Солтүстік Қазақстан облысында жоғалған 69 жастағы ер адамның денесі Есіл өзенінен табылды, - деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі.
Есіл ауданы Бірлік ауылының 1952 жылы туған тұрғынын құтқарушылар 15-17 маусым аралығында Есіл өзенінен іздеді. Мамандар 44 шақырымды қарап шықты. Іздеу жұмыстары кезінде ауылдан екі шақырымдай жерде Ильинка елді мекені бағытында ер адамның көлігі табылды. Сондай-ақ Есіл жағасында адамның жүрген іздері анықталды. Із өзенге кіріп жоғалған.
17 маусым күні сағат 12.58-де департаменттің іздеу тобы ер адамның денесін тапты. Үстінде киімі болған. Ағыс оны ауылдан 6 шақырымға алып кеткен. Марқұмның неден қайтыс болғаны анықталады, сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Төрт күн бұрын СҚО Есіл ауданы Бірлік ауылының 1952 жылы туған тұрғыны белгісіз жағдайда Есіл өзенінің маңында жоғалып кеткен.