Әлем қазақ вакцинасын қашан мойындайды?
Әлем қазақ вакцинасын қашан мойындайды?
158
оқылды

Әлемде вакцинация пас­порты немесе сертификаты бар адамдар үшін біраз ел шекарасы мен құшағын кең ашты. Алайда халықаралық сарапшылардың пайым­да­уын­ша, бір жерден үйлес­тіріл­­мегендіктен, бұл іс бей­берекет жүріп жатыр. Айта кету керек, әзірге корона­ви­русқа қарсы егілгендерді өз аумағына қабылдау-қабыл­дамау туралы шешімді әр ел жеке, өз бетінше шығарады. Бұл жерде «дүниежүзінде қан­ша ел қазақстандық вак­ци­нациялау паспортын мойын­дады? Өзге елдер тегіс мойындауы үшін Қазақстан қандай мәселелерді шешуі керек?» деген сауал туады.

Күні бұрын құлағдар болып, қамданыңыз!

Мысалы, Аустрия вакцина сал­ғызғанын немесе COVID-19 ін­­детінен жазылып, бойында анти­денелері көп екенін дәлелде­ген адамдардың өзін ПТР-тест анықтамасынсыз кіргізбейді. Бұл адамдар Аустрияда тек шетелдік­терге арналған 10 күндік міндетті оқшаулаудан ғана босатылады. Еуроодақтың өзге елдері одаққа мүше бірқатар елдің ғана вак­ци­нация сертификатын мойын­дады.

Дегенмен Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы мойындаған вакцинаны салғызған азаматтар Сейшел, Мальдив аралдарына, Кореяға, Грекияға, Албанияға, Мороккоға, Болгарияға, Босния мен Герцеговинаға, Исландияға, Испанияға, Кипрге, Израильге, Польшаға, Румынияға, Слове­нияға, Хорватияға, Чехияға, Черно­горияға, Туниске, Гватема­лаға, Эквадорға, Эстонияға, Әзер­байжанға, Грузияға, Бахрейнге, Непалға, Тәжікстанға және бас­қа­сына ешқандай ПТР-тест тап­сырусыз кіре алады. 

Бұл жерде бір гәп бар: Қазақстанда өт­кен аптадан бері ДДСҰ мойындаған қытайлық Sinovac (Синовак) вакцинасы салынып жатыр. Соған қарамастан көптеген ел қазақстандық вакцинация паспортын мойындамайды. Салдарынан осы аталған елдердің кейбіріне қазақстан­дықтар кіре алмай қалуы мүмкін.
Сондықтан мамандар ол елдерге са­пар­ламас бұрын елшілікке және туро­пера­торға хабарласып, мән-жайды анық­тап алуға кеңес береді.
Қазақстанның Сыртқы істер ми­нистр­­лігі вакцинация паспорты  азамат­тарымыздың шет мемлекеттер аумағына ешқандай шектеусіз өтуін кепілдендіретін құжат болып есептелмейтінін ескертті.

«Қазақстан кейбір елдердің корона­вирус бойынша қызыл тізімінде тұрған мемлекет саналады. Сондықтан біздің вакцинация паспорты ол елдерге кіруге рұқсат ететін құжат тізіміне кірмейді. Кейбір ақпарат құралдары егілген қазақстандықтарға қандай да бір елдердің ашылғаны туралы ақпарат таратуда. Алайда ресми деңгейде мұндай ереже әзірше қабылданбаған», – деді СІМ.

Мысалы, Израиль вакцина салғызған немесе КВИ-ден жазылған барлық туристті қабылдауға көшті. Алайда қазақстандықтарға бәрібір виза бермей жатыр. Өйткені қазақ елі Израильдің қызыл тізімінде тұр.
Осы орайда еліміздің сыртқы саясат ведомствосы азаматтарға Қазақстандағы шетелдік елшіліктерден сұратып, «виза беру тәртібімен және кіру ережелерімен» күнібұрын танысып алуды ұсынады.
Әрине, егілгендерге бәрібір жеңілдік бар: аталған паспорт елге оралғанда жарамды. 2021 жылғы 30 сәуірден бастап, Қазақстан вакцинацияланған қазақстан­дықтардан елге қайтқанда ПТР-тесттен өтуді талап етпейтін болды. Осылайша, Қазақстанға ұшақпен, теміржол пойызы­мен, теңіз, өзен көлігімен, жеке машина­сы­мен немесе автобуспен кіретін азамат­тарымыз COVID-19 індетіне қарсы екпе еккізудің толық курсынан өткенін рас­тай­тын құжатын ұсынса, ПТР-тесттен бо­са­тылады. Рас, балаларында ондай анықтама болуы шарт. Себебі елімізде әзір­ге вакцина 18 жасқа толмағандарға егілмейді.

Вакцинация паспортының кінәраты неде?

Отандық вакцинация паспортының (ВП) әлемде көп жерде жарамсыз болуы­ның бірінші себебі айтылды: корона­вирустың таралуы тоқтамаған, керісінше, өршіп бара жатқан Қазақстан көптеген мемлекеттің қызыл тізімінде тұр. Ешбір мемлекет мұндай елден қаптатып турист қабылдап, вирустың таралуына жол аш­қы­сы, өз азамат­тарының басын бәй­геге тіккісі келмейді.
Екіншіден, қазақстандық ВП-ның дұрыс рәсімделмегенін сарапшылар да, қарапайым адамдар да айтып жүр.

«Біздің сертификаттың тек электрон­ды түрі ғана бар, онда не мөр, не жауапты тұлғаның қолы жоқ. Ондайға әрине, дамы­ған елдер түгілі, кенже қалған елдер де қауіптене қарайды. Қазақстан Ресейдің қателігін қайталап отырған сияқты. Ресейлік вакцинацияланғандарды тек Грекия, Хорватия, Черногория, Кипр мен Грузия ғана қабылдап отыр. Өзгелері оған сенім білдірмейді. Біздің ВП-ны Қырғыз Республикасы да мойындамай отыр. Ыстықкөлге барғыңыз келсе, ПТР-тест­тен өтуді талап етеді», – дейді кәсіп­кер, саяхатшы Владимир Набойченко.

Үшіншіден, қазақстандық ВП ақауға толы, қателері де өріп жүр.

«Мен QazVac-тың екі компонентін де салғыздым. Өзімді жақсы сезінемін. Екінші дозасын 14 күннен кейін еккізді. Алайда вакцинация паспортын толтыру кезінде қате жіберіпті. Енді екі инъекция­ның арасында 1 апта ғана өткендей болып тұр. Мұндай «халтураны» әлемде кім мойындасын? Өте мұқият болып, дұрыс толтырса қайтеді?!», – деп ренжиді Алма­ты тұрғыны Сәуле.

Төртіншіден, Еуропалық одақ, дамы­ған елдер сыбайлас жемқорлық жайлаған мемлекеттердің вакцинация сертифика­тын танудан бойын аулақ салды. Олар жемқорлық өркен жайған елдерде ондай сертификат шын мәнінде вакцина салғызған адамға берілетініне сенбейді. ЕО осы салада әлемде «көлеңкелі нарық» да­м­ып жатқанына алаңдаушылық біл­діреді.  Қазақстанда екпе еккізген адамның орнына ВП-да басқа тұлғаның аты-жөні жазылған жағдайлар кездесіп жатыр. Ел­ор­да тұрғыны Марат Ырза өзіне вакцина­цияланғаны туралы sms-хабарлама келгенін айтады, онда: «Құттықтаймыз, вакцинациядан сәтті өттіңіз. Электрон­дық вакцинация паспорты eGov mobile қосымшасында қолжетімді» деп жазы­лып­ты. Шынында, ол вакцина салғыз­бапты.

«Мен биылғы 23 сәуірде «Спутник V» вакцинасының екінші компонентін ал­дым. Алайда вакцинациялау паспортына сол бойы қол жеткізе алмадым. Қосым­шаны сансыз рет жаңарттым, қайта жүктедім. ВП пайда болатын емес. Айтпақшы, өзгелерге келіп жатқан смс-хабарлама да келмеді. Мен бұрын Қазақ­стан азаматы болғанмын, қазір шет ел азаматтығына өттім. Проблема содан ба екен деп ойлаймын», – дейді Александр Бернер.

Ол Денсаулық сақтау министрлігіне шағымданыпты. ДСМ-нің Электронды денсаулық сақтауды дамыту департа­ментінің мәліметінше, министрліктің «Вакцинация» ақпараттық жүйесінің модулінде А.Бернер деген адамның вакцинациялаудың екі кезеңінен өткені туралы ешқандай ақпарат жоқ. Сон­дық­тан ведомство осы модульге егілгендердің дерегін дұрыс, сапалы және уақытылы енгізуге қатысты мәселелермен жергілікті Денсаулық сақтау басқармаларына және вакцинация рәсімін жүргізген медицина­лық ұйымға жүгінуге кеңес береді. Себебі «модульге вакцина еккізген пациент­тер­дің дерегін жергілікті органдар енгізеді», – деді ДСМ.

Асықпай, аңдап басқан жөн

Мұндай шағым аз емес. Арызданушы­лар өз паспортын бөгде біреулер иемденіп кетті ме деп қауіптенеді. ВП алу үшін қайтара вакцина салғыза алмайтыны белгілі. Ендеше мұндай қателерді түзет­пейінше және қайталануына түбегейлі тосқауыл қойылмайынша, қазақстандық вак­цина­ция паспорты әлемде кең мойын­дала алмайды.
Азалия Мейрамбек 27 сәуірде корона­вирус­қа қарсы вакцинаның екінші ком­по­нентін алды. Мобильді eGov қосым­шасында паспорты сол күні пайда болып­ты. Алайда іле-шала қуанышы су сепкен­дей басылған: оның ағылшын тіліндегі бөлімінде медициналық ұйымның атауы сияқты деректер аудармасыз, орыс тілін­де беріле салған. Ондай құжаттың халық­аралық деңгейде күші болмайды.

«Бұл қатені жойғызу үшін 1414 байланыс орталығына қоңырау соқтым. Консультант бұл мәселемен айналыс­пай­тынын айтып, вакцина салған медұйымға жүгіну керегін мәлімдеді. Өз кезегінде клиниканың терапевтік бөлімінің меңгерушісі Сатыбаева медұйымның қызметкерлері тек пациенттің деректерін ғана енгізетінін жеткізді. ВП-дағы басқа деректердің қалыптасуына олар жауапты емес көрінеді. Содан қосымшаның өзінде туындаған техникалық ақау болар, өзі жөн­делер деп, біраз күттім. Әйтсе де, ағыл­­шын нұсқасы сол қалпы тәржімалан­бай тұр. Бұл ағаттықты жөндеуге кімнің жауапты екенін білмей дағдардым», – дейді Азалия.

Жалпы, вакцинация паспортына нақты жауап беретін тұлғаны табу қиын, өйт­кені оны Денсаулық сақтау министр­лігі, жергілікті әкімдіктерге бағынатын Денсаулық сақтау басқармалары, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жүргізеді. Бірақ әрқайсысы тек өзіне бекі­тілген жұмыстарды ғана орындайды. Сал­дарынан осы саланың бар жауапкер­шілігін өз мойнына алатын, азаматтардың проблемасын «бір терезе» қағидатымен шешетін мекеме таппайсыз.

«Цифрлық құжаттарда, соның ішінде «Вакцинация паспортында» көрініс табатын барлық ақпарат меморгандардың деректер базаларынан тартылады. Оның ішінде «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқоры да, Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің базасы да бар. ВП-ның ағыл­шын­ша нұсқасының дұрыс толтырыл­мауына қатысты айтсақ, вакцинациялауға қатысты бүкіл ақпаратты меморган 3 тілде беруге тиіс. Осындай қиындыққа жо­лық­қан адамдарға «Цифрлық құжат­тар» бөлімін қайта жүктеп отыруға кеңес береміз. Егер осыдан кейін вакцинация паспортындағы деректер жөнделмесе, онда жергілікті уәкілетті органға жүгінген жөн. Біз өз тарапымыздан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», – деді Цифрлық даму вице-министрі Әсет Тұрысов.

Дүниежүзіндегі көп елде ВП әлі күнге енгізілмеген. ЕуроОдақ елдері вакци­нация­лау сертификаттарын тек 1 шілде­ден бастап іске қоспақ. Қазақстан болса, ВП-ны асығыс-үсігіс енгіземін деп, оны жан-жақты, жете ойластырмаған секілді. Соның кесірінен, тіпті қазақстандық санаторийлер де вакцинацияланған адамдардан ПТР-тест тапсыруды талап етіп жатыр. Мұндай жағдайда шет мемле­кеттерден қазақстандық осы паспортты мойындауды талап етудің өзі әбестік. Бұл істе абыройсыздыққа қалмау үшін асық­пай, аңдап басқан жөн.
Елдос СЕНБАЙ