Байден – Путин саммитінің тосын сыры
Байден – Путин саммитінің тосын сыры
191
оқылды

АҚШ лидері Джо Байден мен Ресей басшысы В.Путиннің Женевадағы кездесуін жаһандық ақпарат құралдары мен сарапшылар түрліше бағалауда. Пессимистік бағалауға сен­сек, Женева саммиті Батыс пен Ресей қарым-қатынасын жақ­сарту ісінде ізгі бетбұрысқа айналмады, оның қоры­тындысында бірде-бір келісімге қол қойылмады. Президенттер Стра­тегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме жа­рия­лаумен шектелді. Ал «пропагандистік» бағалауға жүгінсек, бұл жүздесу сөзсіз, Путиннің жеңісіне айналды. Біз болсақ, сам­миттің ешкім күтпеген, көңілден тыс қалған қырларына үңілуге тырыстық.

16 маусымда Швейцарияның Женевасындағы La Grange вил­ласында өткен Джозеф Байден мен Владимир Путиннің кездесуіне сарапшылар үлкен қызығу­шы­лықпен көз тікті, құлақ түрді. Әрине, 1985 жылғы АҚШ-КСРО арасындағы женевалық жүздесу де еш келісімсіз аяқталған. Әйт­­кенмен, содан кейін Ресей Батысқа бет бұрды, елде демократиялық жаңғырулар басталды.

Алайда кейбір шетелдік сарап­шы бұл жолғы саммит жемісті болмағанын айтады. Президенттер қызығушылық танытқан әр тақы­рыпты сөз еткен, бірақ, басты мә­селелер бойынша ортақ тоқтамға келмеген, әрқайсысы өз ұста­ны­мында қалған. Ресей президенті төл саяси жүйесі мен ұстанымын халықаралық қатынастарға кі­рік­тіруге ары қарай талаптана бе­ретін сыңай білдірді. Джо Байден бірлескен баспасөз конфе­рен­циясын өткізуден алдын ала бас тартты. 

В.Путин Кремльдің журна­листер пулымен кездесуінде Бай­деннің өз анасын қатты сый­лай­тынын және келіссөздер кезінде үне­мі оның сөздеріне сілтеме жасап отырғанын баяндады. Саясат­та­нушылардың байла­мынша, ортақ саяси тұғырлар та­былмағанда биік лауазымды тұлғалар да қарапайым адамдар деңгейіндегі тақырыптарға иек артуға мәжбүр болады. Бұл Батыс пен Кеңес Одағы басшы­­ларының ауа райын әңгіме еткенін еске түсіреді.

Бұл саммиттің екі оңды қо­рытындысы болды: біріншіден, кездесу қырқыссыз, конструктивті аяқталғандықтан, саммит қар­саңында шамалы құлдыраған жа­һандық биржалар қайта қалпына келіп, өсуін жалғастырды. Тиі­сінше, Ресей рублі (оның ізімен тең­ге) бағамы күрт құнсызданбады, тұрақтылығын сақтап қалды. Екіншіден, қос президент атынан та­ратылған бірлескен мәлімдемеде олардың ядролық соғысқа жол бермейтіні айтылған: «Ресей мен АҚШ алмағайып кезеңдерде де ядролық соғыс және қарулы қақ­тығыс қатерлерін төмендету, стра­тегиялық салада болжам­ды­лықты қамтамасыз ету бойынша бірлескен мақсаттарды жүзеге асыруға қа­білетті. Таяуда «Стратегиялық шабуыл қару-жарақтарын қыс­қарту мен шектеу шаралары туралы шарттың» ұзартылуы – ядролық қаруларды бақылауды жақ­тай­тынымыздың кепілі» делінген шағын ғана құжатта.

Мәскеу ұпайларын  түгендеді ме?

Тұтастай алғанда, В.Путин жүздесу «жаулық көзқарассыз, кон­структивті өтті» деп бағалады. Ал Байден саммиттің нәтижелерін түйсіну, оның неге әкелгенін білу үшін бірнеше ай күте тұруды ұсынды.
Оны күтіп жатпаған ресейлік БАҚ «бұл – Путиннің жеңісі» деген біржақты пікірді қарша бо­ратуда. Бір қарағанда, негізсіз емес секілді. Біріншіден, билік тран­зитінен бас тартып, Консти­ту­цияға өзгеріс ен­гізіп, жаңа прези­денттік мерзім­дерге бет алғаны үшін қатты сынға ұшыраған Вла­ди­мир Путин батыс­тық белді саясаткерлер қол алыс­пайтын тұл­ға­ға айналып кеткендей болған. Ал осы кездесу арқылы АҚШ оның билігін мойын­дай­ты­нын білдіріп, халықаралық дең­гейде легитимді етті.

Екіншіден, кездесу кезінде АҚШ көшбасшысы киберша­буылдарға жол берілмейтін 16 стра­тегиялық саланың атауы жа­зылған тізімді ресейлік әріптесіне ұсы­ныпты. Яғни, бұл объектілерге ФСБ қолдайтын орыс хакерлері шабуыл жасамауы керек, жасаса, ол аттап басуға болмайтын «қызыл сызықты» бұзу болып есептеледі. «Қоқан-лоққы жасаған жоқпын, тек оларға кибершабуылды амери­калық егемендікті бұзу деп танып, тиісті үн қататынымызды айт­тым», – деді Байден. 

Үшіншіден, АҚШ президенті кездесу кезінде адам құқығын, сөз бостандығын сақтау, оппозицияны қудаламау, Украинаға доқ көр­сетпеу секілді мәселелерді көт­­ер­генін жет­­кізді. Алайда Мәс­кеу Украи­наға, төл оп­позициясы мен тәуелсіз ақпарат құралдарына, тіпті Лука­шенконы қолдауға қа­тысты ұста­нымы өзгермейтінін, Ресейдің сая­­сатына Батыс қол сұға алмай­тынын нықтаған көрінеді. Басқаша айтқанда, енді Кремль үшін Ақ үй авторитет еместей. Аме­риканың мақтауына Ресей иіп сала бермейді, ұлттық мүдделерін қатаң әрі та­банды ілгерілетеді.

АҚШ Ресей алдында тізе бүккені ме?

Егер бұл саммит қалпымен Мәс­кеуге дивидендтер мен артық­шылықтар әкелсе, оның Ақ үйге не керегі болды? Америкадай ал­пауыт­­тың жаңа лидері жұрт кө­зінше Путинмен қол алыспай-ақ, бар ойын телефонмен тілдесуде айта салмай ма? Осыған орай, ресейлік танымал саясаттанушы, құқықтанушы, саясаткер Максим Шевченконың пікіріне құлақ сал­дық.

«Сіздер үнемі ресейлік ақпарат айдынының «сорпасында» қайнай­сыздар да, әрідегіні байқа­май­сыздар, мәселенің мәнісін, түп-төркінін бажайлап біле бермей­сіздер. Ресейлік идеологтерге сен­сеңіз, бұл кездесу – В.Путиннің саяси, дипломатиялық үлкен жеңі­сі. Ал шынында, қазіргі Мәскеу Батыс үшін тең қарсылас емес. Америка үшін Путин – прагматик, қолайлы әрі түсінікті тұлға. Батыс Ресейде ешқандай демократиялық өзгерістерге қол жеткізуді қалап отырған жоқ. Әйтпесе, біздің бас­шылықтың балалары да, байлығы да шетелде тығулы. Батыс сол ба­ғытта қыспаққа алса, бәрі бітер еді. Байден – Путин кездесуінен айқын ұғынғанымыз: Ақ үй Кремль үшін «қызыл сызықтарды» белгіледі, Мәскеу содан әріге құ­лаш ұрмауы тиіс. Сонда Батыс Ресейдің еге­мендігіне де, еш­теңе­сіне де тиіс­пейді», – деді сая­саттанушы.

Оның пайымдауынша, әлем­дік революция жасауға КСРО-мен са­лыс­тырғанда, АҚШ үшін бүгінгі Ресей – терезесі тең бақ­талас емес: электроника, био­тех­нология, заманауи материал­дар және басқа да озық өндіріс өнім­дерінің дүниежүзілік экспор­­тын­дағы Ресейдің үлесі 0,2-0,5%, жа­­­һандық саудадағы үлесі – 2% ғана. Ресейдің экономикалық күш-қуа­ты жыл сайын төмендеп барады.

АҚШ-тың жаһандық тең бәсекелесі кім?

Бұл ретте Батыс үшін Қытай әлдеқайда маңызды. Мысалы, бір жылдың өзінде ҚХР өз аппаратын Айға да, Марсқа да қондырып, оны колонизациялауға кірісті. 5 күн бұрын Қытай Орбитада тұрғызып жатқан төл ғарыш стансасына үш астронавтын аттандырды: олар «Көк сарайы» аталған стансаны 3 ай ішінде іске қосуы тиіс.

 Халықаралық қатынастар жө­ніндегі корольдік институттың (Chatham House) киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Эмили Тейлор де Батыс үшін Қытайдан келетін қауіп-қатер зор екеніне на­зар аудартады: осы қос әлем тех­нологияларда және саудада өз ге­гемониясын орнату үшін күрес жүргізіп келеді. Мысалы, бүкіл әлемде 5G енгізіп жатқан Huawei теле­коммуникациялық қондырғы­­­ларына АҚШ, Аустралия, Жаңа Зеландия тыйым салған. АҚШ Батыс әлеміндегі жаңа бесінші және алтыншы буындағы ұялы байланыс жүйелерінің тізгінін Қы­тайдың өз қолына алғанын қала­майды. Дегенмен бұл істе шың елінің тегеурінін тоқтата алар қау­қар таныта алмай отыр. 

Уашингтон мен Мәскеудің Трамп кезінде бұзылған СНВ-3 (стратегиялық, ядролық шабуыл қаруларын шектеу бағдарламасы) келісімін ұзартуы, дағдарысқа түскен елшіліктердің қызметін қай­та жандандыру мәселелеріне қайта ден қоюы екі елдің ғана емес, халықаралық қауымдастықтың да мүдделеріне сәйкес келеді.

Қырғи-қабақ соғыс кезінен көп­­жылдық тәжірибе жиған кәнігі саясаткер Джо Байден аңқау, ағат қимылдарға баратын лидер емес. Оның «жаңа Америкасы» одақ­тастарын, сондай-ақ Ресей, өзге де өңірлік державаларды ортақ идея айналасында қаншалықты жұ­мылдыра алғанын алдағы уақыт көрсетеді. Ендеше, Байден айт­­қандай, күте тұралық.

Айхан ШӘРІП.