Үкіметтің жылдық жұмысына баға берілді
Үкіметтің жылдық жұмысына баға берілді
265
оқылды

Ел Парламенті Үкімет пен Есеп комитетінің есептерін бекітті. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында 2020 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкімет пен Есеп комитетінің есептері тыңдалды.

Бірлескен отырыста Премьер-Министр Асқар Мамин Үкіметтің 2020 жылғы жұмысы және эко­номиканы одан әрі дамыту бойын­ша қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді. Биыл­ғы 5 ай қорытындысында Қа­зақ­станның ЖІӨ-сі 1,6%-ға өсті. Яғни, рецессия еңсеріліп жатыр. Экономиканың барлық саласында өсім бар. Негізгі драйверлер өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, химия өнеркәсібі, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп болды. Құрылыс секторында және тұрғын үйді пай­далануға беруде жоғары өсу қар­қыны сақталды.

Премьер Үкіметтің алдына 2021 жылы экономика өсімін 3,5-4% деңгейіне жеткізу, сон­дай-ақ жұмыспен қамту ша­ра­­­ларымен 1,2 миллион адамды қам­ту міндеті қойыл­ғанын атап өтті. Бұл ха­лықтың нақты табы­­сын 5%-ға арттыруға мүм­кіндік береді. Жал­пы сомасы 8 трлн. теңге бо­латын 415 ин­вести­­­ция­лық жобаны іске асыру мақсат етілген. Биыл 17 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайда­лануға беру, 200 мектеп салу және 30 ме­­­­дициналық мекеме ашу, 6 мың шақырым автожолды жөндеу және салу жоспарланды. 

Қаржы министрі Ерұлан Жа­маубаевтың айтуынша, бюд­жет түсімдері былтыр 12 трлн. 49 млрд. теңгені құрады: жоспар 100,3 пайызға асыра орындалды. Шы­ғыстар 98,3 пайызға игерілді және 14 трлн. 234 млрд. теңгеге жетті. Демек, Қазақстан тапқа­нынан артық жұмсап жатыр.

Есеп комитетінің төрайымы Н.Годунованың мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының тап­сыр­масымен қабылданған ша­ралар арқасында Үкімет ел эко­но­ми­касының елеулі құлды­рауының алдын алды және сырт­қы күйзе­лістердің салдарын азайт­ты. Алай­­да экономиканың сол бойы мұнай-газға тәуелді болуы төлем балансы ахуалының нашарлауы және ұлт­тық валю­таның құн­сыздануы қаупін туын­датады екен. 

– 2020 жылы бөлініп, тиімсіз пайдаланылған бюджет қара­жатының сомасы 570 миллиард теңгені құрады! Бұл ақша панде­мияның салдарын жеңі­лдетуге жұмыс істемеді. Сондықтан мем­лекеттік ресурстарды тиімсіз пайдаланғаны үшін лауазымды адамдардың жауаптылығын күшейту жөніндегі жұмысты жалғастыру өте маңызды! – деді Есеп комитетінің басшысы.

Шенеуніктер олқылықты жою орнына өзін-өзі ақтауға бас қа­тырып жүр:
– Салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсартуда резервтер бар. Салықтық тексе­рулердің нәтижелілігін арт­тыруға, кедендік статистикадағы алшақ­тықтарды кемітуге қа­тысты са­­­палы өзгеріс байқап отырған жоқ­пыз. Артық төлем мәселелері де шешілмеген. Бұл ретте Қаржы министрлігі аудитке де, Мәжіліс пен Сенат де­пу­таттарына да мән-жайды тү­­сіндіре алмады. Оның орнына өзін баспасөзде ақтап шығуға күш салуда. Шамасы, мә­селенің күрделілігіне сеніп, оқыр­мандар кәсіби деңгейде то­лық тү­сін­бейтінінен үміттенген шы­ғар. Бірақ анықталған кем­­ші­ліктер мен бұзушылықтарды жасыра алмайсың. Заңға сәйкес, олар­дың барлығы аудиторлық дә­лелдермен расталған, – деді Н.Го­­дунова. Ол осы сын-ескерт­пелер келесі жолы ескеріледі де­ген үмітте.
Елдос СЕНБАЙ.