Оның айтуынша, жалпы әлеуметтік желілердегі белсенділіктің артықшылығы көп. Жағдайды жақсы біліп, қызметкерлердің қай жерде шала жұмыс істегенін көруге болады. Әлеуметтік желілер арқылы жүгінулер саны күн сайын артып келеді.
Алматы қаласы Полиция департаменті тергеу жұмысы жөніндегі басшысының орынбасары Рустам Әбдірахманов әлеуметтік желіде өте белсенді полиция қызметкері. Алайда, ол желі қолданушылары тарапынан кей тұста түймедейді түйедей етіп көрсету белең алып бара жатқанын айтады.
«Қазақстан полициясы жұмыстың сервистік моделіне көшіп жатыр. Сондықтан әлеуметтік желілерде аккаунт ашу туралы шешімді айтпасақ та түсінікті.
Әлеуметтік желілерге менен басқа, аудандық бөлімшелер мен олардың орынбасарлары да тіркелген. Халықпен тығыз жұмыс істейтін учаскелік инспекторлар аккаунт ашқаны маңызды. Олар ПИК-тің WhatsApp-тағы чатында да бар.
Бұрын, айталық, полиция адам қабылдау пунктіне немесе аудандық бөлімшеге барып, арыз жазғанда ғана көмектесетін еді. Қазір әлеуметтік желілер мен чаттар арқылы учаскелік инспекторлар тез арада әрекет етеді. Олар адаммен байланысқа шығып, пайда болған проблеманы анықтап, өз құзыреті аясында артық әуре-сарсаңсыз мәселесін шешеді. Кейбір мәселеде тіпті арыз жазудың да керегі жоқ» – дейді Рустам Әбдірахманов.
Рустам Тұралыұлы әлеуметтік желіге тіркелгенде бірінші кезекте неге тап болғанын айтты.«Жағымсыздау бір жағдай: қолданушылар арасында полицияға наразылық білдіретін белгілі бір санат бар. Мұндай нәрселерге жауап бермеу мүмкін емес. Мен бір нәрсені өткізіп ала алмаймын, түсініктеме бермей өте алмаймын. Мысалы, бір қоғамдық қорлар бар, олардың парақшаларында әрдайым шындықты жаза бермейді. Бірақ менің байқағаным, егер бір жерде жауап берсем, бәрі бірдей емес екенін түсінеді де, басқа қолданушылардың жағымсыз пікірлері тоқтайды» – деді ол.
Рустам Әбдірахманов желілердегі әйелдер мен балаларға қатысты жасалатын қылмыс саны көбейген деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.
«Өсіп жатқан жоқ. Құрғақ санмен қарау қыңыр нәрсе, біз ойлағандай педофилия мен тұрмыстық зорлық-зомбылық мұндай деңгейде емес. «НеМолчи» деген қор бар. Мен оның басшылығымен кездескенде таңғалған едім: мен сіздің хабарламаларыңызға жауап беріп жүрген жоқпын ба? Мұның бәрін жарияға шығарып не қажеті бар? Мессенджерге, Telegram-да жазыңыз – менде барлық байланыс құралына қосылған жалғыз нөмір бар.
Осы ұйыммен байланысты бір оқиға Түрксіб ауданында болды. Азаматтық некедегі жұп, екеуі де Өзбекстанның азаматы, пәтер жалдаған. Олар қандай да бір жолмен өз отандасымен танысып, кештердің бірінде қонаққа шақырады. Арақ, сыра ішкен – біз сол жерден көптеген бөтелкелерді шығардық. Бір сәтте қонақ қыз бір бөлмеге ұйықтау үшін кіреді, үй иесі артынан кіреді. Сосын тиісе бастайды. Бірге тұрып жатқан келіншек жартылай ашық есіктен телефон камерасына оқиғаның бәрін түсіре бастайды. Түсірілім 12 минутқа созылды. Содан кейін бірге тұрып жатқан адамына компромат алған соң үйден кетіп қалады.
Пәтер иесі кеткеннен кейін оның бірге тұрып жатқан жігіті қызды зорлайды. Қатты зорлайды. Бұл факт, өкінішке қарай, расталды. Жәбірленуші ауруханаға түседі, Өзбекстан азаматы тергеу изоляторына қамалады. Сосын қордың жазбасы пайда болады, онда бір топ адам - Өзбекстан азаматы мен оның бірге тұратын адамы зорлады деп айтылады, оның үстіне осы заңсыздықты видеоға түсіргені айтылады. Мұны жұртшылық қалай қабылдағаны түсінікті. Шу шығады. Мен күдіктіні босатты ма деп ойладым. Түрксіб АІІБ бастығына қоңырау шалдым, оның тергеу изоляторында екенін растады. Қоғамда шу шығып, ІІМ тез әрекет етуді талап етті. Осы шуды басу үшін бірге тұрып жатқан әйелін де қамау керек болды. Бұл дұрыс емес қой! Мен брифинг өткізіп, түсіндіруіме тура келді: видео байғұс жәбірленушіні мазақ ету үшін емес, сатқындықтың дәлелі ретінде жасалғанын айттым.
«НеМолчи» ұйымына байланысты тағы бір мысал, былтыр Алмалы ауданында зорлау оқиғасы болды. Бізге ешқандай да қорға қатысы жоқ қыз өзі келді. Алмалы АІІБ қылмыстық іс қозғап, тергеп жатыр. Күдікті зорлаушы ұсталды, жауап алынды. Өтініш беруші онымен бес жыл таныс болып, бірге тұрған екен. Екеуі де Қызылордадан. Содан кейін жігіт Алматыға жұмысқа кеткен, бірақ бұрынғы қызбен байланысын үзбеген. Бірде ол оған келгені туралы хабарлайды. Ол оны қарсы алуға келіседі. Күдікті пәтерді сағатқа жалдаған. Камералардан біз олардың бірге өз еркімен барғанын байқадық.
Қылмыстық іс қозғалғаннан кейінгі үшінші немесе төртінші күні Facebook-те Алмалы аудандық ішкі істер басқармасын сынға алған хабарлама пайда болды. Полиция қызметкерлері ақшаны бопсалап жатыр деген болжам айтылды, күдікті – судьяның немесе прокурордың ұлы. Бірақ әлеуметтік желілерді Президент Әкімшілігі мен ІІМ-де, министрдің өзі де бақылайды ғой. Олар оқып, қандай әсерде қалады? Бұл Алмалы АІІБ жиіркенішті жұмыс істейді деген түсінік қалыптастырады ғой.
Facebook қолданушылары күдіктіні ұстауды, қамауға алуды, ұстау изоляторына қамауға алуды талап етті. Біз бұған қоғамдық пікірдің қысымымен баруға дайын едік, бірақ жаңа мәліметтер пайда болды. Кездесу кезінде жігіт телефонын жасырын камера ретінде орнатып, бүкіл романтикалық кездесуді түсіргені белгілі болды. Бұл видео біз тәркілеген құлыпталған телефонда сақталған екен. Ал күдікті іс насырға шауып бара жатқанын сезгенде телефонын сұрап, бізге бәрін көрсетті. Егер оның бұл видеосы болмаса не істер еді? Елестетіп көріңізші!
Мойындауға мәжбүрмін: амал не, бүгінде қоғамдық пікір тергеуге ықпал ете алады» – деді Рустам Тұралыұлы.
«Таяуда осыған нақты бір мысал болды. Алматы қаласының полицейлері массаж салонын жауып тастағаны туралы ақпаратты («Полицейские города Алматы накрыли массажный салон») өз парақшасына жариялады. Бәрі жақсы еді, жұрт пікір жазып жатқан, сөйтсе Дина Таңсәрі былай деп жазыпты: «Полиция басшысынан бандиттік сленгті есту өкінішті». Мен басшы емес, орынбасармын. Сонымен қатар мен оған сөздіктен үзінділермен жауап беруіме тура келді. Басқа пайдаланушылар талқылауға қосылды. Ақыр соңында, ол ұстанымын өзгертіп, дұрыс жазбағанын мойындады. Бірақ сонымен бірге ол менің постымды өз парағында жариялап, іс жүзінде мені бандитке теңестіреді. Маған оның жазбасына да жауап беруге тура келді», - дейді ол.
Рустам Тұрарұлы қоғам пікіріне қандай да бір әсер ететін тетік жоқ па деген сауалға былай жауап берді.
«Қылмыстық кодексте 274-бап бар – көрінеу жалған ақпарат тарату. Бірақ процедуралық нюанстар бар. Егер қасақана болса, дәлелдеуі қиын болатын қаскөйлік мақсаттар болуы керек. Шешілмес түйін.
Қордың кейінгі бір қауесеті. Жетісу АІІБ, взвод командирі туралы. Оқыдыңыздар ма? Ол әйелін ұрып-соғыпты деген ақпарат, сосын әйелі қашып Алатау ауданындағы қамқоршылық үйіне барды делінген. Содан кейін ол оны арнайы қызмет өкілдерімен келіп алып кетіпті-мыс. Біздің қызметкерімізді қатал абьюзер деп көрсеткен, сонымен қатар барлық полицей осындай деген түсінік қалыптастыруға тырысқан. Бірақ іс жүзінде барлық жағдайды бұрып жіберген, оны әйелінің өзі де білмеген. Ал негізі әйелі SMS-хабарламаға байланысты күйеуін опасыздық жасады деп күдіктеніп, жанжал шығарған.
Жанжалдан кейін әріптесіміздің әйелі досына қоңырау шалады. Ол өзімен бірге әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесін алып келеді. ІІБ қызметкерінің жұбайының өміріне қауіп төніп тұр деп, дәл сол құрбысы айтқанынан қайтпай қойыпты. Сондықтан күштеп қамқоршылық үйіне әкеткен. Негізінде ешқандай шабуыл болған жоқ. Нәтижесінде әйел қамқоршылық үйіне орналастырылып, онда оның телефонын алып қойған, одан сим-картасын да шығарып алған. Баспана мұны қауіпсіздік мақсатында жасайды, бұл дұрыс. Міне, оқиға осылай болған.
Әйелді шелтерден өз ағасы алып кетуге барған. Ал жарылған еріннің суретіне келер болсақ, 16 мамырда әйелдің өзі баласымен бірге велосипедтен құлапты, мұны күйеуімен алмасқан хатынан растай алдық. Қызметтік тексеріп жүргізіп, бәрін зерттедік.
Ал миға симайтын нәрсе – біздің қызметкердің жұбайы жұрт шулап кеткен оқиға туралы бізден білді. Әлеуметтік желілердегі барлық ақпарат оның келісімінсіз орналастырылған. Взвод командирі резервке өткенін айтқанымызда да осы тақырып бойынша спекуляция жалғасты. Мысалы, қолданушылардың бірі полиция қызметкерінің әйелі ауруханада екенін жазды. Жайдан-жай жатқан жоқ деген оймен жазылды. Иә, жайдан-жай емес, ем қабылдап жатқан үш жасар баласымен бірге жатқан.
Ал осы ақпараттық науқанды бастаған қоғамдық қордың жетекшісі маған "жұртшылық дұрыс түсінбей қалды" деп sms-хабарлама жіберді.
2020 жылы қазақстандықтар оқшауланған кезде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері көбірек болғанын мойындаймын. Бірақ 2021 жыл мен өткенді салыстыру дұрыс емес. Тіпті құқықбұзушылықтың басқа түрлері бойынша талдау жүргізу мүмкін емес, сондықтан мен биылды 2019 жылмен салыстыруды ұсынамын, елестетіп көріңізші, қатаң карантин шектеулері кезінде мен Әуезов ауданында үш тәулік ішінде бірде-бір қоңырау болмағанын алғаш рет көрдім», – деді ол.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккенде немесе оның куәгері болғанда әрекет алгоритмі қандай болуы керек деген сауалға Рустам Тұрарұлы 102 нөміріне хабарласу керектігін айтты.
«Кейбір әйелдер 102 нөміріне хабарласады, ал басқалары анасына, досына барады, бірақ полицияға хабарламайды. Бірақ бәрі де ересек адамдар ғой. Жәбірленуші қоңырау шалып, топ шақырту бойынша келгенде өтініш жазудан бас тартқан жағдайлар аз емес. Әйел өзін қалай ұстау керегі туралы алгоритмі қарапайым, ол – 102 нөміріне хабарлау».