2001 жыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 10 жыл толды. Сол жылы еліміз азаттық алғаннан кейінгі алғашқы жылдардағы ауыр кезеңді артқа тастап, даму жолына түскен болатын. Тәуелсіздіктің 10 жылдығында Қазақстан көрші мемлекеттердің басым бөлігімен шекараны белгілеуді аяқтады.
Әрине, тәуелсіздік жылнамасы туралы сыр шерткенде әр жылдың өзіндік ерекшелігі, жетістіктері мен елді елең еткізген оқиғалары болғаны еске түседі. Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы мерейтойын, яғни 10 жылдығын Қазақстан алға қойған нақты мақсаттармен, азды-көпті табыстармен қарсы алды. 10 жыл ішінде Қарулы Күштер құрылды, мемлекеттіліктің барлық нышаны толық орнықты, төл валюта қолданысқа енгізіліп, көршілермен шекара келісімдері аяқтала бастады. «Қиын-қыстау күндерде қажет болар» деп ашқан Ұлттық қордың да қоржыны толып, «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасында көрсетілген межелерге қарай қадам баса бастадық. Сол жылы елорданың Арқа төріне қоныс тепкеніне және зейнетақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілгеніне үш жыл толған болатын. Қазақстан әлемдегі және аймақтағы бейбітшілікті сақтау ісіне мықтап араласуға бел буды.
Қысқасы, 2001 жылдың айшықты оқиғалары мол болды. Тіпті, тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы 10 жылды ғасырға татитын кезең ретінде бағаладық. Оны Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та атап өткен болатын.
«Осы жылдардың iшiнде бұл жолдың сорабын алдымен Түркi қағанатын, кейiннен Қыпшақ конфедерациясы мен Қазақ хандығын құрған өзiмiздiң ұлы бабаларымыздың бұдан мың жарым жылдан астам уақыт бұрын тартқанын бiз есiмiзден шығарған емеспiз. Ойлансақ, армандағанымыз, аңсағанымыз осы емес пе едi! Бүгiнгi күнi, менiң бiлуiмше көкiрегi ояу кез келген азамат «Тәуелсiздiк маған емес, бiзге, менiң елiме не бердi, қолымызды неге жеткiздi?» деген сауалды өзiне қоймай тұра алмайды. Осы мiнбеде тұрып, ағымнан жарылып: бұл сауалдар менiң өзiммен iлесе жүретiн күнбе-күнгi серiгiм екенiн, жатсам-тұрсам ойымнан еш кетпейтiн қымбат сырласым, басқан қадамымды, көкейдегi ойымды аңдып тұратын сыншым екенiн айтуым керек. Көне «Күлтегiн ескерткiшi» жазуында: «Елiн елдiктi еттi, жауын бейбiт еттi» деген сөздер бар екен. Осыдан мың жылдан көп бұрын айтылып, тасқа қашалған бұл сөздер бiздiң басымыздағы бүгiнгi жағдайға тiкелей қатысы бар сияқты» деген еді сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев.
Шекара шегенделген жыл
Әрине, Қазақстан өзімен қоңсылас 5 мемлекетпен арадағы шекараға қатысты келіссөздерді ұзақ уақыт жүргізгені белгілі. Әсіресе, Ресеймен арадағы шекараны делимитациялау ұзаққа созылғаны бар. Алайда 2001 жылы еліміз Ресейден басқа көршілермен арадағы шекара келіссөздерін толық аяқтады. Сол жылы Қазақстан Қырғызстанмен, Өзбекстанмен және Түрікменстанмен арадағы шекараны делимитациялау жөніндегі келіссөздерді, Қытаймен арадағы шекара белгілерін орнатуды аяқтады. Сөйтіп, әлемдік сарапшылар әдетте жер мәселесінде өз дегенінен қайтпайтын ел деп бағалайтын Қытай мемлекетімен арадағы шекараны бекемдедік. Нәтижесінде, ұзындығы 1 783 шақырым болатын шекараға 688 белгі орнатылды. Олардың 346-сы Қазақстан жағында болса, 342-сі Қытай жағында еді. Ал түстіктегі үш елмен арадағы шекараны демаркациялау ісі кейін аяқталды.
Алғаш рет қаржы рақымшылығы өтті
2001 жылы Қазақстан посткеңестік мемлекеттер арасында алғаш рет қаржы рақымшылығын жариялады. Сөйтіп, тәуелсіздік алғаннан кейінгі елең-алаң шақта пысықайлардың заңды немесе заңға томпақтау тәсілдермен жинап алған қаржысын заңдастыруға мүмкіндік берілді. Елбасы осынау бастаманы жүзеге асыра отырып, шетелдерде сақтаулы жатқан қаржының ел экономикасына қызмет етуіне мүмкіндік берген болатын. Қаржысын елге әкелгендердің қудаланбайтынына кепілдік берілді. Ал елдегі 16 коммерциялық банк қаржысын заңдастырмақ болған азаматтарға арнайы шот ашты. Сөйтіп, 20 күн ішінде 3 мыңға жуық отандасымыз 480 миллион долларды заңдастырды. Әрине, алғашқы қаржы амнистиясынан тым мол ақша түскен жоқ. Алайда сол 480 млн доллардың өзі ел экономикасына қызмет ететінін ескерсек, шараны тиімді болды деуге болады. Өйткені жалған кәсіпкерлікпен айналысу, салықтан жалтару, нысандарды қитұрқы тәсілмен жекешелендіру тәрізді тәсілдермен байығандар қаржысын заңды айналымға енгізу арқылы экономикаға азды-көпті қызмет етті. Дегенмен сол жылы ел дамуына заңдастырылған қаржыдан гөрі экономикадағы нақты дамудың пайдасы көбірек болған еді. Мәселен, 2001 жылы банктер берген несие көлемi 460 миллиард теңгеге жетті. Ұлттық банктiң қайта қаржыландыру мөлшерлемесi 1994 жылғы тамыздағы 340 пайыздан 2001 жылы 9 пайызға дейiн төмендедi. 2001 жылғы инфляция 1992 жылғы 3 061 пайыздың орнына 7 пайызға дейін төмендеді. 2001 жылдың жазына дейін 106,8 мың жұмыс орны құрылды. 18,3 миллион тоннадан астам астық жиналды. Сол жылы елдегі ең жоғары және ең төменгі жалақының арасындағы айырмашылық та алғаш рет қысқара бастады. Қазақстан тұрақты даму жолына түсті. Ел астанасы мол қаржы тартатын орталыққа айналып, елде құрылыс саласы қарқынды дамыды. Сол жылы бір ғана Астананың өзінде 68 нысан пайдалануға берілді. Елдегі жолдарды жөндеп, жаңасын салу да сол жылы басталды.
Рим папасы – Қазақстанда
2001 жылы Қазақстан әлемдегі бейбітшілікті сақтау ісіне үлес қосуға бел шеше кірісті. Әсіресе, дін атын жамылып текетіреске баратын топтардың ықпалын азайту керек екенін ел басшылығы жақсы түсінді. Өйткені іргедегі Ауғанстанда тәлібтер әбден күшейіп, Орталық Азия мен тәлібтердің арасында жалғыз буфер – Солтүстік альянс қалған болатын. Тіпті, 2001 жылдың күзінде террористер Солтүстік альянс жетекшісі Ахмад Шах Масудты өлтірді де, 11 қыркүйек күні Нью-Йорктағы Дүниежүзілік сауда орталығының қос ғимаратын жарып жіберді. Бұл жағдай әлемде терроризм қаупінің артқанының нақты дәлел еді. Ал Қазақстан билігі экстремистерден төнетін қауіптің алдын алуға ерте қамданды. Экстремистер мен радикалдардың қоғамда іріткі салуына жол бермеу жағын да қарастырды. Әрі халықаралық қауымдастыққа елдің бейбітшілік сүйгіш позициясын мойындату қажет болатын. Бәлкім содан да болар, 2001 жылдың күзінде Астанаға сол кездегі Рим Папасы Иоанн Павел ІІ арнайы сапармен келді. Сөйтіп, әлемдік саясатта өз орны бар дінбасы тұңғыш рет Орталық Азия жеріне табан тіреген болатын. Сапардың «тұңғыш» болатын себебі бұрын-соңды бұл өлкеге ешқашан католиктердің дінбасы келмеген-ді. Әрі Қазақстанда католиктер де көп емес еді. Ел халқының басым бөлігі мұсылмандар болса, одан кейінгі орынды христиан православтары иеленетін. Демек, Иоанн Павел ІІ-нің сапарының діни астарынан гөрі саяси сипаты басым болды деуге негіз бар. Әрине, жаһанға танылған қайраткер Қазақстан үшін құдайдан тілек тілейтінін де айтты. Алайда іс жүзінде Қазақстан билігі жаһанға айрықша месседж жолдаған болатын. Яғни, ел атауындағы «стан» жалғауы аймақтағы Ауғанстан, Пәкістан қатарлы елдермен ассоциацияланбауы қажет екенін, елдің прогреске ұмтылысы зор екенін жаһан жұртына танытты. Арада екі жыл өткенде, 2003 жылы Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің алғашқы құрылтайын өткізді. Демек, Рим Папасының сапары дінаралық диалогтің жаңа форматын қалыптастырудың алғышарты болды деген сөз.
Түйін. Жалпы, 2001 жылдың оқиғаларын кеңірек талдар болсақ, әңгімеге арқау болар тақырып аз емес. Сол жылы Қазақстан йод тапшылығымен күреске мықтап кіріскені есте қалыпты. Еңбек миграциясын реттейтін заңның да қабылданғаны сол кез. Қазақстан көрші мемлекеттерден келетін еңбек мигранттары үшін тартымды елге айнала бастады. Семейде Ертіс өзенінің үстінен аспалы көпір де 2001 жылы салынған еді. Әлемдегі алғашқы ғарыш турисі Денис Тито да сол жылы қазақ жеріндегі Байқоңырдан Талғат Мұсабаевпен бірге ғарышқа ұшқаны бар. Атақты Каспий құбыр консорциумы (КТК) желісі де сол жылы іске қосылып, Қазақстан мұнайы алыс шетелдерге тасымалдана бастады. Ең қызығы, қазақстандықтар алғаш рет 2001 жылы боулинг ойынымен танысқан болатын.
Ардақ СҰЛТАН