Тоқаевқа 87 қылмыстық топтың жолы кесілгені хабарланды
Тоқаевқа 87 қылмыстық топтың жолы кесілгені хабарланды
226
оқылды

Президент Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты. 

Мемлекет басшысына «көлеңкелі» экономика деңгейін қысқарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәлімет берілді. Аталған міндет жүйелі әрі кешенді алдын алу шараларын әзірлеу және өткізу арқылы жүзеге асырылуда.
Жанат Элиманов Қасым-Жомарт Тоқаевқа  бүгінге дейін 2,8 триллион теңге көлемінде жалған шот-фактуралар жазып берумен айналысқан 87 қылмыстық топтың жолы кесілгенін баяндады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңды тұлғалардың қолма-қол ақшаға айналдырған қаржы көлемін 24 пайызға азайту мүмкін болды. Бұдан бөлек жасырын жұмыс істеген 10 цехтың қызметі тоқтатылып, есепте жоқ 800 мың шөлмектен астам алкоголь өнімі тәркіленді. Сондай-ақ 96 заңсыз ойын мекемесі жойылып, заңсыз айналымнан 1200-ден астам ойын автоматтары, терминалдар мен покер үстелдері алынды. Мұнай және мұнай өнімдері бойынша 40 заңсыз айналым  дерегі анықталды.Мемлекет басшысы «Айқын экономика» ұлттық жобасын іске қосу туралы бастаманы қолдады. Қаржы саласының ашықтығын қамтамасыз ету, шағын және орта бизнестің «көлеңкелі сектордан» шығуын ынталандыру аталған бастаманың стратегиялық басымдығы болып табылады. Агенттік төрағасының айтуынша, 2021-2022 жылдары Қазақстанның жылыстатуға қарсы жүйесі қылмыстық жолмен түскен табыстарды заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ФАТФ (Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы) стандарттарының сақталуы бойынша өзара бағалаудан өтуі тиіс. Президент Агенттіктің аталған шараға қатысты жүргізіп жатқан дайындық жұмыстарының маңызды екенін атап өтті және кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.