Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын үлгі тұтып атап өту біз үшін үлкен мәртебе
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын үлгі тұтып атап өту біз үшін үлкен мәртебе
457
оқылды
«Бейбіт елде береке бар» демекші биылғы жыл біздің еліміз үшін ерекше маңызды және тарихи оқиғаларға толы болмақ. Осы оқиғалардың қатарында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын үлгі тұтып атап өту біз үшін үлкен мәртебе. Бұл өткен жолымызға зер сала қарайтын, өзімізге де, елдік жетістіктерімізге де есеп беретін межеде тұрмыз. Бүгінгі жетістіктерімізге қалай қол жеткіздік? Бұл күнге қалай келдік? Мәңгілік ел болу жолындағы келесі қадамымыз қандай болуы керек? Осы және өзге сұрақтарға жауап іздейтін шақта тұрмыз. Ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың қадірін, тәуелсіз мемлекетті қалыптастырудағы орасан міндетті ұғынуымыз қажет. Өткен кезең ішінде Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы, экономикадағы және әлеуметтік-мәдени саладағы қол жеткізген табыстары айрықша. Мұны біз ғана емес, бүкіл әлемге танымал ғалымдар, саясаткерлер, жазушылар мен журналистер, сарапшылар да паш етуде. Ағымдағы жылдың 5 ақпанында мерейтойлық күнді мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев "Тәуелсіздіктің  30 жылдығы – бұл жай ғана кезекті күн емес. Біз бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек", - деген болатын.  Сонымен қатар, Президент мерейтой кезінде бірінші кезекте өскелең ұрпаққа бағытталған іс-шараларды, сондай-ақ басқа да бірқатар маңызды міндеттерді өткізу міндеттеген еді. 30 жылдықты атап өту биылғы жылғы ең басты оқиға ретінде белгіленіп, басты басымдықтар айтылғанына төрт айдан астам уақыт өтті және мемлекеттік органдар  тарапынан осы бағытта ауқымды істер атқарылуда. Алайда, жүргізіліп жатқан жұмыстың қарқынын күшейту қажет. Бұл ретте нақ осы идеологиялық жұмысты күшейту маңызды және мұны бізбен кездескен сайлаушылардың және халқымыздың, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін насихаттауға бағытталған пікірлері растайды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев еліміз мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қа­лай қадам басатынымыз және бұқаралық сана­­ны қалай өзгертетініміз туралы көзқарас­тарын ортаға салған болатын. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жал­ғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен кезде Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы екенін атап өтті. Халқымызда  «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген дана сөз бар. Ұйымшылдықты ту етіп,  еліміздің 30 жылдық аясында бірігіп, идеологиялық тұрғыда қолға алып, жұмыс жасасақ елдің бірлігі одан әрі нығая түсері анық. Ең бастысы - идеология! Бірыңғай қазақстандық патриотизді қалыптастыра отырып, төмендегі міндеттерді бүгінгі таңда жүзеге асырсақ нұр үстіне нұр болар еді. Ауылдық округтердің, аудандар мен облыстардың тиісті мемлекеттік органдары, белсенділер идеологиялық тұрғыда тарихи мұраны, сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздігінің жетістіктерін, оның ішінде республикалық маңызы бар қалаларда, облыстарда, аудандар мен ауылдық округтерде бұқаралық ақпарат құралдары, интернет және әлеуметтік желілер арқылы насихаттау жөнінде неғұрлым кең ауқымды жұмыс жүргізуді қажет етеді. Ел Президенті Қ.К. Тоқаев: «Министрлер мен әкімдер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын берік ұстануға тиіс. Азаматтардың арыз-тілектеріне жедел жауап беру қажет. Ең бастысы, Тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір отандасымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болса - мақсатымыздың орындалғаны», – деп атап өтті. Сондықтан да, тиісті мемлекеттік органдардың халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, халықпен жұмыс істеу тәсілі тағы да нығайтылғаны жөн. Келесі басымдықты жастар қауымына қойсақ. Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертеңгі болашағымыз осы жастар буынында. Еліміздің білім ошақтарында: балабақша, мектеп, университеттен бастап, аға буындар, ұстаздар жастарға бағыт-бағдар беруіне басымдық беріліп, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін үнемі насихаттау қажет. Сондай-ақ, «Тіл мәртебесі - ел мәртебесі» - демекші мемлекеттік тіл - сол елдің халқын біріктіретін, ортақ істерге жұмылдыратын, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден-бір құрал. Бір тілде сөйлемеген халық біріге де алмайды, өздерін бір шаңырақтың мүшесімін деп те сезіне алмайды. Сондықтан да, мемлекеттік тіл – қазақ тіліне баса назар аударылса нұр үстіне нұр болар анық. Бұл – патриотизмді дамытудың бірден бір жолы. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тұспа тұс келіп отырған жыр алабы Жамбылдың -175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы тағы да басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тұспа тұс келіп отыр. Рухани жаңғыру аясында тарихы, салт-дәстүрі бір көрші елдермен достық қарым-қатынасты, бірлігімізді мығым ету мақсатында Өзбекстанда мәңгілік тұрақ тапқан Төле би, Әйтеке би бабаларымыз және Жүсіп Жалаңтөс батыр сияқты тұлғаларды, сонда тұрып жатқан қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігін және Еліміздегі Қ. Яссауи және Қорқыт ата, Қазбек би, Абай  бабаларымыз сияқты және тағы басқа тұлғаларды, этнос өкілдерінің Қазақстанға деген ізгі тілектері қамтылған деректі фильмдер түсірілсе өскелең ұрпаққа өнеге. Осындай істер қолға алынса және тарихшы ғалымдарға, журналистерге екі елдің Сыртқы істер министрліктері мен елшіліктерінің ортақ архивтерге қол жеткізу мәселесіне қатысты бір қатар жұмыстар атқаруды талап етеді.   26 жыл бойы үлкен идеологиялық жұмыс жүргізіп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі барысында қол жеткізілген жұмыстардың нәтижелерін көрсету де аса маңызды. Қоғамдағы тұрақтылықтың басты шарттарының бірі – әртүрлі этникалық топтардың мүдделерінің сақталуы. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік қоғамда азаматтық бейбітшілікті сақтаудың неғұрлым оңтайлы тәсілі ретінде мемлекет пен оның институттарының белсенді ынтымақтастығы жағдайында мүмкін болатынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Біздің елде Қазақстан халқы Ассамблеясы – қоғамдық келісімді сақтау мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың негізі институты. Бейбітшілік пен рухани келісім мәдениеті қағидаттарының жолсерігі бола отырып, ҚХА бүкіл Қазақстан бойынша көптеген этномәдени бірлестіктердің қызметін шоғырландыруда. Қазақстанның ҚХА қызметі аясындағы тәжірибесі көптеген шет елдерді қызықтыратыны анық. Бақ-береке ынтымақ бар жерге барады. Бүгінгі мың құбылған заманымызда Қазақстанымыздың ең басты байлығы  ынтымағымыз болмақ. Тек ішкі емес, осыған байланысты халықаралық ынтымақтастықты нығайту және мәдени қатынастарды дамыту мәселесі де бір сәтке назардан тыс қалмайды. Қазақстан халқының мәдени құндылықтары мен салт-дәстүрлерін насихаттауға бағытталған бастамаларды баршамыз бірігіп, жұмыстарды атқаруымыз қажет. Бірлігіміз мығым, еліміз тыныш, аспанымыз ашық, Тәуелсіздігіміз нығайып, мерекелді, берекелді күндеріміз көп болсын!  

Ф. Қаратаев,

Парламент Мәжілісінің депутаты, 

                                «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі