Кеңес Одағының ыдырауы елімізде экономиканың барлық секторы секілді, құрылыс саласын да тұралатып кеткені белгілі. Сол 1990 жылдардың басында тұралағаннан бұл салаға тек Сарыарқаның төсіне көшкен жаңа қала – Астананың құрылысымен жаңа тыныс бітті. Осылайша, 2000 жылдардың басында елордада қарқын алған бұл сегменттің 2005 жылы екінші демі ашылды деуге болады. Қазақстанда ұлттық тұрғын үй құрылысы бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кездегі сөзімен айтқанда, «Құрылыс саласы экономиканың локомотивіне айналуы тиіс» болды. Сол тұрғын-несиелік бағдарлама жүзеге асқан 2005-2007 жылдары елімізде барлық қаржы көздерінен салынған тұрғын үй көлемі 12 млн шаршы метр болыпты. Бұл 195 мың пәтер пайдалануға берілді деген сөз. Осылайша, құрылыс қарқыны бірден екі есе артқан.
Тұрғын үй қоры ескі жаңа Қазақстан
Кеңес Одағының елімізге қалдырған мұрасының бірі – ескі тұрғын үй қор. Апаттық жағдайдағы үйлердің қатары өсті. Жертөлесі сасыған, төбесінен су аққан, қабырғасы сыз үйлер онсыз да әлеуметтік-тұрмыстық тауқыметті одан сайын ушықтыра түсті. Дағдарыс алғашқы кезеңінде бұл шешімі жоқ шарасыздық боп көрінгені рас. Әйтсе де, қазір толық әлеуетіне көшкен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту және дамыту бағдарламасының қабылдануы сол кезде қазақстандықтарға жылымшы үміт сыйлады. Бұл 1996 жылғы тұрғын үй-коммуналдық реформа болатын. Азаматтарға тұрғын үйлерін жекеменшікке, яғни өз аттарына аударып алуға мүмкіндік берген бұл бастама ел халқына өз мүлкінің ғана емес, өмірінің қожайыны екенін сезінуге мүмкіндік берді. Бұл қазақстандықтардың көкейіндегі ел мен жердің иесі өздері екенін ұғындырған азаттық рухын нығайта түсті.
Осы жылдары алғаш Тұрғын үй-пайдалану кооперативтері (ЖЭК) мен Пәтер иелері кооперативтері (ПИК) пайда болды. Адамдар кондоминиумға біріге бастады. Осылайша, нарықтық қатынас әліппесінің алғашқы парағы ашылды. Тұрғындар ескі тұрғын үй қорын өз күштерімен жаңартуға болатынын түсінді. Егер сол кезде мемлекет мұндай батыл қадамға бармағанда, бүгінде еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мүлдем құлдырап кетер еді. Ал экономика жанданып, халықтың әл-ауқаты артқан сайын бұл бағдарламаға қажетінше қаржы құюдың да мүмкіндігі туды.
Баспана – басты нысана
Елімізде құрылыс қарқыны тоқыраудан кейінгі аяқтан тұра бастаған 2000 жылдардан бастау алады. Осы уақытта экономиканың локомотиві делінетін бұл сала жандана бастаған болатын. Ал баспанаға деген сұранысты құрылыс қарқыны ғана қанағаттандыратындықтан, мұнда инвестиция тартудың барлық мүмкіндігі қарастырылды. Соның бірі – жеке капиталды пайдалану тетігі. 2003 жылы Астана және Алматы қалаларында осы жаңа қатынас практикаға енді. Осы секілді көптеген бастама аясында еліміздегі құрылыс дүмпуі 2000 жылдардың ортасына тұс келді: 2004 жылы – 2,6 млн, 2005 жылы – 5 млн, ал 2006 жылы 6,2 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Осылайша, Қазақстан 1991 жылғы көрсеткішті қуып жетті. 2007 жылы ол көрсеткіштен екі есе асып түскенін жоғарыда атап өттік.
Одан кейінгі жылдарды сала тарихында жаңа кезең деуге болады. 2011 жылы «Nur Otan» партиясының XIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Тұрғын үй құрылысы бағдарламасының арқасында бүгінде миллионға жуық қазақстандықтар жаңа баспанада тұрып жатыр. 2009-2010 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы шаралар бізге тұрғын үй құрылысы көлемін жыл сайынғы 6,4 миллион шаршы метр көлемінде ұстап қалуға мүмкіндік берді» деген болатын. Осы орайда Елбасы Үкіметке тұрғын үй құрылысын қолдау және ипотеканы ынталандыру бойынша кешенді шаралар жасап шығаруға тапсырма берді. Нәтижесінде, 2011 жылы тұрғын үй құрылысына бюджеттен 75 миллиард теңге қарастырылып, 6 миллиондық меже сақталып қалды. Содан бері бұл көрсеткіш жылдан-жылға өспесе, кеміген емес.
«Нұрлы жолдан» «Нұрлы жерге» дейін
Құрылыс дегеніміз тек тұрғын үй мен коммуналдық шаруашылық емес екені белгілі. Елбасының 2014 жылы жариялаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан туындайтын бағдарлама еліміздің құрылыс саласын кешенді түрде қарастырды. Ол елдің макроөңірлерін біріктіру және хаб қағидаты бойынша бірыңғай нарықты қалыптастыруға негізделген жаңа экономикалық саясатты іске асыруға бағытталды. Жалпы алғанда, «Нұрлы жол» бағдарламасы негізгі екі блоктан тұрды. Оның біріншісі – инфрақұрылымды дамыту. Бұл блоктағы жобалар 7 бағыт бойынша өрбіді. Олар – көліктік-логистика инфрақұрылым, индустриялық инфрақұрылым, энергетикалық инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тағы басқалар. «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру 2020 жылға дейін бірқатар нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Сала тарихында ерекше атап өтетін жылдың бірі – 2017 жыл. Осы жылы Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «урбанизация процестері құрылыс секторының тоқтаусыз дамуына түрткі болып отыр, сол себептен де бұл сала отандық экономиканың драйвері болуы тиіс» деген болатын. Оның тапсырмалары негізінде осы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын баспанамен қамтуға арналды.
Одан кейінгі жылдарда да құрылыс қарқыны бәсеңсіген жоқ. Көптеген бағдарлама мен жол картасының арқасында құрылыс қарқыны бүгінде жылына 15 млн шаршы метрге жетіп отыр. Былтырғы пандемия іскерлік белсенділік пен шығындарды қысқартуға алып келгенімен, бұл құрылыс қарқынына әсер еткен жоқ. 2020 жылы құрылыс саласы Қазақстан экономикасының экономикалық белсенділігінің негізін құрап, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 16,8%-ға өсіп, 15,3 млн шаршы метрді құрады. Тұрғын үй құрылысы көлемі мен қарқыны жағынан Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларын және Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан облыстарын атауға болады.
Нұрлан ҚОСАЙ