АҚШ лидері Джо Байден мен Ресей басшысы В.Путиннің Женевадағы кездесуін жаһандық ақпарат құралдары мен сарапшылар түрліше бағалауда. Пессимистік бағалауға сенсек, Женева саммиті Батыс пен Ресей қарым-қатынасын жақсарту ісінде ізгі бетбұрысқа айналмады, оның қорытындысында бірде-бір келісімге қол қойылмады. Президенттер Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме жариялаумен шектелді. Ал «пропагандистік» бағалауға жүгінсек, бұл жүздесу сөзсіз, Путиннің жеңісіне айналды. Біз болсақ, саммиттің ешкім күтпеген, көңілден тыс қалған қырларына үңілуге тырыстық.
16 маусымда Швейцарияның Женевасындағы La Grange вилласында өткен Джозеф Байден мен Владимир Путиннің кездесуіне сарапшылар үлкен қызығушылықпен көз тікті, құлақ түрді. Әрине, 1985 жылғы АҚШ-КСРО арасындағы женевалық жүздесу де еш келісімсіз аяқталған. Әйткенмен, содан кейін Ресей Батысқа бет бұрды, елде демократиялық жаңғырулар басталды.
Алайда кейбір шетелдік сарапшы бұл жолғы саммит жемісті болмағанын айтады. Президенттер қызығушылық танытқан әр тақырыпты сөз еткен, бірақ, басты мәселелер бойынша ортақ тоқтамға келмеген, әрқайсысы өз ұстанымында қалған. Ресей президенті төл саяси жүйесі мен ұстанымын халықаралық қатынастарға кіріктіруге ары қарай талаптана беретін сыңай білдірді. Джо Байден бірлескен баспасөз конференциясын өткізуден алдын ала бас тартты.
В.Путин Кремльдің журналистер пулымен кездесуінде Байденнің өз анасын қатты сыйлайтынын және келіссөздер кезінде үнемі оның сөздеріне сілтеме жасап отырғанын баяндады. Саясаттанушылардың байламынша, ортақ саяси тұғырлар табылмағанда биік лауазымды тұлғалар да қарапайым адамдар деңгейіндегі тақырыптарға иек артуға мәжбүр болады. Бұл Батыс пен Кеңес Одағы басшыларының ауа райын әңгіме еткенін еске түсіреді.
Бұл саммиттің екі оңды қорытындысы болды: біріншіден, кездесу қырқыссыз, конструктивті аяқталғандықтан, саммит қарсаңында шамалы құлдыраған жаһандық биржалар қайта қалпына келіп, өсуін жалғастырды. Тиісінше, Ресей рублі (оның ізімен теңге) бағамы күрт құнсызданбады, тұрақтылығын сақтап қалды. Екіншіден, қос президент атынан таратылған бірлескен мәлімдемеде олардың ядролық соғысқа жол бермейтіні айтылған: «Ресей мен АҚШ алмағайып кезеңдерде де ядролық соғыс және қарулы қақтығыс қатерлерін төмендету, стратегиялық салада болжамдылықты қамтамасыз ету бойынша бірлескен мақсаттарды жүзеге асыруға қабілетті. Таяуда «Стратегиялық шабуыл қару-жарақтарын қысқарту мен шектеу шаралары туралы шарттың» ұзартылуы – ядролық қаруларды бақылауды жақтайтынымыздың кепілі» делінген шағын ғана құжатта.
Мәскеу ұпайларын түгендеді ме?
Тұтастай алғанда, В.Путин жүздесу «жаулық көзқарассыз, конструктивті өтті» деп бағалады. Ал Байден саммиттің нәтижелерін түйсіну, оның неге әкелгенін білу үшін бірнеше ай күте тұруды ұсынды.
Оны күтіп жатпаған ресейлік БАҚ «бұл – Путиннің жеңісі» деген біржақты пікірді қарша боратуда. Бір қарағанда, негізсіз емес секілді. Біріншіден, билік транзитінен бас тартып, Конституцияға өзгеріс енгізіп, жаңа президенттік мерзімдерге бет алғаны үшін қатты сынға ұшыраған Владимир Путин батыстық белді саясаткерлер қол алыспайтын тұлғаға айналып кеткендей болған. Ал осы кездесу арқылы АҚШ оның билігін мойындайтынын білдіріп, халықаралық деңгейде легитимді етті.
Екіншіден, кездесу кезінде АҚШ көшбасшысы кибершабуылдарға жол берілмейтін 16 стратегиялық саланың атауы жазылған тізімді ресейлік әріптесіне ұсыныпты. Яғни, бұл объектілерге ФСБ қолдайтын орыс хакерлері шабуыл жасамауы керек, жасаса, ол аттап басуға болмайтын «қызыл сызықты» бұзу болып есептеледі. «Қоқан-лоққы жасаған жоқпын, тек оларға кибершабуылды америкалық егемендікті бұзу деп танып, тиісті үн қататынымызды айттым», – деді Байден.
Үшіншіден, АҚШ президенті кездесу кезінде адам құқығын, сөз бостандығын сақтау, оппозицияны қудаламау, Украинаға доқ көрсетпеу секілді мәселелерді көтергенін жеткізді. Алайда Мәскеу Украинаға, төл оппозициясы мен тәуелсіз ақпарат құралдарына, тіпті Лукашенконы қолдауға қатысты ұстанымы өзгермейтінін, Ресейдің саясатына Батыс қол сұға алмайтынын нықтаған көрінеді. Басқаша айтқанда, енді Кремль үшін Ақ үй авторитет еместей. Американың мақтауына Ресей иіп сала бермейді, ұлттық мүдделерін қатаң әрі табанды ілгерілетеді.
АҚШ Ресей алдында тізе бүккені ме?
Егер бұл саммит қалпымен Мәскеуге дивидендтер мен артықшылықтар әкелсе, оның Ақ үйге не керегі болды? Америкадай алпауыттың жаңа лидері жұрт көзінше Путинмен қол алыспай-ақ, бар ойын телефонмен тілдесуде айта салмай ма? Осыған орай, ресейлік танымал саясаттанушы, құқықтанушы, саясаткер Максим Шевченконың пікіріне құлақ салдық.
«Сіздер үнемі ресейлік ақпарат айдынының «сорпасында» қайнайсыздар да, әрідегіні байқамайсыздар, мәселенің мәнісін, түп-төркінін бажайлап біле бермейсіздер. Ресейлік идеологтерге сенсеңіз, бұл кездесу – В.Путиннің саяси, дипломатиялық үлкен жеңісі. Ал шынында, қазіргі Мәскеу Батыс үшін тең қарсылас емес. Америка үшін Путин – прагматик, қолайлы әрі түсінікті тұлға. Батыс Ресейде ешқандай демократиялық өзгерістерге қол жеткізуді қалап отырған жоқ. Әйтпесе, біздің басшылықтың балалары да, байлығы да шетелде тығулы. Батыс сол бағытта қыспаққа алса, бәрі бітер еді. Байден – Путин кездесуінен айқын ұғынғанымыз: Ақ үй Кремль үшін «қызыл сызықтарды» белгіледі, Мәскеу содан әріге құлаш ұрмауы тиіс. Сонда Батыс Ресейдің егемендігіне де, ештеңесіне де тиіспейді», – деді саясаттанушы.
Оның пайымдауынша, әлемдік революция жасауға КСРО-мен салыстырғанда, АҚШ үшін бүгінгі Ресей – терезесі тең бақталас емес: электроника, биотехнология, заманауи материалдар және басқа да озық өндіріс өнімдерінің дүниежүзілік экспортындағы Ресейдің үлесі 0,2-0,5%, жаһандық саудадағы үлесі – 2% ғана. Ресейдің экономикалық күш-қуаты жыл сайын төмендеп барады.
АҚШ-тың жаһандық тең бәсекелесі кім?
Бұл ретте Батыс үшін Қытай әлдеқайда маңызды. Мысалы, бір жылдың өзінде ҚХР өз аппаратын Айға да, Марсқа да қондырып, оны колонизациялауға кірісті. 5 күн бұрын Қытай Орбитада тұрғызып жатқан төл ғарыш стансасына үш астронавтын аттандырды: олар «Көк сарайы» аталған стансаны 3 ай ішінде іске қосуы тиіс.
Халықаралық қатынастар жөніндегі корольдік институттың (Chatham House) киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Эмили Тейлор де Батыс үшін Қытайдан келетін қауіп-қатер зор екеніне назар аудартады: осы қос әлем технологияларда және саудада өз гегемониясын орнату үшін күрес жүргізіп келеді. Мысалы, бүкіл әлемде 5G енгізіп жатқан Huawei телекоммуникациялық қондырғыларына АҚШ, Аустралия, Жаңа Зеландия тыйым салған. АҚШ Батыс әлеміндегі жаңа бесінші және алтыншы буындағы ұялы байланыс жүйелерінің тізгінін Қытайдың өз қолына алғанын қаламайды. Дегенмен бұл істе шың елінің тегеурінін тоқтата алар қауқар таныта алмай отыр.
Уашингтон мен Мәскеудің Трамп кезінде бұзылған СНВ-3 (стратегиялық, ядролық шабуыл қаруларын шектеу бағдарламасы) келісімін ұзартуы, дағдарысқа түскен елшіліктердің қызметін қайта жандандыру мәселелеріне қайта ден қоюы екі елдің ғана емес, халықаралық қауымдастықтың да мүдделеріне сәйкес келеді.
Қырғи-қабақ соғыс кезінен көпжылдық тәжірибе жиған кәнігі саясаткер Джо Байден аңқау, ағат қимылдарға баратын лидер емес. Оның «жаңа Америкасы» одақтастарын, сондай-ақ Ресей, өзге де өңірлік державаларды ортақ идея айналасында қаншалықты жұмылдыра алғанын алдағы уақыт көрсетеді. Ендеше, Байден айтқандай, күте тұралық.
Айхан ШӘРІП.