Өзен-көлдер тартылып барады
Өзен-көлдер тартылып барады
2,927
оқылды

Бабаларымыз «Өзімдікі деген өзен де аз

Жалпы, Қазақстанда 539 мил­лиард текше метр тұщы су қоры бар екен. Оның 101 миллиард текше метрі – табиғи өзендер. Қазір көбінің қайнары қайраңы­нан алшақтай бастаған. Себебі біздегі өзендердің 19 пайызы – Қытайдан, қалғаны Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан елдерінен бастау алып келеді. Қысқасы, тұщы суымыздың 45 пайызын көрші елдердің өзендері қамтамасыз етіп тұр. Сондықтан ортамыздан 23 трансшекаралық өзен өтетін Қытай елі кейінгі кезде Ертісті өздеріне бұрып алып, Ілені бөгеп тастап, Қазақстандағы су мәселесін күр­де­лендіре түсті. Бір­неше мемлекеттен өтетін ірі өзен­дердің бастауы Қытай территория­сында жатқандықтан, олар осы­лай­ша сол артықшылығын тиімді пайдаланып отыр. Мысалы, олар 635-құрылысын салған Ертіс суы азайып, бізге Қарағанды, Теміртау, Семей, Павлодар, Екі­бастұз өңір­лерінің ауыл шаруа­шылығын сумен қамтамасыз ету қиындай түседі. Ел аумағында ірілі-ұсақты 85 022 өзеніміз бар. Оның жетеуі – Ертіс, Тобыл, Есіл, Жайық, Сыр­дария, Іле, Шудың жалпы ұзындығы мың шақырымнан асады. Өзен­дердің басым көпшілігі Каспий, Арал теңіздерінің, Бал­қаш, Алакөл және Теңіз көлдерінің тұйық алап­тарына жатады. Сон­дықтан аса те­рең емес. Шетінен тартыла бастаған. Атап айтқанда, әдетте Тобыл өзенінің су қорын көрші Ресейден тол­тырып ала­тынбыз. Өкінішке қа­рай, жазғы құр­ғақшылық салдары­нан был­тыр­дан бері Челябі, Орын­бор облыстары іргесіндегі трансше­ка­­ралық өзендер де арнасына тол­май жатыр. Сол себепті Ресей Қа­зақ­­станға мол көлемде су жібер­мей­тін болды. Қазір Қостанай облы­сын­дағы Жоғарғы Тобыл, Қаратомар су қоймалары жартылай бос. Сондай-ақ Жайық өзені де жойылуға шақ тұр. Мамандар Қа­зақстанның батысындағы екі об­лысты басып өтетін, көлемі жағы­нан Еуропадағы үшінші ірі өзен сана­латын оның тартылуын эколо­гия­лық апат деп есептейді. Мысалы, 2019 жылы Орал қаласының сусыз қалуына сол Жайықтағы су дең­гейінің аздығы себеп болған. Өзен­нің сарқыла бастағаны соншалық, оның бетіне қалаға су тартатын сорғылар сорайып шығып қалған. Ресейлік академик Александр Чибилев Жайық алабында мұнай өндіруді су және әуекеңістігін ластап отырған негізгі фактор деп отыр. Оның айтуынша, Ресей мен Қа­зақстан көмірсутек өндірудің ес­кірген технологиясымен жұмыс істейтіндіктен, экологиялық апат қаупі жоғары. Жайыққа көрші Ойыл өзенінің де жағдайы мәз емес. Бұрын Қазақстандағы ұзын өзендердің ондығына енген оның көп бөлігі батпаққа айналған. Сондықтан Ойыл ауданының тұрғындары өзен мүлдем жойылып кетсе, оның жа­ғасындағы ондаған ауылдан да түк қалмайтынын айтып, дабыл қағуда. Бағамдап көрсек, Ойыл Ақтөбе облысы маңындағы суы тартылып жатқан жалғыз өзен емес екен. Жергілікті экологтер өңірдегі бар­лық су қоймасы тартылып жатқанын билікке бірнеше жылдан бері ес­кертіп келеді. Бірақ бұл мәселеге мән берген ешкімді байқамапты. Дерекке сүйенсек, қазір Қа­зақстанда 335 су қоймасы тіркеліпті. Олардың ішіндегі ірілері Бұқтырма, Іле, Шардара, Тобыл және Есіл өзендеріне салынған. Сондай-ақ еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде су ресурстарын пай­далану тиімділігін арттыру мақ­сатында 22 жаңа су қоймасын салу жоспарланған. Алайда іргедегі қолдан жиған судың ел қауіпсіздігіне қатер төндіретінін Өзбекстанның Сардоба су қоймасы тоспасының ағытылып кеткенінен-ақ түсінуге болады.

Каспий көлшікке, Балқаш балшыққа айналса...

2006 жылдан бастап Каспий теңі­зінің де су деңгейі төмендеп, жыл сайын табаны құмға, жиегі қайраңға айналып бара жатыр. Бұл туралы ECOJER халықаралық кон­гресінде басқа емес, Экология, гео­логия және табиғи ресурстар ми­нистрі Мағзұм Мырзағалиевтің өзі мәлімдеді. Оның айтуынша, былтыр теңіз деңгейі 1 метрден ас­там төмендеп, Балтық жүйесі бойынша минус 28,23 метрге жетіп қалған. Сөйтіп Каспийдің қазақ­стандық секторындағы жағалау 22 мың шаршы метрге қысқарған. Оның себебін экологтер Ресейден келетін судың азаюымен байла­­­ныстырады. Өйткені Каспийге 140 өзен құяды десек, шынымен де олар­дың бастысы – Еділ мен Жа­йық. Қазір ол екеуінің де су деңгейі тө­мен. Ал Тәжірибешіл экологтер кауымдастығының төрайымы Лаура Маликова: «Кас­пий теңізіндегі су мөлшері Жайық өзеніне тікелей байланысты. Әсіресе, Қазақстан аумағындағы бөлігі. Сондықтан Кас­пий теңізін қайта толтыру, тар­тылуын тоқтату үшін бірінші ке­зекте Ресеймен келіссөз жүргізу керек», – дейді. Еске сала кетсек, Қазақстан өзен­дерінің жылдық жалпы су қоры – 105,3 миллиард м3. Оның 46 пайызы іргелес республикалар жерінде ағып жатыр. Сондықтан теңіздің тартыл­­­мауы екі ел арасындағы келіссөз­­дерге әрі суды үнемді пайдалануға бағытталған шараларға байланысты болмақ. өзен Сол сияқты Қызылорда облы­сындағы Кіші Арал теңізімен қатар  көлдер жүйесі және егін алқап­та­рына нәр беретін Сырдарияның деңгейі де сол трансшекаралық мә­­­се­­лелерге тікелей байланысты бо­лып тұр. Ондағы Аманөткел ауы­­лына қарасты Лайкөл, Сарыкөл, Қамыс­тыбас көлдерінің суы жаға­дан 500 метрге дейін алшақтап, жиегі сор, балшыққа айналған. Ал Қам­баш су айдыны болса, жағалау­дан 200-250 метр қашық­тықта жатыр. Көлдердің жағдайы сондай бол­ғандықтан, алдағы 5-6 жылда Арал теңізі де кеме қайырлап қалатын деңгейге жетуі ықтимал. Себебі қа­зір Кіші Арал теңізіндегі 22 мил­лиард текше метр су алдыңғы жыл­дардағысынан 5 миллиард текше метрге аз екен. Сондықтан Сырда­рия өзеніне тағы бір тоспа салынуы мүмкін. Облыс әкімдігінің мәліме­тінше, оны жүзеге асырудың өзіне 3-4 жыл уақыт кетеді. Оған дейін теңіз құрғап қалмауы үшін оны насос арқылы сақтап қалу көздел­ген. Алайда эколог Сайлаубай Жұба­тыров 18 мың гектар аумақты су сорғы құрылғыларымен қарық қыла алмаймыз деген пікірде. Өйт­ке­­­ні теңізге Сырдария өзені арқылы кемінде жылына 2 миллиард текше метр су түсуі қажет екен. Осы орайда, жергілікті тұр­ғындары «Ақ теңіз» атаған Балқаш көлі де жыл сайын азайып бара жатыр. Оған негізгі өзендер – Іле, Ақсу, Көксу, Тентек және толып жатқан жерасты сулары батыс жағы­нан құйса, оңтүстік-шығы­сы­нан Лепсі мен Аягөз өзендері қо­сылып жатыр. Бірақ бізге Бал­қаш­қа құятын Іле өзенін пайдалану үшін де сол баяғы Қытай көршімен келіс­сөздер жасасуға тура келіп тұр. Ал ғалымдар ол жұмыстың тым баяу жүр­гізіліп жатқанына наразы. Өйт­ке­ні 18 мың шаршы шақырымды  алып жатқан Балқаштың су кө­лемі – 100 текше шақырым. Ал сырттан келетін судың 80 пайызы Іле өзенінің еншісінде. Алайда оның бойына қытайлар 40 су қой­масын салып, суармалы егістік алқаптарын 500 мың гектарға ұл­­ғайтқан. Сөйтіп, Балқашқа құятын су деңгейін азайтып отыр. «Егер Іледен келетін су азая берсе, Шал­қар шығанағын құрбандыққа ша­луға тура келеді. Ол жаққа су бар­мас үшін дамба салу керек. Сонда Балқашты тұтас сақтап қалу­ға бо­лады. Бірақ бұл да уақытша амал. Егер сырттан су лайықты мөлшерде келмесе, көл деңгейі азая береді», – дейді «Балық шаруашылығы» ҒЗИ Балқаш қалалық филиалының аға ғылыми қызметкері Вячеслав Цой.

Күріш жемесек, Сыр тереңдей ме?

Сонымен, мұхиттан алыс, Еу­разия құрлығының кіндігінде орна­ласқан Қазақстанның жері кең болғанмен, суы тапшы елдердің бірі екені белгілі болып қалды. Сон­дықтан бұл мәселе біз үшін аса өз­ек­ті тақырып. Енді тиісті министр­ліктер Президенттің 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 мил­­лион гектарға дейін жеткізу жө­ніндегі тапсырмасын орындауға кірісіп кеткен. Ол үшін суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін азайту, сондай-ақ тиімділігі жоғары дақылдардың (көкөніс-бақша, жем-шөп, майлы дақылдар) алқаптарын ұлғайту арқылы егіс алқаптарын әр­тараптандыру жұмыстарын жүр­гізіп жатыр. Бір анығы, елімізде егіске берілетін судың 28 пайызын күріш алқабы қамтыған. Енді 2030 жылға дейін Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстарындағы күріш алқаптарын 29 мың гектарға азайтып, сол арқылы жыл сайын 1 текше шақырым суды үнемдеу көзделіп отыр. Мысалы, бүгінде күріш егісінің жалпы ауданы – 104 мың гектар. Осы алқаптарды суа­руға жыл сайын 3,8 км3 су жұмса­­лады екен. «Ауыл шаруашылығы үшін ағымдағы қажеттілік 15 км3 болса, 2030 жылы оның үстіне тағы 11,7 км3 су керек болады. Мұндай көлем біздің өзендердің суару қабі­леттілігінен асып түседі. Ал біздің өзендердің егістіктерді сумен қамта­масыз ету мүмкіндігі 19,8 текше ша­қырымнан аспайды. Осыған байланысты, келешекте 3 миллион гек­тарды сумен қамтамасыз ету үшін күріш егісін қысқарту қа­жет», – дейді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-ми­нистрі Серік Қожаниязов. Сол сияқты ылғалды көп қажет ететін дақылдардың бірі – мақта алқаптарын да азайта бастадық. Биыл күріш алқабы 8,1 мың гектарға қысқарса, мақтанікін бірден 18 мың гектарға шолтаң еткізіппіз. Мақта­ны қайдам, әйтеуір былтыр елімізде 199,4 мың тонна күріш өндіріліпті. Ал 2015 жылдан бері күрішті өндіру мен қайта өңдеу саласында жалпы құны 2,3 миллиард теңге болатын 8 инвестициялық жоба іске асқан. Енді міне, су тапшылығын азайту желеуімен жалпы күріш алқабын 95,6 мың гектарға дейін азайтып тын­дық. Күріш жеуді азайтсақ, Сыр­дария мен Іле өзендерінен су алу балансы үнемделетін көрінеді. Қай­дам, көршілермен трансше­каралық өзендерді өзара бөлісуді келіспесек, мына шешім қысқа көрпені басқа тартып, табаны жалтырап жатқан әпендінің сиқы сияқты екен.

Еркеғали БЕЙСЕН