«Жылдың үздік жаңалықтар порталы» аталымында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі жеңіске жетті.
Сонымен бірге, «BaigeNews.kz порталының журналисі Әнуар Әбдірахманов «Жылдың үздік репортажы» номинациясында жеңімпаз атанды.
«Жылдың үздік аналитикалық материалы» аталымында «Ақиқат» журналының қызметкері Дина Имамбаева озық деп танылды.
Ал «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үздік материал» номинациясында «Семей таңы» газетінің тілшісі Риза Молдашева жеңіске жетті. Марапатты тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Ақпарат мминистрі, мемлекет және қоғам қайраткері, журналист Қуаныш Сұлтанов табыстады.
«Жылдың үздік танымдық материалы» аталымында Massaget.kz порталынан Өмірбек Сансызбаев озып шықты. Жүлдені Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Салтанат Аманова берді.
Newsroom.kz порталының фотосуретшісі Мақсат Шағырбаев «Жылдың үздік фотосуреті» аталымында үздік атанды.
Forbes Kazakhstan ұжымы «Жылдың үздік журналы» атанды.
«Жылдың үздік сұхбаты» жүлдесін Vlast.kz порталының журналисі Тамара Вааль жеңіп алды.
Сонымен бірге, URKER - 2021 ұлттық бәйгесінің арнайы жүлдесі «Қазақ радиосы» ұжымына берілді.
«Байқаудың арнайы жүлдесін анықтау - біз үшін үлкен мәнге ие. Бұл жүлдені алып отырған ұжымның орны бөлек десе де болады. Бір ғасыр бойы халықты үздіксіз ақпаратпен және ұлтымыздың әні мен жырын, мәдениетін халыққа жеткізіп отырған еліміздің бас радиосы – «Қазақ радиосына» беріледі. Қазақ радиосы ұжымын шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің радиосы мыңжылдықтар бойы қазақтың үнін жеткізе берсін», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева. Барлық жеңімпаздарға URKER естелік мүсіншесі және бір миллион теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлық табысталды.