1999 жыл: бетбұрыстар бастауында
Нұрлан ҚОСАЙ
/ 16.06.2021
1999 жыл: бетбұрыстар бастауында
23-27 қарашада Президент Н.Назарбаев Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды. Сапар нәтижесінде үшінші мыңжылдық қарсаңындағы екі елдің саяси және экономикалық өзара іс-қимылының басымдықтары бекітілді. Мемлекет басшылары көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге екіжақты мүдделілік білдірді және өз елдерінің үкіметтеріне барлық туындайтын проблемаларды уақытылы шешуді тапсырды. Осы сапар туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Беласу» атты кітабында: «1999 жылы екі ел басшысы төтенше маңызы бар құжатқа – ХХІ ғасырға арналған Стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойды. Бұдан 100 жыл бұрын, тіпті 20 жыл бұрын Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде Қытай сияқты алып мемлекетпен стратегиялық серіктестік қатынасқа кіреді деген ешкімнің ойына да келмеген болар. Бұл, әрине еліміздің тәуелсіздікке түбегейлі ие болуы арқасында ғана мүмкін болғаны белгілі. Дегенмен жеке тұлғалық факторды да есептен шығаруға болмас. Себебі Елбасылардың достығы олардың мемлекеттерін жақындастырса, бір-біріне араздығы екі мемлекетті алшақтатып жіберетіні рас» деп жазады. 1999 жылғы 15 желтоқсанда БҰҰ және ЕҚЫҰ агенттіктері мен бағдарламаларының жаңа кеңселерінің ашылу рәсімі өтті. Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов тұсаукесерде сөз сөйлеп, гуманитарлық саладағы, білім, денсаулық сақтау, азаматтық қоғамды дамыту мәселелерін шешуде БҰҰ-ның Қазақстан үшін үлкен маңызын атап өтті. Осы әмбебап халықаралық форумның арқасында дүниежүзі Қазақстан проблемаларымен, оның ішінде Семей ядролық сынақ алаңына байланысты жайттармен танысты, оларды шешу жолдары қарастырыла бастады. 17-21 желтоқсан күндері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары болды. Н.Назарбаев БҰҰ-ның Бас хатшысы К.Аннанмен және Дүниежүзілік еврейлер конгресінің президенті Э.Бронфманмен кездесу өткізді. Сапар кезінде ел Президенті Қазақстан-Америка бірлескен комиссиясының (ҚАБК) жұмысына қатысты. ҚАБК төрағалары Нұрсұлтан Назарбаев және АҚШ вице-президенті Альберт Гор алтыншы жыл сайынғы отырыстың нәтижелерін қарастырды. Комиссияның отырысынан кейін Н.Назарбаев және А.Гор қорытынды құжатқа қол қойды.
Білім реформасының бастауы
Осы жылы жоғары оқу орындарына қабылдаудың орталықтандырылған кешенді тестілеу жүйесі енгізілді. Соған сәйкес мемлекеттік білім гранттарымен қатар, оқудың ақылы түрі (кредит) пайда болды. Бұл талапкерлердің білім сапасын бағалаудың әділ болуына және мемлекеттік білім гранттары мен кредиттерді білімге сәйкес бөлуге жол ашты. Аталған кешенді жүйе 2004 жылы енгізілген Ұлттық бірыңғай тесттің (ҰБТ) алғышарты еді. 1998-1999 жылдары елімізде 182 орта мектеп, 23 интернат қайта қалпына келтірілді. Базасы нашар жекеменшік университеттердің лицензиясы кейін қайтарылып, осы жылы елдегі 52 университет тестілеудің жаңа ережесі бойынша 7 мың студентті оқуға қабылдады. Сондай-ақ Қазақстан осы жылы жоғары білім берудің 3 деңгейлі жүйесіне, яғни бакалавриат, магистратура және докторантура түріне көшті.
Қазақстан мұнайына –
100 жыл
3 қыркүйек күні Президент Н.Назарбаев елімізде мұнай өндіріле бастағанына 100 жыл толуына орай Атырау қаласында өткен салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Нұрсұлтан Әбішұлының Атырауға Қазақстан мұнайының мерейтойын атап өту сапарына арналған бағдарламасының шешуші бағыты – инвесторлармен, яғни елдегі түрлі жобаларға қатысатын шетелдік мұнай компанияларының басшыларымен кездесу болды. Сонымен қатар ол жаңартылған көпірдегі символикалық лентаны қиып, Сарайшықта ұлы дала билеріне арналған мемориалды ашты.
Ғасырлар тоғысында
1999 жыл жаңа мыңжылдықтың қарсаңы болатын. Бұл шара әлемде де, елімізде де назардан тыс қалған жоқ. Елордада «Миллениум пати» атауымен кешенді шара жоспары жасалды. Жыл соңы президенттік шырша, мерекелік отшашу және карнавалмен аяқталды.
Нұрлан ҚОСАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Әнші Сәкен Майғазиевтің әпкесі өмірден өтті
Жаңалықтар
АҚШ долларының құны артты
Жаңалықтар
«Апаға үй алып бердік деп 3-4 айға пәтер жалдап берген»: «Елге көмек» қайыр...
Жаңалықтар
Демалыс күндері аяз күшейіп, қар жауады – «Қазгидромет»
Жаңалықтар
Баспана сатып аларда нені ескеру қажет?
Жаңалықтар
«Үйленетін қыз іздеп жүрмін»: Нұрбек Оралбай қашан шаңырақ көтеретінін айтт...