Халықты қымбатшылық қысып бара жатқанда ақылы жол тарифі де жүйкені жұқарта бастады. Таяуда еліміздің әр өңірінен бірнеше жүргізуші көлігін халықаралық маңызы бар жолдарға қаңтарып қойып, қара жолға қаржы төлеуге наразылық танытты. Өйткені Үкімет жыл сайын ақылы жолдар ауқымын арттырып жатыр. Оны онсыз да сәбіз бен картопты сатып алып жей алмай жатқан жұрттың қалтасы көтермейтінін санатқа алған ешкім байқалмайды.
Бюджеттің бүйірін толтыруға жақсы
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгi биылғы 30 наурыздан бастап бірден 5,8 мың шақырым жол ақылы болатынын жариялады. Осылайша, 2025 жылға дейін
11 мың шақырым жолда бұрынғыдай тегін жүре алмайтын болдық. Қазірдің өзінде 5,8 мың шақырым автожолдың 18 тармағында әр көліктен «ақша сауатын» бақылау аркасы тұр. Түскен табыстың бір бөлігін ақы жинаушы компания жол жөндеу, оны ұстап тұру, төлем жинау жүйесіне қызмет көрсету дегендей жұмыстарға жұмсайды. Қалғанының бәрі мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) төлемі ретінде инвестордың қалтасына сүңгиді екен.
Сонымен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгiнiң Көлiк комитетi биыл қандай республикалық маңызы бар жолдардың ақылы болатынын түсіндірді. Атап айтқанда, маусым айынан бастап оңтүстікте Шымкенттен Қызылорда, Тараз және Өзбекстан шекарасына дейін шығатын бағыттар, Қапшағай–Талдықорған, Қарабұтақ–Қызылорда жол бөліктері ақылы болады. Солтүстікте Ресеймен шекаралас Қостанай–Троицк, Павлодар–Омбы жолдары, Батыста Оралдан Саратов және Самара қалаларына дейін ақша төлейміз. Сондай-ақ Орынбор–Ақтөбе, Щучинск–Петропавл арасындағы жолдар, Ақтөбе–Орал, Атырау–Бейнеу және әрі қарай Өзбекстан шекарасына дейінгі жолдар да осы санатқа кіреді. Нұр-Сұлтан–Қостанай, Нұр-Сұлтан–Павлодар бағыттарына да төлем жасау міндеттеліп жатыр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, осы аталған 680 шақырым 4 жол учаскесінің өзінен былтыр 5,7 миллиард теңге табыс түскен. Ал қазір 2,3 миллиард теңге жиналған десек, жалпы 2021 жылы ақылы жолдардан ел бюджетіне 6 миллиард теңгедей қаржы түсіру жоспарланған. Оның ішінде ең көп түсім 1,9 миллиард теңге Нұр-Сұлтан–Теміртау бағытынан көзделіп отыр. Ал Нұр-Сұлтан–Щучинск – 1,66 миллиард, Алматы–Қорғас – 1,1 миллиард, сондай-ақ Алматы–Қапшағай бағыты 1,03 миллиард теңге қаржы әкелуі тиіс екен. Енді 2022 жылы Қазақстандағы ауқымы кеңейген барлық ақылы жол мемлекеттік бюджетке жылына 220 миллион доллар пайда түсіруі шарт.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дәлеліне сүйенсек, ақылы жолдың басқадан артықшылығы – жолүсті бір деңгейде қарама-қарсы жолмен қиылыспайды. Ол дегеніңіз – жүргізушінің жол жүру қауіпсіздігіне бір кепілдік. Сондай-ақ жол уақытын, жанар-жағармай шығынын үнемдеп, ыңғайлы жүрісті қамтамасыз етеді. Ұзақмерзімді жол қозғалысына қолайлы.
Қолданыстағы тариф сақталады
Жалпы, қазір әлемдегі 30-дан астам елде ақылы автомагистраль жолдары бар. Шамамен 25 миллион шақырым жол болса, оның 150 мың шақырымы «ақшамен жүреді» екен. Бірақ бір ғажабы, Дания, Швеция, Финляндия елдерінде тек туннель, көпір, басқа да күрделі нысандардың инфрақұрылымдық элементтерін пайдаланғаның үшін ақы төлейсің. Ал автобандары тегін Германияда ұлттық саябақтар мен қорықтар аймағынан жүріп өтудің орташа ақысы – 8 еуро.
Енді өзімізге келсек, елдегі ақылы тасжолдардың жалпы ұзындығы – 742 шақырым. «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, барлық ақылы жол бойындағы жергілікті тұрғындар өз жеңіл көлігімен жүру үшін 1 жылға 1 000 теңгенің абоненттік картасын сатып алады. Ал мұндай мүмкіндік өзге өңір тұрғындарына, бизнеске және жүк тасымалдаушыларға берілмейді. Бұл ретте жаңа учаскелердегі төлемақы мөлшері 2013 жылы енгізілген қолданыстағы ақылы жолдарға (Нұр-Сұлтан–Щучинск, Нұр-Сұлтан–Теміртау, Алматы–Қапшағай, Алматы–Қорғас) сәйкес есептеліп отыр. Қымбаттамайтын болыпты. Ал ол тариф – жеңіл көліктерге 1 шақырымы үшін 1 теңге. Автобустар болса, отыратын орын санына байланысты 1 шақырым үшін 5 теңгеден 15 теңгеге дейін төлейді. Қалааралық және жергілікті рейстік автобустар төлемақыдан босатылған. Жүк көліктерінің жүргізушілерінен жүк көтергіштігіне байланысты 1 шақырым үшін 5 теңгеден 25 теңгеге дейінгі төлем алынады.
«Жүк көлігі» демекші, биылдан бастап техникалық жағынан ІІ санатқа жататын Павлодар мен Семейдің арасын жалғайтын тасжол сол жүк көліктері үшін ақылы болып белгіленді. Шлагбаумсыз учаскеде төлем Ashyq жүйесі арқылы жүргізіледі. Оған қоса, төлем жасаудың 20-дан астам тәсілі енгізілген. «Төлемей кетемін» деген түсінік жоқ, автокөліктердің жүріп өткен қашықтығы арнайы камералармен бақыланып отыр. Автокөлік ақылы жолдармен жүріп, төлем қабылдау пунктінен өтпесе немесе жүргізушінің шотындағы қаражат жетпеген жағдайда оның төлеуі тиіс сомасы мемлекеттік нөмірге қарыз ретінде тіркеледі.
Қазір қолданыста Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданында тіркеліп, атышулы «Сергек» жүйесінің бүкіл видеоаналитикасын әзірлеген Computer Vision Technologies (CVT) компаниясы бар. Келісімшартқа сәйкес, ол консорциум жаңа учаскелерде төлем жинау жүйесін 2 кезеңмен реттеп отырады екен. Осы орайда 5,7 мың шақырым жолға былтыр енгізілген тестілік режим бойынша, биылғы мамыр айынан бастап ақы жиналуда. Екінші кезеңде 2021-2024 жылдар аралығында тағы 5,3 мың шақырым жол ақылы жүйеге көшетін болды. Бір қызығы, ол компания да салған қаражатын өтеген соң, яғни 11 жылдан кейін төлем жинау жүйесі мемлекет меншігіне өтеді. Ал осынша уақытта «заман басқа, заң басқа» дегеннің кері келіп, жол жүргенің үшін ақша төлеу үдерісі де үзілуі мүмкін.
Қалтасы қағылғандар қапалы
Қазақстанда жалпы көлемі 11 мың шақырым болатын бірнеше жаңа жол әлгі Computer Vision Technologies сияқты жекеменшік компаниялардың ақы жинауына беріліп жатыр. Осыдан-ақ ақылы жолдардың аса табысты бизнес екені белгілі болып қалды. Сол себепті биыл 30 мамырда 9 облыстың жүк көліктері жол бойына тізіліп, жүргізушілер маусымнан бастап жолды ақылы ету бастамасына наразылық білдірді. «Жол ақылы болса, жанармай бағасы өссе, біз тасымалдау бағасын көтереміз, сосын азық-түлік қымбаттайды. Жүк көлігінен шақырымына 25 теңге алады дейді. Алматы мен Нұр-Сұлтан арасын алатын болсақ,
1 300 шақырымға 32 500 теңге төлейді екенмін. Ал мен Алматыдан Нұр-Сұлтанға дейін 500-550 литр солярка жағып, 100 мың теңге жұмсаймын. Жолда дөңгелек жарылады. Жол мінсіз емес, тас, темір тіліп кетеді. Жүк көлігінің бір дөңгелегі қазір 130 мың теңге тұрады», – дейді елордалық жүргізуші Жәнібек Оралхан.
Сонымен қатар Дильшат атты шымкенттік жүргізуші: «Жолдар өте нашар. Жағдай жоқ, дәретхана жоқ. Көрші Ресейде ақылы жолда бар жағдай жасалған. Бізде қыс кезінде жол мүлдем тазаланбайды. Құм шашқандай болады, онысын видеоға түсіріп, есеп береді, сонымен болды. Осының салдарынан қаншама апат болды» деп отыр. Ал биыл ақылы болатын жолдардың бірі Ақтөбе–Орал тасжолы екенін ескерсек, сол жолмен жүрген Эдуар Боранбаев та: «Билік халықты мүлдем ойламайды. Жолда екі дөңгелегім тесіліп, 70 мың теңге жұмсадым. Тасжолды ақылы етсе, тағы 70 мың теңге төлеуім керек. Онда мен не үшін жұмыс істеймін? Шығынға батамын ғой. Ендеше Үкімет маған басқа жұмыс тауып берсін»деп кейіді. Түркістан қаласының маңындағы Батыс Еуропа–Батыс Қытай халықаралық транзиттік автожолының жиегіне жиналғандардың бірі Сұлтан Жүсіпов болса, өзінің Түркістаннан Ақтөбеге дейін сапасыз жолмен бір барып-келгені үшін жүк көлігіне шамамен 60 мың теңге төлейтініне ашынады. Сол сияқты «Өзіміздің есебіміз бойынша, Алматыға дейін 100 мың теңгеден ақы төлеуіміз керек екен. Бұл – бір бағыттағы ғана баға. Онда ол жұмысты істеудің маңызы жоқ. Жолдардың сапасы сын көтермейді. Атырау–Құлсары жолы істен шыққан», – дейді Атырау–Ақтау тасжолына шыққан ауыр және жеңіл жүк көлік иелері.
Жүргізушілердің уәждері орынсыз емес, әрине. Шынында да, шенеуніктердің «жиналған ақыға жолды лайықты күтіп ұстаймыз және оған жоғары деңгейде қызмет көрсетіледі» деген уәделері орындала қоймаған. Мысалы, 2020-2021 жылдардың қақаған аяз, қарлы боранында ақылы жолдар қардан уақытылы тазартылмай, жұрт апатқа ұрынып, істен шыққан көліктерімен жолда қалып жатты. Ондай жағдайда жол бойында жылыну бекеттері де қарастырылмаған, қарапайым дәретханамен де жабдықталмаған. Тіпті, автожолдардың үлкен бөлігінде ұялы байланыс ұстамайтындықтан, шұғыл жәрдем қызметтеріне қоңырау шалатын мүмкіндік тағы жоқ. Сондай-ақ ІІМ 2019 жылдан бері тасжолда мал мен жабайы жануар өтетін өтпелердің болмауын алға тартумен келеді. Себебі көптеген апат аң-жануарлардың жолға шығып кетуі салдарынан туындауда.
Бұл мәселелерді шетелдік туристер де талай көтерген. Содан кейін ғана ел бойынша 297 заманауи әжетхана 2024 жылға дейін асықпай тұрғызылатын болды. Соның өзінде билік өз уәждерін айтып отыр.
«Біздегі ақылы жолдар мен Еуропаны салыстырып жатады. Еуропадағы тығыздықты қараңыздар. Жолдардың кірісі өте жоғары. Өйткені көлік ағыны өте тығыз. Ал бізде 500 шақырымдық жол бойында бірнеше шағын елді мекен ғана орналасқан. Сервис мәселесі де осыған байланысты. Бізде жолдарды күтіп ұстау өте қиын. Қыста қар алғанда техниканың ондаған шақырым жерден баратын кездері болады. Климатымыз да, тығыздығымыз да әртүрлі. Жолдарымыз өте ұзын, ал халықтың саны аз. Көлік саны бойынша да көптеген елмен теңдесе алмаймыз. Халқы мен көлік саны тығыз елдерде жолдың шығыны тез ақталады. Ондағы баға да мүлде басқаша», – деді Идустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
Бірақ ақылы жолдан түскен миллиардтар тек сол жолдардың қарын тазартып, тесігін жамағанға кетіп жатыр дегенге қымбатшылықтан қажыған жүргізушілерді сендіру қиын.
Еркеғали БЕЙСЕН