ҚМДБ отандық туризмді дамытуға атсалысады
ҚМДБ отандық туризмді дамытуға атсалысады
295
оқылды

Еліміздегі туризм саласын дамытуға Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы да атсалыспақ. Атап айтқанда, бірнеше бағыт бойынша жұмыс атқаруды қолға алған діни басқарма «Darhan Dala» атты жаңа жоба арқылы шет елдегі және еліміздегі киелі орындарға зиярат етуді, денсаулық, экотуризмге қатысты турлар ұйымдастырады. Бұл туралы Түркістанға ат басын бұрған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының іссапары барысында белгілі болды. Ол, сондай-ақ, орталық мешітте мұсылман бауырлармен бірге жұма намазына қатысты.

Түркістанға келген Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алдымен облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевпен кездесіп, одан соң Өңірлік коммуникациялар орталығында журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді. Облыс әкімімен кездесу барысында қоғамдағы қалыптасқан діни келісім мен ұлтаралық татулықты одан әрі нығайту мәселелері, дін қызметкерлерінің білімі мен тәжірибесін шыңдау жайында сөз болды. Жалпы айта кетейік, Түркістан облысында 6 діни конфессияға енетін 30 жергілікті діни бірлестік пен 754 филиал жұмыс істейді. Ұзын саны 752 мешіт бар, яғни, елдегі әрбір үшінші мешіт Түркістан өңірінде орналасқан. Кездесу барысында белгілі болғандай, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы отандық туризмді дамытуға үлес қосу мақсатында «Darhan Dala» жобасын іске қосқалы жатыр екен. Тарқатып айтсақ, бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейтін жаңа жоба шет елдегі және еліміздегі киелі орындарға арнайы зиярат етуді қолға алмақ. Сонымен қатар, аталған жоба аясында денсаулық, экотуризм бағыты бойынша да тур ұйымдастырады.  туризм Аталған жобаның енді Түркістан өңірінде жүзеге асатынын айтқан бас мүфтидің айтуынша, алдағы уақытта имамдардың жетекшілігімен киелі орындарға арнайы турлар ұйымдастырылып, сапар барысында зиярат жасау мәдениеті мен әдебі түсіндіріліп, тиісті насихат жұмыстары жүргізілмек. Бұл ретте Түркістан қаласының туристік әлеуеті үлкен мүмкіндікке ие. Әлемдік мұсылман қауымы арасында беделді Ислам ғұламаларының зиратына зиярат ету, қасиетті жерлерге зиярат жасау мәдениеті қалыптасып, мұсылман елдерінде зиярат туризм саласы жақсы дамығаны белгілі. Ыстамбұл - Түркістан бағыты бойынша әуе рейсі ашылғаны белгілі. Түркістан - Джидда әуе рейсін ашу туралы бастама Орта Азия елдері азаматтарын киелі Түркістан арқылы қажылық немесе ұмра сапарына жіберуге үлкен мүмкіндік туғызады. Түркістан қаласына, басқа да тарихи, киелі орындарға саяхат ұйымдастыру. Отандық туризмді дамытуға үлес қосуды көздейтін жобаны ҚМДБ жанындағы «Darhan Dala Travel» тур агенттігі жүзеге асырады. Баспасөз мәслихатында дін саласына қатысты және жаңа жоба жайлы айтқан Бас мүфти журналистердің қойған сауалдарына да жауап берді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында туризмді, әсіресе, экотуризм мен этнотуризмді дамытуға назар аударды. Киелі орындарға зиярат жасау рәсімдері кезінде шариғат талаптары сақтала бермейтіні белгілі. Діни басқарма осы мәселеге назар аударып, өткен жылы имамдар форумында «Зират және зиярат мәдениеті» құжатын қабылдады. Сапар барысында имамдар зиярат жасау мәдениеті мен әдебін түсіндіріп, тиісті насихат жұмыстарын жүргізеді», - деді Бас мүфти. Түркістанның туристік әлеуеті ескеріліп, шаһардан «Darhan Dala Travel» кеңсесінің ашылуы жоспарлануда. Тур фирманың жанынан арнайы Ислам ғұламаларының сарапшылар тобы құрылады. Дін өкілдері шариғат тұрғысынан сауалдарға жауап беруге қолдау көрсететін болады.