Жүректе көп сыр бар қайнаған... – композитор Ілия Жақанов
Жүректе көп сыр бар қайнаған... – композитор Ілия  Жақанов
1,140
оқылды

Қазақстан мен Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Жамбыл Жабаев, Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтардың иегері, жазушы, композитор, музыка зерттеушісі Ілия Жақановтың есімі барша қазақ жұртына жақсы таныс. Бүгін Ілия аға ақтарылып, сыр айтты. Ағаның әдемі әңгімесін оқырманға бөліскіміз келіп отыр.

–Ілия аға, жаңа жасыңыз құтты болсын! Сіздің шығармашылығыңыз­ды, зерттеушілігіңізді ұстаз ама­наты­мен байланыстырсақ бола ма? – Әлбетте солай. Мен 1956 жыл­дан бастап композитор ретінде көріне бастадым. ҚазМУ-дың фи­ло­логия факультетінде оқып жүр­генде жазған «Салтанат», «Сағы­ныш», «Ақ қайың» деп аталатын әндерім радиодан жиі-жиі беріліп, елге тарап жатты. 1959 жылы ҚазМУды бітіріп, «Қазақстан пио­нері» газетіне қызметке тұрдым, оның өнер бөлімін басқардым. Жасөспірім мектеп оқушылары үшін эстетикалық тәрбие ретінде өнер иелерінің қызықты мақала­ларын жариялайтын едік. Сол көп­теген авторлардың ішінде атақты жазушылар – Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, академик, ком­позитор Ахмет Жұбанов тұрақты авторымыз болды. Осы кори­фей­лердің ішінде Ахмет Жұбановпен жұлдызым жарасып, музыканың тұң­ғиық сырына ене бердім. Ал­ғаш­қы мақаламды оқыған Ахаң мені жібектей сызылған бекзат қасиетімен баурады. Тірі жүрген энциклопедия! Музыкадан сыр шерткенде «Мың бір түн» хикаясын тыңдағандай хал кешіп, ағыл-тегіл біліміне, ғұламалық бітім-бол­мысына таңғалатын едім.

Жасының үлкендігіне, атағына қарамай кейде өзі іздеп, шақырып алып, әңгіме-дүкен құратын қасиетін қайтерсіз! Бір жолы қобыз күйінің құдіретті иесі Ықылас жөнінде газетке шыққан әңгімемді оқығанын айтып: «Мен Ықылас күйші туралы зерттеуімде оны Созақта туған деп жазыппын. Сен өз әңгімеңде Ықыласты Жаңаарқа жерінде туған деп көрсетіпсің. Солай екен. Оның дұрыстығын қобызшы Дәулет Мықтыбаев айтты. Дәулет – Ықыластың ерен қобызшы баласы Түсіпбектің шәкірті. Түсіпбектің виртуоз болғанына сүйсінген әкесі: «Әкем Дүкен, атам Алтынбек сөйлеткен бұл қара қобыздың ендігі иесі осы Түсіпбек! Мен толғаған күйлерге Түсіпбек ие!» дейді екен.

Сол Түсіпбек қобыздың арқасында дәулет жиды, байыды, кісілігі де зор болды. Амал не, 1928 жылы Сарысу ауданында атақты байлардың қатарында айдалып кетіп, Орал түрмесінде өледі. Бұл сұмдық оқиғаны біледі екенсің. Бүгінде ол жайында жазу, сөйлеу мүмкін емес. Құбылмалы заманның бір жылымық күні туса, тұмшалана тұншықтырған шындықтың беті ашылады. Оны мен көремін бе, көрмеймін бе, әзірше болжауы жоқ болымсыз үміт қана, шырағым. Ендігі үміт сендерде, үзілмейтін үміт ақиқатқа жеткізеді түбінде. Ықылас өмірінен талап қып әңгіме жаза бастапсың. Оны үздіксіз қаузай бер, қаузай бер. Күйшіні көре қалған көне көздердің бар екенін айттың, соларды ыждағат­пен тыңдай бер, сөздерін ерінбей, жалықпай жазып ала бер. Ықылас өзіне дейінгі қобыз сарынын клас­сикалық деңгейге жеткізген дала музыканты!» деп көп жайды зердеме жеткізгендей болып еді. Содан бастап менің бар ділім-дітім музыкаға айналды. Жастық роман­тиканың әсері ме, «Қайта оралған ән», «Хош бол, вальс» деп аталатын повестерім жарық көрді. «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Аққулар қонған айдын көл» атты зерттеу еңбектерім жарияланды. – Жаңағы аталған екі повесіңіз ең алдымен қырғыз тілінде шығып­ты. Мұның сыры неде? – Шыңғыс Айтматовтың «Жә­ми­ла», «Қызыл орамалды шырай­лым менің» повестері бойынша «Даниярдың әні», «Жәмиланың әні», «Әсел», «Асылым» дейтін ән­дерім қырғыз еліне кеңінен тарады. Қырғыздың өнер иелерімен шы­ғар­машылық байланыс өз-өзінен үйлесіп кетті. Қырғыздың көрнекті жазушысы Төлеген Қасымбековтің «Сынған қылыш» атты тарихи романын аудардым, ол «Жазушы» баспасынан екі рет шықты. Менің жазушы екеніме көздері жеткен қырғыздар повесімді аударып, «Қырғызстан» баспасынан шы- ғ­арды. – «Ықылас» романыңыз да ал­ды­мен қырғыз тілінде жарық көріпті. Осы жайды да білгіміз келеді. – Бұл – 1986 жыл. Желтоқсан оқи­ғасынан кейін Фрунзеге кел­дім. Қырғыз жазушыларының «Арашан» деп аталатын шығарма­шылық үйіне жайғастым. Желтоқ­санның соңғы күні Шыңғыс Айтматовпен жүздестім. Қасымда жазушы Төлеген Қасымбек бар. Шын көңілден жаймашуақ бастал­ған әңгіме барысында Ықылас туралы повесть жазатынымды айттым. Ықылас пен қырғыздың атақты қияқшысы Күреңкей қияметтік дос болған. Екі керемет өнер иесі күй тартысқанда бар дүниені ұмытып, естері шығып, қобыз бен қияқы ысқылағанда қыл шектер түтіндеп бырт-бырт үзіліп жатады екен. Осыған таң-тамаша болған Шыңғыс қатты тебіреніп: «Бопты. Гениально! Жаз, осы кітапты. Не қамқорлық керек, бәрін жасаймыз, жазушылығыңызға тәнтіміз. Мына Төлегеннің «Сын­ған қылыш» романын тамаша ау­дарып­сың. Кітабыңды біз шығара­мыз. Бір туған екі халықтың ортақ тағдыры бар екен, іске сәт»! – деді.

Романды үш айда жазып бітірдім. Екі айда қырғыз тіліне аударылды. 1989 жылы «Адабиет» баспасынан «Кертолгоо» деген атпан жарық көрді. Ал 1990 жылы роман «Ықылас» деп аталып, «Өнер» баспасынан шықты. 1993 жылы Ықыластың 150 жылдығына орай романның негізінде менің сценарийім бойынша телефильм түсірілді. «Қобыз пірі» деп Ықы­лас­қа мені ерекше ынтық қылған жарықтық Ахаңның бір аманатын осылайша орындадым ба деп ойла­нып қалам...

– Қазақ радиосына биыл – 100 жыл! Бір ғасырлық тарихы шежіре­ленетін мерейлі мереке. Сіз қазақ радиосының музыка редакциясында жиырма жыл қызмет етіпсіз... – Иә! Жиырма жыл. Алғашқы он жылында қатардағы редактор, одан аға редактор, бас редактордың орынбасары, міне енді он жылында бас редакторы болып радио мен теледидарға ортақ көркемдік ке­ңес­тің төрағасы қызметін атқар­дым. Бұл – 1964-84 жылдар ара­лығы. – Дәл осы бір жылдарда Сіздер ұмытылған, елеусіз қалған, кейбіріне тыйым салған әндердің біздерге беймәлім сырын ашып, радиодан жиі-жиі бердіңіздер. Халықтың бейкүнә әндері осындай күйзеліске қалайша душар болған? – Әндерімізге жасалған ол қия­натқа кеңестік идеологияның халық­тың рухани қазынасына жат теріс саясат жүргізген науқаны кінәлі. – Ол қандай науқан? – Біздің білікті музыка маман­дарының еңбектерін ыждағатпен қарап шығыңыз, ол науқан жайын­да бір дәйекті сөз таба алмайсыз. Ғасырлар бойы кінәрат түспеген асыл әндеріміз қалайша тәлкекке душар болған? Зерттей бастадым. 1918 жыл – қызылдар мен ақтар­дың қырқысып жатқан кезі. «Тең­дік­ке жеттік. Жерге ие болдық» деген орыс мұжықтары балаларын Қызыл әскерге беруден бас тарта бастайды. Дәл осы кезде Ленин өзінің досы, ақын Демьян Бедныймен ақылдасып отырып: «Біздің ұрандатқан жалынды сөздеріміздің қауқары жоқ. Сөз біткен жерден музыка басталады» деп өзінің ең тамаша шығармасы «Революция­лық этнодан» жазған Фредерик Шопен дұрыс айтқан. Демьян, сен ақынсың. Ойлан. Халықтың тама­ша әндеріне біздің мақсатымыздың үдесінен шығатын жаңаша сөз жаз. Сондай әнмен азаматтарды Қызыл әскер қатарына зор сеніммен көтеруіміз керек! Баринді қудық, жер алдық, басқа не керек, бізге... Әйел ал да, отыр үйде дейтін мұ­жық­тар революцияны түсініп, қызыл әскерді қолдасын, жеңіске әннің күшімен жетеміз!» – дейді. Бұл сөзге қатты қызыққан Демьян Бедный аз уақыт ішінде Ленинге: Как родная меня мать Провожала, Тут-то вся моя родня Набежала… Поневоле ты идешь, Аль с охотой? Ваня, Ваня, пропадешь ни за что ты. В Красной Армии штыки, Чай найдутся, Без тебя большевики Обойдутся! … Если б были все, как вы, Ротозеи, Что б осталось от Москвы, От России? – деген Ваня есімді жігіттің Қызыл әскерге барам деген құлшынысын Украинаның халық әнінің әуенімен жазып, оны «Проводы» деп атап, революция көсемін шаттандырып, мәз қылады. «Проводы» әні тек Қызыл әскерді ғана емес, бүкіл халықты жалынды рухпен көтеріп, Кеңес үкіметі жеңіске жетеді. Белгілі музыка маманы М. Гольденштейн: «О том как В.И.Ленин любил музыку» деп аталатын кітабында: «Ленин говорил о том, что авторы наших песен должны научиться создавать такие же простые, понятные каждому песни, как те народные, но с новым содер­жанием» деген сөзін келтіреді. Революция көсемінің осындай сөз­дерін басшылыққа алған ком­мунистік идеология жаңа со­циалистік қоғамның демеушісі болатын жаңа әндер жеткіліксіз боп жатқан кезде халық әндерін, халық композиторларының ән­де­рін жаңаша сөйлетіп, оны насихат құралына айналдыруға батыл кіріс­ті. Бұл аласапыран қазақ дала­сына: –Кел, қазақ кедейі, Ұйымдас жалшымен, Байларды, молданы, Қойдай қу қамшымен, – деп бейкүнә жандардың мал-мүлкін, жер-суын тәркілеп, өздерін қайт­пас сапарға айдап, дінге тыйым салды, мешіттер мен медреселерді қаусата, қирата келді.

Халықтың ділі мен дітін, ой-санасын, наным-сенімін әбден билеп алып, әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрін тәлкек етіп, ғасырлар бойы жасап келе жатқан асыл қасиеттерінен жұрдай қылуды көздеген идеологиялық саясаттың әулекі науқаны сала-сала болып жүргізілді, әннің құдіретті күшін зымияндықпен пайдаланды.

Үкілі Ыбырайдың сал-серілік, әншілік өнерді ардақтаған «Толқын әні»: Елім бар колхоз болып күлім­деген, Далада трактор жүр дүрілдеген, – деп коллективизацияның жалын­ды, лепті әніне айналды. «Ақбаян» әні «Ой, Ленин қараңғыда көп елің» деп бұған үндес Біржан сал­дың «Қозыкөш» әні сауатсыздықты жою науқанына жұмылдырды. Ұлттар достығының жарқын мысалы ретінде Қорғалжындық сері Үлебайдың «Дударай» әнін қазақ жігіті Дүйсен мен орыс қызы Мариямның махаббаты делініп, бұл ғажайып әннің иесі Мариям боп көріне көзге өзгертілді. Қазақ қызы малға, малы көп шалға сатылған, өзінің еркі болмаған деп халықтың арманын қорлап, Ақан серінің «Балқадиша» әні: Қызы едің Ыбырайдың Балқа-­ диша, Күйеуің сексен бесте шал Қади­ша, - деп он екіде бір гүлі ашыл­маған сұлулық періштесі осындай тәлкекке ұшырады. «Назқоңыр», «Япурай» сияқты халық әндері жоғарыда келтірілген Біржан салдың, «Қозыкөш» әні, «Бір бала» деген атпен Әсеттің «Сметі». Міне, осы өнер туын­дылары әлі күнге дейін Иса Бай­зақовтың сөзімен айтылып жүр.

Жә, жүректі сыздататын, халыққа жайсыз мұндай сорақы мысалдарды атай берсек бұл сұхбатқа сыймайтын ұзақ әңгіме. Бұны қазақ әніне жасалған геноцид дейсің. Әндерге жаңаша сөз жазған Ілияс Жансүгіров, Иса Байзақов, Мақсұтбек Майшекин, Мұзафар Әлімбаев пен тағы басқа да ақындар зардабы мол бұл зорлыққа амалсыз көнді, қатаң бақылауда болды.

Осы науқан кезінде Көкше­таудың ән дүлдүлі Үкілі Ыбырай халық жауы атанып, атылып кетті. Ақан серіні түрікшіл деп даттап, әндеріне тыйым салды. Арқада Сарысу бойында Сапалай сына­лып, Талдықорғанда Жетісудың әйгілі композиторы Жәлменденің Пышаны, Қарқаралыда атақты Мәди, Батыста Аманғали банды атанып, олар да жаңа қоғамның жауы ретінде құрбан болды. Молдабай мен Әкімгерей ескілікті көксеп, хандық өмірді, батырлық пен байлықты, сән-салтанатты жырлағаны үшін жазғырылып, аттарын ататпай, әндерін архивтің тұңғиығында тұншықтырды. Абай елінде Шәкәрімдей ғұламаның үнін өшірді. Осы қасіреттің бәрін мақсатты түрде жүргізген Кеңес өкіметін: –Кедей жалшы, Кегіңді алшы. Үлесіңді алып қалшы, Жасасын, Совет, жасасын! – деп зор сеніммен қуана қарсы алған әйдік әнші Мүсәйіп Байтілеуұлы да халық жауы атанып, атылды да кетті.

Қазақ әніне, оның иесі халық композиторларына жасалған ком­мунистік идеологияның қасіретті саясатының зардабы қандай болған! Ол сұмдық менің: «Аққулар қонған айдын көл», «Үзілген ән», «Аққу әні», «Бұлбұл әуезі», «Зәу­реш», «Жүрек пернесі» деп ата­латын кітаптарымда, үздіксіз зерт­теудің нәтижесінде, кеңірек жазы­лып еді.

– О-ой, қандай ауыр күндерді бастан кешкенсіз. Сізге бір оқыс сұрақ қояйыншы, эстрадалық әндерге көзқарасыңыз қандай? – Мен де оқыс жауап берейін… Эстрадалық әндер – қазақтың әншілік болмысына жат құбылыс. Ол – біздің діліміз бен дітімізді аз­ды­ратын, ой-сана, сезім-түй­сігімізді уландырып, әдеп-ізе­тіміз­ді, мінез-құлқымызды топастан­дыратын, ғасырлар бойы жасап келе жатқан ұлттық әуезімізді бүлдіретін айықпас дерт. Бұның зардабы жөнінде қазақтың әншілік өнерінің корифейі Бибігүл Төлегенова: «Эстрадалық ән деген сұмдықты айтпа маған. Мен үшін ол – түк те емес, нөл!» дейді. Мен үшін де – нөл! Халықтың қара­пайым ғана «Дайдидау», «Самал тау» әндерінің классикалық құді­ретін Димашымыз әлемге танытып жүрген жоқ па?! Ал ол әндер эстрадалық әндер емес. Құдай бізді ақша билеген капи­талистік дүниенің азған-тозған эстрадалық экспансиясынан сақтасын! – Елге жүзеге асуы көзделген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нәтижесін көріп отырмыз ба? – Мен үшін «Рухани жаңғыру» – науқандық жұмыс емес. Менің ән зерттеу жұмысым соңғы демім біткенше жалғаса беретін шығар. Рухани жаңғырудың шегі жоқ. Әзірше жазған зерттеулерім он кітап боп тұр. Соның алты томын «Фолиант» баспасынан шығаруға ниет бар. – Әңгімеңізге рақмет. –«Айқын» газетіне, Сіздерге рақмет! Сұхбаттасқан Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы