Осыдан бір жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы Құндылықтардың құлдырауы ертеңгі күнге қазылған ормен тең
Академик Төрегелді Шарманов «Құндылықтар құлдырауы» туралы: «Бүгінгі заманымыздың белгісіне айналған қынжылысты көріністердің шығу себебі құндылықтардың құлдырауы болса керек. «Еңбек түбі – зейнет», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халқымыздың дана сөздерін өскелең ұрпақтың құлағы қазір шала бермейді, жас ұрпаққа осындай тағылым беретін үлкендер саны да азайып бара жатқандай. Бір сөзбен айтқанда, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» ғана жүретін, мамандығының қыр-сырына үңіліп, үйренуге тырыспайтын, саяз ойлы, тоғышар ұрпақ тәрбиелеп жатқандаймыз. Құндылықтардың бүгінгі құлдырауы ертеңгі күнге қазылған ормен тең» деген еді. Жемқорлық – жегі құрт. Жемқорлықтың мәдениет саласынан да айналып өтпеуі – құндылықтардың құлдырауын көрсетпей ме? Өнер адамдарының көбі көпшілікке гуманизмді насихаттайды. Әрине, көпке күйе жағуға болмас. Алайда «бір құмалақ бір қарын майды шірітетіні» анық қой.Өнерге керегі – тазалық
Бүгінгі қоғамның дерті неде? Ешқайсысы озық білім, жоғары мәдениет, үлгілі еңбек тұрғысынан өзара бәсекелестікке түскісі келмейді. Керісінше, жылдам баюды ойлайды, той-томалақ жасап жарысады. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дейтін нақыл сөз кезінде ащы мысқылмен айтылса да, қазір нарық заманы адамының ой-өресіне тура келетіндей. Бәрі де «тазы болып шалғысы» келіп тұрады. Жалпы, кез келген саладағы жемқорлық – қауіпті дерт. Ал мәдениет саласында жемқорлыққа бару – тіптен қауіпті. Шармановша айтқанда, біз құндылықтарды құлдырату арқылы ертеңгі күнге ор қазып жатқандаймыз... «Өнерліге – өріс кең» деген сөз бар еді. Өнер саласында ең алдымен керегі – тазалық. Ар тазалығы мен жан тазалығына үндейтін, әлемдік әдебиеттің жауһарлары арқылы адами құндылықтарды сақтауға шақыратын өнер ордасы қай жағынан да үлгі болуы тиіс. Өкінішке қарай, өнер шаңырағы басшыларының жемқорлыққа шатылғаны, Чехов тілімен айтсақ, «сахнада ілулі тұрған мылтықтың атылғаны» іспеттес.Айым БЕКТҰР