Гептилдің зардабына көнгеніміз бе?
Гептилдің зардабына   көнгеніміз бе?
444
оқылды

Таяуда Сенатта зымыран-тасығыштардың бөлшек­тері құлаған аудандарда жіті зерттеу мәселесі көтерілді. Себебі оның қалдығы топырақта 30-40 жыл­ға дейін сақталуы мүмкін. Қара­ғанды, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қа­зақ­стан облыстарындағы киіктер­дің жаппай қырылуы да сол гептил­дің салдары сияқты. Ол туралы қо­ғам белсенділері дер кезінде дабыл қағып отырғанымен, жауапты органдар уға қатысты уәжді жоққа шы­ғару­мен келеді.

Қауіп қайдан демеңіз...

Бүгінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан жиі ұшырылып жатқан зымырандардың қал­дық­тары Қазақстан жеріндегі 47 аймақ­қа құлап жатыр. Соның 39-ы Қарағанды облысына тиесілі. Академик Қайыржан Бекішұлының мәліметінше, «Протон» зымыран-тасығышы штатты жағдайда жерге түскенде топыраққа 1,5 тоннадан 3,5 тоннаға дейінгі мөлшердегі гептил төгілетін көрінеді. Ал 1957-1990 жылдар аралығында 1 129 зымыран, 1 115 ғарыш кеңістігін зерттейтін аппарат ұшырыл­ғанын ескерсек, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін қазақ жеріне қанша гептилдің сіңгенін есептей беріңіз...

Ресми дерекке жүгінсек, ұшырылған зымыран ауа режимін төтенше түрде бұ­зып, оған пайдаланатын отын қоршаған ортаның шектен тыс улануына әкеп соғады екен. Салдарынан мутациялық өзгеріс туындап, зымыран қалдығы түскен жердің ештеңеге жарамай қалатыны дәлелденген. Өйткені отын құрамындағы радиактивті «самин» мен «меланж» жануарлардың ағза­сын әбден улайды. Басқасын айтпағанда, бір ғана РН-«Протон» зымыраны ғарышқа ұшқанда ауаға 200 тонна радиактивті көміртектің қос тотығын таратса, 1955 жылы ұшқан зымыранның өзі-ақ ауаға 2 965 тонна радиактивті зат қалдырған. Одан кейін де көкке Қазақстан жерінен көтерілген зымырандар ауаға ке­мін­де 221 мың тоннадан астам радиактивті қалдық таратыпты.

Енді кәдімгі хлор озон қабатын тез бұзатын улы қосылыс десек, ол зымыран отынының бас компоненті болып тұр. Ғарышта әр зымыран атмосфераға 180 тонна хлор және хлорлы сутек бөліп шығарады екен. Екіншіден, біз қауіп етіп отырған гептил де суда ерімейтін, жер бетіне көп жиналып, улылығын жоғалтпай, ұзақ уақыт сақтайтын радиактивті зат. Көбіне адам ағзасында қауіпті ісіктер пайда болып, обыр (рак) дертінің дамуына сол гептилдің тікелей әсері бар болып шықты. Еліміздегі көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар осындай айғақтарды көріп-біліп отырғандықтан, шыр-пыр етіп жүр.

Сенаторлар себеп-салдарына үңілді

Осы айда Сенат депутаттары Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы «Бай­қоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы рати­фикация­лауға арналған заң жобасын тал­қылады. Сол сәтте сенатор Ақылбек Кү­ріш­баев апатты жағдайлардың топыраққа, суға, ауаға, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне теріс әсер ететінін жеткізді. Ай­туын­ша, оны көптеген ғылыми зерттеудің нәтижелері айқын айғақтайды. «Бұрын зымыран отыны ретінде кеңінен пайда­ланылған гептил қауіптіліктің бірінші класына, яғни заттардың ең қауіпті тобына жа­тады. Бұл – өте улы зат әрі ағзаға канцерогенді, яғни қатерлі ісік тудыру сипатына ие. Мамандардың пікірінше, гептил қоршаған ортада ұзақ сақталмайды. Бірақ оның қалдығы топырақта ондаған жыл бойы, кейбір мәлімет бойынша, 30-40 жылға дейін сақталуы мүмкін», – деді сенатор.

Жалпы, зымырандар құлаған аймақ­тарда тұратын халықтың денсаулығына гептил мен оның ыдырау өнімдерінің ағ­заға тиетін әсері бойынша ғылыми зерт­теулер және олардың аурушаңдық құрылымын анықтау бойынша медицина­лық-биологиялық бақылаулар жүргізілген. «Протон-М» тасымалдағыш зымыран­дары­ның қоршаған ортаға және ауыл­шаруа­шылық жануарларына тиетін әсері туралы жекелеген зерттеулер де бар екен. «Алайда бүгінге дейін аталған өңірлердің қоршаған ортасына, жануарлар дүниесіне, ең бастысы, біздің азаматтарымыздың денсаулығына зымыран техникасын пайдаланудан тиетін зардаптар туралы толыққанды ақпарат жоқ. Осыған қол жеткізу үшін ең алдымен біз қоршаған ортадағы гептил метаболиттеріне зымы­ран­ның бүкіл ұшу траекториясы бойынша және тасығыштардың бөліктері құлаған аудандарда түгендеу, яғни инвентаризация жүргізуіміз керек», – дейді Ақылбек Күрішбаев. Сондай-ақ ол гептилдің топы­рақ­тан өсімдіктерге ауысу механизмдерін, яғни, тағамға ену жолдарын зерттеу қажетін атап өтті.

Киік неден қырылды?

2017 жылы Үкімет Қостанай облысы­ның Жангелдин ауданы аумағынан ресей­лік «Союз-2» зымыран-тасығышының бөлшектері құлайтын аймақ ретінде жалпы көлемі 76 мың гектар жерді көршілерге жалға бермек болды. Сол кездегі Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов аудан тұрғындарымен кездесіп, оларға «зымыран-тасығыштың бөлшектері құлайтын аумаққа жақын орналасқан ауылдарға қазақстандық «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ жылына 152 миллион теңге қаржы бөлетінін» түсіндіріп бақты. Оған қоса, пайдаланылатын зымыран отынының құрамында гептилдің жоқтығына, «заман­ауи зымыранның» Р-181 оттегі-керосинді қозғалтқышы бар, экологиялық таза дүние екеніне сендірді. Егер тұрғындар қарсы болмаса, 3 жыл ішінде 8 зымыранды ұшыру көзделген.
Сол сәтте жиналған жұрт Торғайдағы ауызсу, жол мәселесін алға тартты. Оған қатысты Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов: «Ресейге жалға беретін жерден аудан қазынасына түсетін қаржы 3 жылда 456 миллион теңге болады. Соны Торғайдың жағдайын жақсартуға жұмсаймыз» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Сонда олар Торғай даласына жол мен ауызсуды 27 жыл бойы тартпай, ол жерге зымыран қалдықтарының құлауын күтіп отырған ба? Ол неге өңір басшысы ретінде жергілікті жұрттың мұң-зарын Атамқұловтан бұрын барып тыңдамаған? Енді келіп «зымыран құласын» деп аспанға алақан жайып отырғаны қай сасқаны?!

Еске сала кетсек, 2013 жылы ресейлік үш «Глонасс» спутнигі тиелген «Протон-М» зымыран-тасығышы Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшырап, жарылып кеткен еді. Сол кезде елордалық бір топ эколог пен белсенді елімізде «Антигептил» атты қозға­лыс құрылғанын жариялады. Ал 2017 жылы елордада «антигептилдіктер» бастаған бір топ белсенді зымыран қалдығы үшін бөлі­нетін 76 мың гектар жерді жалға бермеуді талап етіп, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне наразылық хат тапсырды. Олар министр «Союз-2» зымыран-тасығышының зиянсыз отынмен ұшырылатыны туралы ешқандай дәлел келтірмегеніне наразы. Сол жылдың 14 маусымында Жезқазған қаласының маңына ресейлік «Союз 2-1а» зымыран- тасығышының бөлшегі құлап, далада тұтанған өрт салдарынан екі адам қаза тапқан болатын. ТЖК олардың құлаған зымыран сынықтарын жинау жұмыстарына қатысқанын хабарлады. Оған қатысты торғайлық тарихшы Амандық Әмірхамзин Facebook-тегі парақшасына өз пікірін жариялады.

«Жезқазғаннан 300 шақырым қашықтықтағы Торғай жеріндегі жерлес­терімнің айтуынша, сол уақытта бүкіл дала түнеріп кеткен. Даланы жағымсыз иіс жайлап, адамдардың басы айналып, құсқысы келген. Енді бұл оқиғадан өзге, Ақшығанақ өңірін зымыран қоқыстарын тастауға Ресей үкіметі Қазақстан билігінен сұрағанынан құлағдар боларсыздар? Ол туралы жоғары лауазымды бір шенеунігіміз «ол жерде халық тұрмайды, бос жатқан жер» деп білгішсінген еді. Адам түгіл, киіктің өзі осы гептилдің құрбаны болып, ширек миллион дала кербезі қырылып қа­лып еді. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, менің ауылымнан тура 35 шақы­рым қашықтықтағы Шөптікөл деген жерді Ресей әскерилері тағы сұрап отыр. Бұрын қазақтың бас ақыны Абай елі полигон құрбаны болып еді, енді Ахаң мен Жахаң (Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов) елі сынақ алаңына айналмақшы ма?! Әлде бір жымысқы саясат бар ма өзі?! Қысқаша айтқанда, елдің мазасы кеткен, көңілі күпті!» деп кейіді ол.

ГЕПТИЛДІ  АҚТАУ ҮШІН НЕ АЙТЫЛМАДЫ

Тағы бір айта кетерлігі, 2015 жылы сол кездегі Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев: «2010, 2011, 2013 жылдары киік қырылғандағы сыртқы сипаттамалар қазіргімен бірдей. Ол – іші кебу, іші өту, аузынан көбік ағу. Ол жолы да пастереллез деген диагноз қойылған» деп зымыран қалдықтары құлаған сәттегі жағдайды «пастеррелез» деп танитындарын меңзеді. Алайда ветеринария ғылым­дары­ның кандидаты Әділқасым Жақыпбаев: «Пастеррелез – ауа арқылы тарайтын жұқпалы індет. Адамға да пневмония, бронхопневмания, оған қосымша менингит, отит болып жабысады. Ал мұнда ондай белгілер жоқ. 500-600 адам өлген киіктің өлексесін ұстап, сүйреп жүр. Содан ауыр­ған бір адам туралы естідіңіздер ме?» деген уәжін алға тартты. Сонымен қатар Аман­гелді аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жанар Қақанова да: «Бізде төтенше жағдайдың болып жатқанын білеміз. Бірақ пастереллезбен ауырып түскен адамдар болған жоқ» деген еді.

Осылайша, пастеррелез бен гептил «итжығыс түсіп» тұрған уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен жұмыс тобы жиынында «Антигептил» қоғамдық қозғалысының мүшесі Мақсат Нұрыпбаев: «Сіздер тек табиғи әсер деп қарап жатырсыздар. Неге химиялық уланудан болуы мүмкін деп ойламайсыздар? Біздің ойымызша, киіктердің жаппай қырылуына құрамында улы гептил бар «Протондар» себеп немесе Сарышаған мен Капустин Яр полигондарындағы сынақтардың ядролық әсері де болуы мүмкін. Сарышаған Бетпақдаланың ортасында тұр. Ал Капустин Ярдың басым бөлігі Ресей жерінде болса да, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының аумағын да алып жатыр» деп шенеуніктерге дүрсе қоя берді.

Бұл ретте пастереллез киік қырғыны­ның басты себебі емес екенін Ұлы­бри­таниядағы «Киіктерді сақтау альянсының» жетекшісі Миллер Гулланд та ескертіп отыр. Сондықтан ғалымдардың түз тағысы өлім-жітімге ұшырап жатқан Қарағанды, Жезқазған, Торғай, Қостанай, Ақмола, Орал өңірлерінің экологиясын тексеруді дұрыстап тұрып қолға алғаны жөн.
Еркеғали БЕЙСЕН