Президенттің екінші ұлының аты Эрик. Оның айтуынша, отбасылық бизнес ең «тыйым салынған» компания болғандықтан, ол криптовалютаға көшкен. Бұған президент қалай қарайды екен?
Мемлекет басшысының ұлы биткоинмен айналысады
Президенттің ұлының жаңа бизнес жобасы American Bitcoin деп аталады. Фото freepik.com сайтынан алынды. Авторлығы: Drobotdean
6,064
оқылды

Президенттің ұлының жаңа қызығушылығы туралы жазған CNBC телеарнасының хабарламасына сүйеніп, Aikyn.kz бұл өзгерістердің себебін талдайды.

Эрик Трамп әкесінің Ақ үйге оралуымен мемлекетте жаңа қаржылық мүмкіндіктердің ашылатынына сенімді екенін айтады. Фото nytimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Tamir Kalifa

CNBC арнасына берген сұхбатында Эрик Трамп өз отбасын «Жер бетіндегі ең көп «тыйым салынған» компания» деп атаған. Оның айтуынша, дәл осы жағдай оларды криптовалютаға көшуге итермелеген. Соңғы бастамалардың бірі – American Bitcoin деп аталатын жаңа биткоин майнинг жобасы, ол Hut 8 компаниясымен бірлесіп құрылды.

Ол әкесінің – Дональд Трамптың – Ақ үйге оралуымен мемлекетте жаңа қаржылық мүмкіндіктердің ашылатынына сенімді екенін айтады.

«Шынымды айтсам, дәл осы бізді криптовалютаға алып келді. Криптовалюта әлдеқайда жылдам, прагматикалық, мөлдір әрі бірнеше есе арзан екенін түсіндік», – дейді Эрик Трамп CNBC-ге берген сұхбатында.

2022 жылы, Трамптың бірінші президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін екі жыл өткен соң, Trump Organization-ның екі еншілес компаниясы Нью-Йорк алқабилер сотында салықтан жалтару, бухгалтерлік құжаттарды бұрмалау, алдын ала сөз байласу сынды бірнеше қылмыстар бойынша кінәлі деп танылды. Барлық 17 айып бойынша үкім Трамп 2024 жылғы сайлауға түсу ниетін жариялағаннан кейін үш апта өткен соң шығарылды.

Өткен айда Trump Organization Capital One банкін 300-ден астам банктік шотты заңсыз жапты деген айыппен Флоридада сотқа берді. Талап-арызда банк бұл әрекетті «Трамп пен оның консервативтік саяси көзқарастарынан алыстау қажет» деген «негізсіз» пікірге сүйеніп жасалғаны айтылады.

Президент Трамп пен бірінші ханым Мелания Трамп президенттік сайлаудың алдында мем-токендер шығарып, отбасылық капиталға миллиардтаған доллар қосқан. Фото reyanalyst.com сайтынан алынды

Дональд Трамп Ақ үйге қайта оралар алдында Trump Organization жаңа этикалық жоспар ұсынды. Онда президенттің билік кезінде бизнестегі шешімдерге қатысуы шектелетіні айтылған.

Алайда криптовалюта – бұл басқа мәселе. Президент Трамп пен бірінші ханым Мелания Трамп жаңа мерзім алдында мем-токендер шығарып, отбасылық капиталға миллиардтаған доллар қосқан.

Эрик Трамп пен оның ағасы Дональд Трамп-кіші бұдан да арыға бармақ. Олар АҚШ долларымен қамтылған стейблкойн шығаруды жоспарлап отыр. Бұл бастама World Liberty Financial компаниясы аясында жүзеге аспақ. Сонымен қатар олар Hut 8 компаниясымен бірлесіп American Bitcoin атты жаңа майнинг жобасын қолға алған. 

Эрик Трамп криптовалютаға келуін қаржылық пайда табу емес, қарсылықтың бір формасы ретінде сипаттайды. Ол бұл қадамды «индустрияға қарсы соғыс» кезінде бастағанын айтты. Оның айтуынша, банктер шоттарды жапты, АҚШ-тың Қаржы қадағалау органдары криптобиржаларға қысым көрсетті, ал қарапайым қолданушылар тек криптовалюта иеленгені үшін банктік қызметтен шеттетілді.

«Олар адамдарды қудалады. Олар барлығын сотқа берді. Банктер биткоин иесі болғаны үшін ғана адамдардың шоттарын жапты», – дейді ол.

Эрик Трамп сол кезде криптовалюта әлеміндегі белгілі тұлғалармен араласа бастағанын айтады.

World Liberty Financial жобасында ағайынды Трамптар Tether сияқты ірі компаниялармен бәсекелесетін стейблкоин шығару ойында бар. Эрик Трамп бұл жобаның нақты қандай артықшылықтары болатыны туралы нақты жауап бермеді, тек:

«Біз мұны жақсырақ, арзан, жылдамырақ жасаймыз», – деген.

Сонымен қатар ол серіктестерімен бірге American Bitcoin компаниясын жылдам кеңейтіп, болашақта биржаға шығаруды көздеп отыр.

Эрик Трамп саясатқа араласпайтынын және Ақ үймен байланысы жоқ екенін айтуда. Иллюстрация coindesk.com сайтынан алынды

Сарапшылардың айтуынша, American Bitcoin компаниясы Hut 8 энергетика және жасанды интеллект инфрақұрылымынан тәуелсіз дамып жатыр.

«Біз активтеріміздің көп бөлігін алып, оларды American Bitcoin-ға инвестициялап жатырмыз», – дейді Эрик Трамптың серіктесі Эшер Дженут.

Эрик Трамп, American Bitcoin компаниясының тең құрылтайшысы және стратегиялық директоры ретінде:

«Дамыған елдердің барлығы дерлік артық энергиясын (электр энергиясын – авт.) биткоин майнингіне пайдаланады», – деді.

Қазіргі Ақ үй әкімшілігінің криптовалютаға ашықтығына қарамастан, Эрик Трамп саясатқа араласпайтынын және Ақ үймен байланысы жоқ екенін айтуда. Әкесінің сайлау науқаны криптоиндустрия арқылы айтарлықтай қаржыландырылғаны белгілі. Ақ үйге қайта келген соң Дональд Трамп биткоин стратегиялық қорын құру туралы жарлыққа қол қойды.

«Менің үкіметке қатысым жоқ және шын айтсам, ондай байланыстың болуын қаламаймын», – дейді Эрик Трамп.

Дегенмен ол АҚШ-та криптовалютаның өсіп-өркендеуі үшін нақты заңнамалық база қажет екенін айтады.

«Қытай бұл салада белсенді. Таяу Шығыс та белсенді. Біз ғарыш жарысында жеңдік. Енді криптовалюта жарысында да жеңгеніміз жөн», – дейді мемлекет басшысының ұлы.

Трамптың тарифтік соғысы басталғаннан кейін нарықтағы тұрақсыздық пен сенімсіздік артты. Бұл өз кезегінде криптовалюталардың құнына да әсер етті. Әсіресе, инвесторлар қауіпсіз активтерге ауыса бастаған кезде, биткоин және басқа криптовалюталардың бағасы уақытша төмендеді.

Сауда соғысы жаһандық экономикаға қысым түсіріп, криптоактивтерге деген сұранысты әлсіретіп жіберуі мүмкін. Алайда ұзақ мерзімде бұл керісінше криптовалюталарға балама инвестициялық құрал ретінде қызығушылық туғызады деп ойлаймыз. Қысқа мерзімді құлдырау – стратегиялық қайта бағалауға жол ашатын кезең болуы мүмкін.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.