Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру бойынша шаралар, сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілердің тұтынушыларға қолжетімділігін жеңілдету мәселелері «Nur Otan» партиясы жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жоспардан тыс отырысында талқыланды.
«Біздің мемлекеттік органдар елдегі инфляция 7,5%-ды құрайды дейді. Бірақ базарлар мен дүкендерге барсаңыз, мүлдем басқа көрініске куә боласыз. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 17-сінің бағалары айтарлықтай аспандап кетті. Атап айтсақ, сәбіз бен картоп – 69-73%-ке, күнбағыс майы – 19%-ке, пияз, қант, қарақұмық жармасы - 9-10%-ке, сүт, ұн - 2-3%-ке қымбаттады», — деп атап өтті Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров азық-түлік бағасының өсуіне әсер ететін факторлардың бірі ретінде алыпсатарлардың қызметін айтты.
«Бүгінде картоп егістікте 150 теңгеден, ал сауда орындарында 300-350 теңге тұрады. Яғни, алыпсатарлар бағаны көтеріп отыр. Алайда, сауда үстемесі сатып алу бағасының 15%-нан аспауы керек. Бұл жерде жергілікті атқарушы органдар жағдайды бақылауға алып, жұмыс істеуі керек, деді А.Сапаров.
Сондай-ақ, Кеңес төрағасы синоптиктердің болжамы бойынша қатты құрғақшылық болатын Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету керектігіне назар аударды.
Өз кезегінде Айдарбек Сапаров Кеңес мүшелеріне бұл мәселе ауыл шаруашылығы министрлігінің бақылауында екенін айтты.
Бағаны тұрақтандыру құралы ретінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин бағаларды болжау тетігін енгізуді, жылыту және су тасқыны маусымына дайындық жасаған сияқты, 2-3 ай бұрын жеміс-көкөніс өнімдері тапшылығының алдын-алу үшін дайындықты жүзеге асыруды, сондай-ақ әлеуметтік дүкендер не қолданыстағы сауда желілерінде арнайы бөлімдер құруды ұсынды.
Кеңес мүшесі, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев өндірушілерге өндіріс көлемін жоспарлауға мүмкіндік беретін инфляцияны болжау қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, Кеңес мүшелері ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өнімді ұзақ мерзімді сақтау инфрақұрылымына қол жеткізуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ өндірушілер мен желі клиенттерінің тікелей байланысы есебінен көлік, логистикалық және сауда шығындарын азайтуға бағытталған көтерме-тарату орталықтары желісін құру жөніндегі жұмысты талқылады.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің деректері бойынша 2021 жылы 5 көтерме-тарату орталығының құрылысын бастау және жұмыс істеп тұрған 2 орталықты жаңғырту жоспарлануда.
Өз кезегінде, Аманжан Жамалов 2020 жылғы есеп бойынша 413,8 млрд теңгеге жететін жобаның жоғары құнын атап өтті. Бастапқыда барлық 24 көтерме-тарату орталығын құру 237,5 млрд теңгеге бағаланды. Оның пікірінше, жобаның құны мен оны іске асырудың ұзақ мерзімі өнім бағасының төмендеуіне, оның ішінде маусымдық бағаның ауысуына кепілдік бермейді.
Отырыс қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар ұсынымдар әзірленді. Олардың ішінде бағаның алыпсатарлық өсуіне қарсы күрес, жеке қосалқы шаруашылықтарды егіс алқаптарын ұлғайтуға ынталандыру, шекарада жедел режимде азық-түлікті жүк көлігімен тасымалдауды пысықтау, қолда бар қорды өндіру және азық-түлік тауарларын тұтыну теңгерімін жасау және т.б. бар.