Елорданың тап іргесіндегі Целиноград ауданының бірнеше ауылы Маминнің тапсырмасына неге мән берілмеді?
Ал бүгінде бұл тапсырманы орындау мерзімі осы жылдың 30 тамызына дейін ұзартылыпты. Ал Целиноград ауданының әкімдігі тапсырмаға сәйкес Талапкер ауылында бірқатар жұмыс жүргізілгенін, бірақ электр желілерін Ақмола электржелілік үлестіру компаниясына берудің әлі шешім таппағанын алға тартты. «Целиноград ауданы әкімдігі әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде жұмыс кестесін жасап, Талапкер ауылындағы электр жабдықтарын қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір 49 қосалқы электр стансаларының 12-сі Ақмола электржелілік үлестіру компаниясына өткізіліп, 520 абонентпен келісімшарт жасалды. 5 қосалқы станса қалпына келтірілгенімен электр қосылмаған. 32 стансаны белгіленген уақытқа дейін қалпына келтіру жоспарланған. Оның ішінде 10 станса қайта қалпына келтіріліп кернеу беріледі, ал 22 станса қайта жабдықталып Ақмола электржелілік үлестіру компаниясына берілмек», – дейді Целиноград ауданы әкімдігіндегілер. Алайда Ақмола электржелілері үлестіру компаниясының сенімді басқаруына беру басы ашық күйінде қалған. Өйткені электр желілері Целиноград ауданы әкімдігінің теңгерімінде болғандықтан жарықты үлестіру компаниясы бекітілген тарифпен электр желілеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеуден мүлдем бас тартқан. Яғни, қызмет көрсету үшін жекеменшік компания әкімдіктен электр энергиясына тарифтің көтерілуін талап еткен. Мәселені Целиноград ауданы әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Валерий Асамбаевтан анықтап көрдік.20 миллиард теңгенің электр желілері күтімсіз тұр
«Мәселе тек Талапкер ауылында ғана емес. Қараөткел, Қоянды, Қызылсуат, Қосшы ауылдарында да дәл осындай жағдай. Мәселе аудан және облыс деңгейінде шешілмейді. Ол үшін бірнеше министрліктер тарапынан заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі тиіс. Бірнеше мәрте осы жай бойынша жиындар өткенімен Парламент және министрліктер тарапынан мәселе шешілмей келеді. Электр желілерінде апаттар жиі болады. Өйткені Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы қызмет көрсетпейді. Бірақ шығындарды төлеуге әкімдікке шоттарды береді. Алайда жөндеу жұмыстарын жүргізуге әкімдікте арнайы қаражат қарастырылмаған. Ал электр энергиясы үшін төленген ақша соларға түсіп жатыр. Ал электр желілері әкімдіктің қарауында тұр. Бұл мәселе жылда көтеріледі. Бірақ, 20 миллиард теңгенің электр желілері күтімсіз тұр. Он мыңдаған абоненттің жарығы жиі өшеді», – дейді Валерий Асамбаев. Мәселені «Nur Otan» партиясының Ақмола облысы филиалы бірнеше мәрте жоғары деңгейде көтерген. Бірақ күні бүгінге дейін заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілмей, министрліктердің тарапынан нақты жауап берілмеген. «Біз аталған мәселені шешу үшін Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулинге осы жылдың ақпан айында хат жаздық. Онда Парламент Төрағасынан «Табиғи монополиялар туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдар мен «Салық және бюджетке түсетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарастыруға ықпал етуін өтіндік. Парламент Мәжілісінен хаттардың Энергетика және Ұлттық экономика министрлігіне жолданғаны туралы жауап келді. Бірақ күні бүгінге дейін жоғарыдағы министрліктерден еш жауап жоқ. Филиал төрағасының орынбасары бұдан кейін де Ұлттық экономика министрлігі мен Энергетика министрлігіне хат жазды. Бірақ министрліктер қимылдамай отыр. Министрліктер Парламент Мәжілісінің де, біздің «Nur Otan» партиясы филиалынан жолданған хатқа әлі жауап түскен жоқ», – дейді «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалынан.Бірі жауапты 23 маусымға дейін береді, тағы бірі департаментке сілтеді
Біз де тиісті министрліктерден аталған заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесінің жайы қандай деңгейде екенін сұрап білмекке бекіндік. Хаттың шығыс және кіріс нөмірлері мен министрліктегі орындаушылардың байланыстарын білген соң сұрағымызды тікелей қойдық. Бірақ тұшымды жауап алу мүмкін болмады. «Бізге хат 9 маусым күні түсті. Ресми түрде 23 маусымға дейін жауап береміз», – деді Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінен. Ал Ұлттық экономика министрлігі таяқтың ұшын Ақмола облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментіне сілтеді. Сөйтіп, министрлікке заң жобаларын өзгертуге қатысты жолдаған партия хатына жауапты облыстық департамент басшылығынан іздедік. «Бұл мәселе былтырдан бері көтеріліп жатыр. Бюджеттің ақшасымен салынған электр желілерін әкімдік жекеменшік компанияға бере алмайды. Ал «АРЭК» тарифтің көтерілгенін сұрайды. Аталған мәселе бойынша заңға әлі өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жоқ. Дегенмен жақында заңнан шығатын нормативтік ережеге өзгеріс енгізіліп, онда әкімдік энергия үлестіруші компанияға электр желілерін беруге болатындай жағдай жасалды. Бірақ онда электр энергиясының тарифін көтеру қажет болады. Ақмола электржелілік үлестіру компаниясына 2016-2020 жылға бекітілген тарифі біткен. Компания 2021-2025 жылдарға тарифті бекітуге өтініммен шықты. Соған сәйкес биылға электр өндіруші компаниядан шығатын тариф 5,8 теңге, ал электр энергиясын ірі мөлшерде сатып алып, кейін халыққа тарату қызметін атқаратын «АРЭК Энергсбыт» компаниясына орташа 22,323 теңге, оның ішінде тұрғындарға 16,808 теңге, заңды тұлғаларға 28,744 теңге, ал әлеуметтік маңызы бар нысандарға 22,32 теңге көлемінде болады деп бекітілді», – дейді Ақмола облысы Табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының міндетін атқарушы Азамат Сабыржан.P.S.
Сонымен, «Nur Otan» партиясы көтерген электр энергиясы мәселесі әлі де басы ашық күйінде қалған. Парламент және тиісті министрліктер тарапынан заңға өзгерістер мен толықтырулар қашан енгізілетіні белгісіз. Ал он мыңдаған тұрғын мәселе түбегейлі шешілгенше тозығы жеткен электр желілерін пайдалана тұрады. Демек, бірде электр жарығы болады, бірде болмайды. Басқа амал жоқ. Ал электр энергиясының бағасы бөлек әңгіме.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы