Ақылы жолға наразылар аз емес
Ақылы жолға наразылар аз емес
122
оқылды

Халықты қымбатшылық қысып бара жатқанда ақылы жол тарифі де жүйкені жұқарта бас­тады. Таяуда еліміздің әр өңірінен бірнеше жүргізуші көлігін халықаралық маңызы бар жол­дарға қаңтарып қойып, қара жолға қаржы төлеуге наразылық танытты. Өйткені Үкімет жыл сайын ақылы жолдар ауқымын арттырып жатыр. Оны онсыз да сәбіз бен картопты сатып алып жей алмай жатқан жұрттың қалтасы көтермейтінін санатқа алған ешкім байқалмайды.

Бюджеттің бүйірін толтыруға жақсы

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлiгi биылғы 30 наурыздан бастап бірден 5,8 мың шақырым жол ақылы бола­тынын жариялады. Осылайша, 2025 жылға дейін
11 мың шақырым жолда бұрын­ғыдай тегін жүре алмайтын бол­дық. Қазірдің өзінде 5,8 мың шақырым автожолдың 18 тар­мағында әр көліктен «ақша сауатын» бақылау аркасы тұр. Түскен табыстың бір бөлігін ақы жинаушы компания жол жөндеу, оны ұстап тұру, төлем жинау жүйе­сіне қызмет көрсету деген­дей жұ­мыстарға жұмсайды. Қалғанының бәрі мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік (МЖӘ) төлемі ретінде ин­вестордың қал­тасына сүңгиді екен.

Сонымен, Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министр­лiгiнiң Көлiк комитетi биыл қандай республикалық маңы­зы бар жолдардың ақылы бо­латынын түсіндірді. Атап айт­қанда, маусым айынан бастап оң­түстікте Шым­кенттен Қы­зылор­да, Тараз және Өзбекстан ше­ка­расына дейін шығатын бағыт­тар, Қапшағай–Талдықор­ған, Қарабұтақ–Қы­зылорда жол бөліктері ақылы болады. Сол­түс­тікте Ресеймен шекаралас Қостанай–Троицк, Павлодар–Омбы жолдары, Батыста Оралдан Саратов және Самара қалаларына дейін ақша төлейміз. Сондай-ақ Орынбор–Ақтөбе, Щучинск–Петропавл арасындағы жолдар, Ақтөбе–Орал, Атырау–Бейнеу және әрі қарай Өзбекстан шека­расына дейінгі жолдар да осы санатқа кіреді. Нұр-Сұлтан–Қостанай, Нұр-Сұлтан–Павлодар бағыттарына да төлем жасау міндеттеліп жатыр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың ай­туын­ша, осы аталған 680 шақырым 4 жол учаскесінің өзінен былтыр 5,7 миллиард тең­ге табыс түскен. Ал қазір 2,3 миллиард тең­ге жиналған десек, жалпы 2021 жылы ақы­лы жолдардан ел бюджетіне 6 миллиард тең­гедей қаржы түсіру жоспарланған. Оның ішін­де ең көп түсім 1,9 миллиард теңге Нұр-Сұлтан–Теміртау бағытынан көзделіп отыр. Ал Нұр-Сұлтан–Щучинск – 1,66 миллиард, Алматы–Қорғас – 1,1 миллиард, сондай-ақ Алматы–Қапшағай бағыты 1,03 миллиард тең­ге қаржы әкелуі тиіс екен. Енді 2022 жы­лы Қазақстандағы ауқымы кеңейген барлық ақы­лы жол мемлекеттік бюджетке жылына 220 миллион доллар пайда түсіруі шарт.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дәлеліне сүйенсек, ақы­лы жолдың басқадан артықшылығы – жо­л­үсті бір деңгейде қарама-қарсы жолмен қиы­лыспайды. Ол дегеніңіз – жүргізушінің жол жүру қауіпсіздігіне бір кепілдік. Сон­дай-ақ жол уақытын, жанар-жағармай шы­ғы­нын үнемдеп, ыңғайлы жүрісті қам­тама­сыз етеді. Ұзақмерзімді жол қозғалысына қо­лайлы.

Қолданыстағы тариф сақталады

Жалпы, қазір әлемдегі 30-дан астам елде ақы­лы автомагистраль жолдары бар. Ша­ма­мен 25 миллион шақырым жол болса, оның 150 мың шақырымы «ақшамен жүре­ді» екен. Бірақ бір ғажабы, Дания, Швеция, Финляндия елдерінде тек туннель, көпір, бас­қа да күрделі нысандардың инфра­құрылымдық элементтерін пайдаланғаның үшін ақы төлейсің. Ал автобандары тегін Гер­манияда ұлттық саябақтар мен қорықтар ай­мағынан жүріп өтудің орташа ақысы – 8 еу­ро.

Енді өзімізге келсек, елдегі ақылы тасжолдардың жалпы ұзындығы – 742 ша­қы­рым. «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, барлық ақылы жол бойындағы жергілікті тұрғындар өз жеңіл көлігімен жүру үшін 1 жылға 1 000 тең­генің абоненттік картасын сатып алады. Ал мұндай мүмкіндік өзге өңір тұрғын­да­ры­на, бизнеске және жүк тасымалдаушыларға беріл­мейді. Бұл ретте жаңа учаскелердегі тө­ле­мақы мөлшері 2013 жылы енгізілген қол­даныстағы ақылы жолдарға (Нұр-Сұл­тан–Щучинск, Нұр-Сұлтан–Теміртау, Ал­маты–Қапшағай, Алматы–Қорғас) сәйкес есеп­теліп отыр. Қымбаттамайтын болыпты. Ал ол тариф – жеңіл көліктерге 1 шақырымы үшін 1 теңге. Автобустар болса, отыратын орын санына байланысты 1 шақырым үшін 5 тең­геден 15 теңгеге дейін төлейді. Қалаара­лық және жергілікті рейстік автобустар төле­мақыдан босатылған. Жүк көліктерінің жүр­гізушілерінен жүк көтергіштігіне бай­ланысты 1 шақырым үшін 5 теңгеден 25 тең­­­геге дейінгі төлем алынады.

«Жүк көлігі» демекші, биылдан бастап тех­никалық жағынан ІІ санатқа жататын Павлодар мен Семейдің арасын жалғайтын тас­жол сол жүк көліктері үшін ақылы болып бел­гіленді. Шлагбаумсыз учаскеде төлем Ashyq жүйесі арқылы жүргізіледі. Оған қоса, тө­лем жасаудың 20-дан астам тәсілі енгі­зіл­ген. «Төлемей кетемін» деген түсінік жоқ, ав­­­­токөліктердің жүріп өткен қашықтығы арнайы камералармен бақыланып отыр. Автокөлік ақылы жолдармен жүріп, төлем қа­былдау пунктінен өтпесе немесе жүргізу­ші­нің шотындағы қаражат жетпеген жағдай­да оның төлеуі тиіс сомасы мемлекеттік нө­мірге қарыз ретінде тіркеледі.

Қазір қолданыста Нұр-Сұлтан қала­сы­ның Есіл ауданында тіркеліп, атышулы «Сер­гек» жүйесінің бүкіл видеоана­лити­ка­сын әзірлеген Computer Vision Technologies (CVT) компаниясы бар. Келісімшартқа сәй­кес, ол консорциум жаңа учаскелерде тө­лем жинау жүйесін 2 кезеңмен реттеп оты­рады екен. Осы орайда 5,7 мың шақы­рым жолға былтыр енгізілген тестілік режим бойынша, биылғы мамыр айынан бастап ақы жиналуда. Екінші кезеңде 2021-2024 жыл­дар аралығында тағы 5,3 мың шақырым жол ақылы жүйеге көшетін болды. Бір қы­зығы, ол компания да салған қаражатын өте­ген соң, яғни 11 жылдан кейін төлем жи­нау жүйесі мемлекет меншігіне өтеді. Ал осын­ша уақытта «заман басқа, заң басқа» де­ген­нің кері келіп, жол жүргенің үшін ақша тө­леу үдерісі де үзілуі мүмкін.

Қалтасы қағылғандар қапалы

Қазақстанда жалпы көлемі 11 мың ша­қы­рым болатын бірнеше жаңа жол әлгі Computer Vision Technologies сияқты же­ке­меншік компаниялардың ақы жинауына беріліп жатыр. Осыдан-ақ ақылы жолдар­дың аса табысты бизнес екені белгілі болып қалды. Сол себепті биыл 30 мамырда 9 об­лыс­тың жүк көліктері жол бойына тізіліп, жүр­гізушілер маусымнан бастап жолды ақылы ету бастамасына наразылық білдірді. «Жол ақылы болса, жанармай бағасы өссе, біз тасымалдау бағасын көтереміз, сосын азық-түлік қымбаттайды. Жүк көлігінен шақырымына 25 теңге алады дейді. Алматы мен Нұр-Сұлтан арасын алатын болсақ,
1 300 шақырымға 32 500 теңге төлейді екен­мін. Ал мен Алматыдан Нұр-Сұлтанға дейін 500-550 литр солярка жағып, 100 мың теңге жұм­саймын. Жолда дөңгелек жарылады. Жол мінсіз емес, тас, темір тіліп кетеді. Жүк кө­лі­гінің бір дөңгелегі қазір 130 мың теңге тұра­­ды», – дейді елордалық жүргізуші Жә­ні­бек Оралхан.

Сонымен қатар Дильшат атты шымкент­тік жүргізуші: «Жолдар өте нашар. Жағдай жоқ, дәретхана жоқ. Көрші Ресейде ақылы жолда бар жағдай жасалған. Бізде қыс ке­зінде жол мүлдем тазаланбайды. Құм шаш­қан­дай болады, онысын видеоға түсіріп, есеп береді, сонымен болды. Осының сал­дарынан қаншама апат болды» деп отыр. Ал биыл ақылы болатын жолдардың бірі Ақтөбе–Орал тасжолы екенін ескерсек, сол жолмен жүрген Эдуар Боранбаев та: «Билік халықты мүлдем ойламайды. Жолда екі дөңгелегім тесіліп, 70 мың теңге жұмсадым. Тасжолды ақылы етсе, тағы 70 мың теңге тө­л­еуім керек. Онда мен не үшін жұмыс істеймін? Шығынға батамын ғой. Ендеше Үкімет маған басқа жұмыс тауып берсін»деп кейіді. Түркістан қаласының маңындағы Ба­тыс Еуропа–Батыс Қытай халықаралық тран­зиттік автожолының жиегіне жинал­ғандардың бірі Сұлтан Жүсіпов болса, өзінің Түркістаннан Ақтөбеге дейін сапасыз жол­мен бір барып-келгені үшін жүк көлігіне ша­мамен 60 мың теңге төлейтініне ашы­нады. Сол сияқты «Өзіміздің есебіміз бойын­ша, Алматыға дейін 100 мың теңгеден ақы төлеуіміз керек екен. Бұл – бір бағыт­тағы ғана баға. Онда ол жұмысты істеудің маңызы жоқ. Жолдардың сапасы сын кө­термейді. Атырау–Құлсары жолы істен шық­қан», – дейді Атырау–Ақтау тасжолына шық­қан ауыр және жеңіл жүк көлік иелері.

Жүргізушілердің уәждері орынсыз емес, әри­не. Шынында да, шенеуніктердің «жи­нал­ған ақыға жолды лайықты күтіп ұстай­мыз және оған жоғары деңгейде қызмет көр­сетіледі» деген уәделері орындала қоймаған. Мысалы, 2020-2021 жылдардың қақаған аяз, қарлы боранында ақылы жол­дар қардан уақытылы тазартылмай, жұрт апатқа ұрынып, істен шыққан көліктерімен жол­да қалып жатты. Ондай жағдайда жол бойында жылыну бекеттері де қарас­тырыл­маған, қарапайым дәретханамен де жаб­дықталмаған. Тіпті, автожолдардың үлкен бөлігінде ұялы байланыс ұстамайтындықтан, шұғыл жәрдем қызметтеріне қоңырау шала­тын мүмкіндік тағы жоқ. Сондай-ақ ІІМ 2019 жылдан бері тасжолда мал мен жабайы жануар өтетін өтпелердің болмауын алға тар­тумен келеді. Себебі көптеген апат аң-жануарлардың жолға шығып кетуі салдары­нан туындауда.
Бұл мәселелерді шетелдік туристер де та­лай көтерген. Содан кейін ғана ел бойын­ша 297 заманауи әжетхана 2024 жылға дейін асықпай тұрғызылатын болды. Соның өзін­де билік өз уәждерін айтып отыр.

«Біздегі ақылы жолдар мен Еуропаны салыстырып жатады. Еуропадағы тығыздықты қараңыз­дар. Жолдардың кірісі өте жоғары. Өйткені көлік ағыны өте тығыз. Ал бізде 500 шақы­рым­дық жол бойында бірнеше шағын елді мекен ғана орналасқан. Сервис мәселесі де осыған байланысты. Бізде жолдарды күтіп ұстау өте қиын. Қыста қар алғанда техника­ның ондаған шақырым жерден баратын кез­дері болады. Климатымыз да, тығызды­ғы­мыз да әртүрлі. Жолдарымыз өте ұзын, ал халықтың саны аз. Көлік саны бойынша да көптеген елмен теңдесе алмаймыз. Халқы мен көлік саны тығыз елдерде жолдың шы­ғыны тез ақталады. Ондағы баға да мүлде бас­қаша», – деді Идустрия және инфра­құры­лымдық даму министрі Бейбіт Атамқұ­лов.

Бірақ ақылы жолдан түскен миллиардтар тек сол жолдардың қарын тазартып, тесігін жамағанға кетіп жатыр дегенге қымбатшы­лық­тан қажыған жүргізушілерді сендіру қиын.
Еркеғали БЕЙСЕН