Электробустар: заманауи технологиялар – Алматы көшесінде
Электробустар: заманауи технологиялар – Алматы көшесінде
195
оқылды

Дамыған және озық дамушы елдерде электробустар жыл өткен сайын кең таралуда. Қазақстан әлемдік үрдіс-трендтен қалыспады. Көлік саласындағы осы жаңа технологиялар өңірімізде алғашқылардың қатарында еліміздің ең ірі мегаполисіне келді.

Айта кету керек, электрмен жүретін автобустардың тарихы терең: тұңғыш модельдері 1900 жылы Парижде пайда болған. Содан 1917 жылға дейін бүкіл Францияға және іргедегі Англияға тарайды. Алайда ізінше пайдаланудан алып тасталған. Өндірісі де доғарылды. Бұған осы техниканы жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектердің жетіспеуі ықпал етіпті. Оның үстіне қоғам тарапынан қарсылық туған: ол кезде электр қуаты тапшы еді. Ал Қазіргі кезде дүниежүзінде электробус жасау және пайдалану жөнінен көрші Қытай жетекші орында келеді: онда бір жыл ішінде жаңадан шамамен 170 мың электрлі автобус жолға қойылады. Ал Еуропада бұл көрсеткіш 10 мыңға әзер жетеді. Өз кезегінде АҚШ осы көліктердің жүру ұзақтығы бойынша рекорд орнатты: 2017 жылы Catalyst E2 Max автобусы аккумуляторларын қосымша қуаттандырусыз-ақ 74 сағат, 1 100,1 миль (1 772 шақырым) бойы қозғалып, әлемдік рекорд жасады. Дамыған елдер экологияға зиянды отынмен жұмыс істейтін қоғамдық көлікті замануи электробустармен қарқынды алмастыруда. Bloomberg болжамынша, 2025 жылы әлемдегі барлық автобустың тең жартысы – 50%-ы электрлі тартымға көшеді. Лос-Анджелес билігі 2030 жылға қарай қоғамдық көлікті толығымен электрлендіруге шешім қабылдады. Электробус Ресейде бұл істе Мәскеу көшбасшы: былтыр 500-ші электрлі автобус жолға шықты. Одан қалды, көліктің осы түрін Санкт-Петербор, Новосібір, Ижевск, Тула, Челябі секілді көптеген қаласында көруге болады. Жаһандық даму көшінен қазақ елі қалмауға күш салуда. 2016 жылғы қазанда Алматы әкімдігі қазақстандық Falcon EurаBus және Daimler AG жаһандық автоконцернімен бірге меморандумға қол қойды. Жалпы, бұл бастама Алматының сол кездегі әкімі Бауыржан Байбектің қолдауымен қолға алынғаны мәлім. Ол осылайша, тұрғындардың мобильділігін, қозғалу мүмкіндігін арттыру, көлік саласына жаңа технологияларды енгізу арқылы ірі мегаполистегі басты мәселелердің бірін шешіп қана қоймай, сондай-ақ алматылықтар мен қонақтардың өмір сапасын арттыруға жағдай жасады. Алматы экологиясының нашарлауы мегаполистің көлік инфрақұрылымын қайтадан қарауды талап етті. Электробустардың экологияға зияны нөлге пара пар болғандықтан бұл қаланың басты мәселесінің шешімі де осы саланы дамытуда жатқаны белгілі болды. Электробус Содан Алатау баурайындағы ірі шаһарымыздың Әуезов ауданында Falcon Eurobus маркалы үшінші буындағы электробустар құрастыратын жаңа зауыт құрылысы қолға алынды. Кәсіпорынның өзі 700 шаршы метрді алып жатыр. 7 гектар аумақта, сондай-ақ, әкімшілік ғимараттар, құрастыру және бояу цехы, қосалқы бөлшектер сақталатын қоймалар, жөндеу аймағы, қуаттандыру стансасы, жүргізушілерге арналған оқу орталығы, автобустарға арналған жабық аялдама қарастырылды. Бұл жоба, ең алдымен, экологияға деген қамқорлықтан туған болатын. Мамандар электробустың өзге көлік түрлеріне қарағанда біраз артықшылығы барын айтады. Біріншіден, барлық қалада жолға үстемдік еткен автобустардың да, автомобильдердің де қозғалтқыштары отын сапасына қатты тәуелді. Елімізде жанар-жағармай құю стансалары төмен сапалы бензинді жоғары сапалысымен араластырып, көзбояушылық жасайтыны жасырын емес. Салдарынан, су жаңа көліктердің өзі қала көшелерінде қара түтінді будақтатып жүреді. Ал электр тогымен жүретін көлікте мұндай проблема жоқ көрінеді. Электробустар үшін арнайы подстанса орнатудың қажеті шамалы, олар электр желісінен тікелей қуаттана алады. Осының арқасында дәстүрлі автобустарға қарағанда эксплуатациялық шығындары төмен. Қолайлы жағдайларда бір рет қуаттандыру шамамен 300-350 шақырымға немесе 6 сағатқа дейін жететіні мәлімделді. Іші жайлы, әрі кондиционерлермен, бейнебақылау жүйесімен, пандустармен жабдықталған электробустарды қалалықтар да, шаһар қонақтары да ұнатқаны жасырын емес. Электробус Екіншіден, электробустар механикалық тежегіштерді қолданбайды, қозғалысы әлдеқайда қауіпсіз. Автобустар, жеңіл және жүк көліктері секілді ауаға қаптатып зиянды заттар шашпайды. Үшіншіден, оның электр қозғалтқыштары анағұрлым шусыз жұмыс істейді. Осы арқылы қаланың «шумен ластануына» соқтырмайды. Төртіншіден, мұндай автобустардың еденін теп-тегіс етуге мүмкіндік мол: себебі, электробустарда дәстүрлі қозғалтқыш пен пайдаланылған газды шығару жүйесі жоқ. Әйтпесе, қоғамдық көліктің кедір-бұдыр едені асыққан жолаушылардың шалынып құлауына соқтырып жатады. Бесіншіден, болашақта бұл машиналар электр желісіне көп тәуелді болмай, күн қуатымен-ақ қуаттанып, жүре береді деп болжануда. Демек, электробустарды – болашақтың көлігі десек, келеді. Алматыдағы зауыт құрылысына Eurаbus 2018 жылы 7 млрд теңге инвестиция салғанын мәлім етті. Тағы 4 млрд теңге қаражатын автобус паркіне жұмсаған. Нәтижесінде, қалада 200-ден астам жұмыс орны құрылыпты. Алматыдағы кәсіпорын әзірге 25 электроавтобус жинап үлгерді. 2021 жыл соңына дейін тағы 250-ін шығармақ ниетте. Falcon EurаBus өндірген автобустар мегаполисте 3 миллионнан аса жолаушыны тасымалдаған. Инвесторлар елімізде құрастырылған электробустарды Еуразиялық одақ және Еуропа елдеріне экспорттауға ниетті. Өйткені осы бағытта сұраныс өсуде. Егер бұл жоспары іске асса, отандық экономиканы өркендететін жаңа өсім нүктесіне айналмақ. Қазіргі кезде кәсіпорын экологиялық автобустарды бірінші кезекте қазақстандық қалаларға лизингпен жеткізуге күш салмақ. Электробус Қалай болғанда, Алматыдағы аталған кәсіпорын елге, әсіресе, экология мен қоғамдық көлік секілді маңызды салаларға инвесторлар тарту міндетін орындауға өз үлесін қосты. Неміс технологиясы бойынша электрлі қоғамдық көлік өндірісін өзінде ашуға бірнеше ел таласқан: бастапқыда, инвесторлар Қазақстан, Ресей, Әзербайжан және Өзбекстан арасында таңдаған екен. ТМД елдерін зерделей келе, компания еліміздегі саяси тұрақтылықты, қолайлы инвестициялық климатта оң бағалапты. Қазақстан, Германия, Гонконг инвесторларының бірлескен зауыты саналатын Falcon EuroBus жасаған 3-ші буындағы «made in Almaty» электробустары 2019 жылдан бері қалалықтарға адал қызмет етуде.

Ерік Ерденов