Мереке күні пәтерлі болды
Мереке күні пәтерлі болды
204
оқылды

Қазақстан полициясы күні Талдықорған қаласында Алматы облысы тәртіп сақшыларына жаңа пәтер кілті тапсырылды. Кәсіби мерекеде баспаналы болып қуанышқа кенелген 60 құқық қорғаушы алған пәтерлер орналасқан сәулетті тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған. Баспана кілтін қоныстой иелері облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың қолынан алды.

– Азаматтардың тыныштығын, заң­дылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі жауапты қызметтеріңіз әрқашан жемісті болсын. Мерекеге орай құқық қорғау органдары қызметкерлеріне «Болашақ» шағынауданында осы 60 пәтерлік үй салынып, қолданысқа берілді. Талдықорғанда биыл 6, 7, 8-шағынауданда және коттедж қалашығында мемлекеттік бюджет пен жеке инвестиция есебінен жалпы ауданы 120 мың шаршы метрден асатын 35 көпқабатты тұрғын үй және 204 коттедждің құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Осылайша, мемлекеттік бағдарлама нәтижесінде халықты тұрғын үймен қамту жұмыстары жылдан-жылға қарқын ала бермек. Жаңа шаңырақ молшылық пен бірлікке толсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Жетісу жері, Талдықорған қаласы гүлдене берсін! – деген Лаззат Тұрлашов полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекелеріне орай жылы лебізін білдіріп, баспаналы болғандарды құттықтады.

Облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры  Серік Күдебаев пен «Отбасы банк – Тұрғын үй жи­нақ банк» АҚ Алматы облысы филиа­лы­ның директоры Ғалымжан Шалғымбаев та тәртіп сақшыларының шаңырағына бақыт пен шаттық тіледі. Полиция ардагері Өмірбек Ізбасаров ізбасарларына игі  тілегін жеткізді. Үйлі болғандар атынан  полиция қызметкерінің анасы, ішкі істер саласының ардагері Анна Ракулова мен Талдықорған қаласы Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Жігер Сәрсенов мемлекет тарапынан тәртіп сақшыларының өз мін­дет­терін мінсіз атқаруына барлық жағдай мен қамқорлық жасалып отыр­ға­нын айтып, ризашылығын  білдірді. Қо­ныс­тойға келгендер  ПД штаб бастығының орын­басары, полиция майоры Әсет Табеевтің шаңырағына бас сұғып, құтты болсын айтып, дастарқаннан дәм татты.

Биыл  Алматы облысында 1 млн шар­шы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған.  Тек Талдықорған қаласының өзінде 120 мың шаршы метр үй халық игілігіне тапсырылмақ. Баспанамен қамту мәселесіне республикалық бюд­жеттен 5,6 млрд теңге бөлінген. Оған қоса жергілікті бюджеттен 204 коттедж салуға 1,5 млрд теңге қарастырылыпты.
Болат Абаған, 
Алматы облысы