Абай ұстаған жәдігерлер – көрмеде
Абай ұстаған жәдігерлер – көрмеде
250
оқылды
Астанада Мәдениет және спорт министрлігінің Қол­жазбалар және сирек кітап­тар ұлттық орталығы мен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің бірлесіп ұйым­дастыруымен «Абай музейі және қолжазбалар әлемі» атты көрменің тұсаукесері өтті. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы Жарлы­ғына сәйкес және «Абай және XXI ға­сырдағы Қазақстан» атты мақаласының аясында Қолжазбалар және сирек кітап­тар ұлттық орталығында бірнеше бағытта іс-шаралар атқарылуда. Ұлттық ор­талық қорының сирек басылымдар қа­тарында ұлы ақын Абай Құнанбай­ұлының баспадан шыққан еңбектерін көруге болады және ай сайын «Ұлы даланың Ұлы ақыны» тақырыбында студенттер мен мектеп оқушыларына арналған дәрістер өткізілуде, –деді көрменің ашылу салтанатында сөз алған Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры міндетін атқарушы Нұрлан Ережепов. Мейрамгүл Қайранбаева Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының орынбасары:

– Көрмеге музейіміздегі Абай атамыз қолданған заттар, қымыз піс­пек, ағаш құты, шыныаяққап, көнек, теген, ожау және торсықты көрер­мен назарына ұсынып отырмыз. Негізінде, Абай Құнанбайұлы 1885 жылы өлкетану музейіне алпыстан астам зат тапсырған. Сонымен қатар еліміздің басқа қа­лаларында да көрмелер ұйым­дас­тырамыз. Елордада бастау алған көрме Павлодар қаласында жалғасын табады, – деді.

Аталмыш іс-шараға қоғам қай­раткерлері, республикамызға, алыс-жақын шетелдерге танымал абай­танушы ғалымдар, кітапхана, архив, музей басшылары, ЕҰУ ға­лым­дары мен докторанттары, магистранттары, студенттері, мектеп оқушылары мен қала қонақтары қатысты. Сонымен қатар көрмеде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі қорындағы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығар­машылығына қатысты тарихи құ­жаттар мен архивтік деректер, құнды қолжазбалар, өмір сүрген кезеңі мен оған қатысты тарихи тұлғалар ту­ралы, Абайдың ақындық өнері және Семей қаласындағы 80 жылдық та­рихы бар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мем­лекеттік қорық-музейінің тарихын бейнелейтін деректер мен экспонаттар қойылды. Айта кету керек, көрме 7 ақпанға дейін жалғасады. Өз көзіңізбен көріп, қызықтағыңыз келсе Нұр-Сұлтан қаласы, Нұржол, 12 мекенжайында орналасқан Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының көрме және оқу залына асығыңыз.   Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ