауда. Мұның сыртында былтыр пандемия кесірінен егіншілер қа­жетті көлемде егіс салып үлгермеді. Өзге өңірлерде былтырдан бері қуаң­­шылық болып, су жетпеуде», – дейді экономист. Оның мәліметінше, аграршылар өнім бағасын көп көтере қоймаған: картоптың келісін 150-220 теңгеден өткізгендер бар. Қалғаны – алып­сатарлардың қосқан үстемесі. Ақ­молалық диқандар төл өнімімен елордалық нарыққа шықпақ бо­лыпты: ірі сауда орындары тұрақты жеткізілім болуы үшін өнім өн­дірушілермен емес, өнім жеткізуші көтерме саудагерлермен және опе­раторлармен жұмыс істеуге бейілді екенін білдіріп, меселін қайтарған. Ал көтерме алыпсатарлар ауқымы ірі импортпен жұмыс істеуге құштар. Сарапшылардың айтуынша, экспортқа шектеу қойып, бағаны ұстап тұру ақыр соңында эконо­микаға кесірін тигізеді. Пробле­маның өзге шешімі бар: біріншіден, бюджеттен мол субсидия алатын ауыл шаруашылығы өндірушілерін жинаған өнімінің бекітілген бір бөлігін ішкі нарыққа қолжетімді бағамен сатуға міндеттеген жөн. Екіншіден, ауыл шаруашылығы техникасын, тыңайтқыштарды суб­сидиялаудағы проблемалар ше­шімін табуы керек, ауыл кәсіпкерін осы мазалайды. Үшіншіден, Үкі­меттің басымдықты міндеті – на­рық­тық бағаны «қатыру», құрықтау емес, қазақстандықтардың әл-ау­қа­тын арттыру. Халық қалтасы қалың болса, картопты 500 теңгеден қи­налмай алады. Ал әзірге биылғы орақ науқанын күтуге тура келетінге ұқсайды: жаңа өнім сөрелерге түсе бастағанда, баға да тұрақтануы ықтимал.

Айхан ШӘРІП