Қазақстан әдетте ислам әлемінің бір бөлшегі саналады. Еліміз зайырлы болғанымен, халықтың басым көпшілігі - мұсылман. Қазақ халқының салт-санасы мен әдет-ғұрпы да ислам дінімен біте қайнасқан. Бәлкім, содан да шығар, Қазақстан үшін ислам мемлекеттерімен арадағы байланысты нығайту – стратегиялық бағыттардың бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бұл жағдайға ұдайы көңіл бөліп, мұсылман мемлекеттермен қарым-қатынасты жоғары деңгейде ұстап келеді.
Жалпы, ислам әлемі жаһанда ірі өркениет қалыптастырған, бүгінде адам саны 2 миллиардқа жақындап қалған қауым. Жаһандағы 120 мемлекетте мұсылман қауымы өмір сүреді. Ал 1969 жылы құрылған Ислам ынтымақтастық ұйымына 57 мемлекет мүше. Демек, Қазақстан ислам әлемінен жырақтай алмайды деген сөз. Яғни, әлемге ашылып, өзгелермен тығыз қарым-қатынас орнатуды көздесек, қалай болғанда да ислам елдерімен саяси-экономикалық, мәдени-рухани бағыттағы байланыстар орнатуға мәжбүрміз. Осыны ескерген Елбасы саясатының нәтижесінде 1995 жылы Қазақстан ИЫҰ-ға мүше болған еді. Дегенмен ислам әлемі бүгінде орта ғасырлардағыдай гүлденген, дамыған, жаһандағы жетекші өркениет емес. Әлемдегі «үлкен жиырмалық» деп аталатын дамыған елдердің G20 тобына ислам әлемінен тек Түркия мен Сауд Арабиясының кіретіні де соның айғағы. Алайда ХХІ ғасырдың ортасына қарай ислам әлемі елдері өзге саланы қайдам, демография жағынан жаһандағы шешуші күшке айналады. Зерттеушілер солай деп жүр. Демек, Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бері ислам әлемі елдерімен тығыз байланыс орнату маңызды бағыттардың бірі болып қала береді деген сөз. Өйткені сан, ерте ме, кеш пе, сапа туғызары анық.
Ұқсастығымыз көп қауымбыз
Әдетте қазақ халқының тарихы мен танымын ислам дінінен бөлек қарастыруға болмайтыны айтылады. Расында да, тамыры тереңге кететін мәдениетімізде исламның орны айрықша. Өйткені ислам діні - қазақ мәдениетінің қайнарларының бірі. Ұлт танымында өшпестей із қалдырған тұлғалардың басым көпшілігі өзін ислам әлемінен оқшау ұстамаған. Ертедегі әл-Фараби, Бируни, Ибн Сина тәрізді ғалымдар, Баласағұн, Қашқари тәрізді ойшылдар күллі мұсылман қауымының құрметті тұлғалары. Біз олардың бірқатарын тікелей бабамыз санаймыз. Қазақ мәдениетіндегі діннің, пайғамбардың орны ерекше. Ұлы даланы мекендеген халықтар бері айтқанда 700, әйтпесе мың жылдан бері мұсылман. Бір ғасыр бұрынғы Алаш қайраткерлері де медресе шәкірттері болатын. Қысқасы, қазақты ислам әлемінен бөліп қарастыру мүмкін емес. Сондықтан Қазақстанның сыртқы саясатында да бұл бағыт өте өзекті саналады. Нұрсұлтан Назарбаев та қазақ халқының ислам әлемімен қарым-қатынасы ежелгі заманнан тамыр тартатынын атап өткені бар.
«Біздің байтақ даламызға ислам діні бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын келді. Еліміз ислам мен батыс өркениеттері арасындағы достық диалогқа дәнекер болып отыр», – деген еді Елбасы 2018 жылы. Бір қызығы, бүгінде ислам әлеміне кіретін мемлекеттердің басым көпшілігі шикізат өндіретін елдер қатарына кіреді. Мәселен, ОПЕК ұйымына кіретін 13 мемлекеттің 7-еуі ислам елі. Сол сияқты бейресми түрде ОПЕК+ деп аталатын топқа кіретін 10 мемлекеттің 6-ауы ислам елі немесе халқының басым көпшілігі мұсылмандар. Бір сөзбен айтқанда, әлемдегі көмірсутегі қоры мен саудасында ислам әлемінің ықпалы орасан зор. Қазақстан да осы топқа кіреді. Сөз басында «байланыссыз отыру мүмкін емес» деуіміздің бір сыры да осында жатыр. Яғни, шикізат сатып, біраз қаржы жинап алғымыз келсе, бәрібір өзгенің қас-қабағына қараймыз. Мұнай мен газ экспортында мұсылман әлемінің ұстанымын жаһандағы ірі державалар да ескереді. Біз де назардан тыс қалдырмаймыз. Алайда ислам әлемінің дамуы кенже қалғанын алға тартатындардың қарасы көп. Тіпті, бұл жағдайды дінмен байланыстыратындар да бар. Бірақ Елбасы мәселенің олай емес екенін де айтқан. «Әлемнің өзге өңірлері қарқынды дамып жатқанда, көптеген мұсылман елдері көш соңында қалып отыр. Кейбір сыншылар ислам дүниесінің артта қалуы діннің өзімен байланысты деп санайды. Алайда бұл ақиқатқа мүлде жанаспайды», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. Әрі өркениет көшіне ілесу үшін ислам әлемі елдерінің барын салуы керек екенін алға тартады.
Ғылымға көңіл бөлуді насихаттады
Елбасы саясатына назар аударған адам оның ислам әлемі дамуының артта қалғанынан көңілі жабырқайтынын байқайды. Нұрсұлтан Назарбаев күллі мұсылман үмбетінің ғылым мен білімге ұмтылуы керек екенін ұдайы айтатыны да содан болса керек. Қазақстанның EXPO – 2017 көрмесінде «Болашақтың энергиясы» тақырыбын таңдап алуы да ислам әлеміне жолданған месседж екені сөзсіз. Тіпті, Ислам ынтымақтастық ұйымына кіретін елдердің «үлкен онбестігін» құру идеясын көтеруі де сол жанашырлықтың белгісі. Елбасы бұл ойын 2017 жылы айтқан болатын. «Ислам әлеміндегі маңызды ғылыми-экономикалық мәселелерді шешу үшін G20 форумы сияқты бізге де бейресми топ құратын кез келді деп ойлаймын. Ислам ұйымының алдыңғы қатарлы он бес мемлекеті бірігіп, оны OIC15 деп атасақ дұрыс болар еді», – деді Назарбаев.
Сөйтіп, ислам әлемі үшін ғылым мен технологияны дамыту өте өзекті екенін алға тартқан. Ол үшін батыстың дамыған елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға да шақырған. Инновация трансфертіне бірлесе ұмтылуға үндеген. «Инновациялық кластерлер ғылымды қамтитын орнықты экономиканы қалыптастырудың негізі болып саналады. Қазақстан осындай кластерлерді Назарбаев университеті мен Инновациялық технологиялар паркі базасында белсенді дамытып жатыр. Ислам ынтымақтастығы ұйымының барлық елдерінің ғалымдары мен зерттеушілерін осы жұмыстарға белсенді атсалысуға шақырамын», – деген еді Елбасы.
Тіпті, ол мұндай ұсыныстарын айтардан бұрын-ақ Қазақстанның сыртқы саясатында ислам әлемімен қарым-қатынастың экономикалық негіздерін қалыптастыруға ұмтылғаны бар. Мәселен, 2014 жылдың соңында пайдалануға берілген Өзен-Түркіменстан-Иран темір жол желісін салу туралы ойларын көрші мемлекеттер басшыларына 2007 жылдан бастап айтып жүрді. Нәтижесінде, кейін теміржол салынып, ұзақ жылдар бойы оқшауланып келген Иран үшін балама жол да ашылды. Ауғанстан, Пәкістан тәрізді мемлекеттердің жастарына Қазақстанда білім алу мүмкіндігін де қарастырды. Бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында Ауғанстан мен Пәкістанның жүздеген студенті білім алып жүр. Мұның өзі діні бір жұрттың өркениет көшінен қалып қоймауына қосылған үлес болса керек.
ИЫҰ-ға төрағалық еткен жылдар
Айтпақшы, биыл Қазақстанның Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық еткеніне 10 жыл толды. 2011-2012 жылдары Қазақстан бұл ұйымға жетекшілік еткен болатын. Сөйтіп, екі жыл бұрын, 2010 жылы ЕЫҚҰ саммитін өткізіп батыс елдеріне ой салса, ИЫҰ төрағалы кезінде Қазақстан назарын ислам әлеміне бұрған-ды. 2011 жылдың 28-30 маусымында Ислам конференциясы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы өткен болатын. Сол жиында Ислам конференциясы ұйымы Ислам ынтымақтастық ұйымы болып өзгерген еді. Ислам әлемінің ең басты басқосуына Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Американың 56 елінен 1 200-ге жуық делегат, ИКҰ жанындағы 11 бақылаушы елдің және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан болатын.
Басқосуда Нұрсұлтан Назарбаев «Бүгінде бейбітшілік, ынтымақтастық және даму үшін Ислам конференциясы ұйымының қажеттілігі арта түскені бәрімізге белгілі. Бұл ұйым – төрт құрлықтағы 57 мемлекетті біріктіретін «Ислам әлемінің өзіндік Біріккен Ұлттар Ұйымы» міндетін атқарып отырған бірегей құрылым болып саналады. Бүгінгі алмағайып заманда Умма салмақты проблемалармен бетпе-бет келіп отыр. Ислам қоғамдастығына бейбітшілік, жаңғыру, ғылыми-техникалық даму және өркендеу ауадай қажет. Умманың жиынтық экономикалық әлеуеті шексіз және бізге өзара тиімді ынтымақтастық, өзара көмек және дамуға ықпалдастық тұрғысынан күш біріктірген ұтымды болады.
Сауда-инвестициялық, технологиялық, әлеуметтік және білім беру бағдарламаларын іс жүзіне асыруда Ислам ынтымақтастығы біздің ұйымның басты қағидаты рөлін атқарады. ИКҰ-ға мүше мемлекеттер тұрғындарының орташа сатып алу қабілеті – тоғыз жарым мың доллар, ал Еуропа елдеріндегі балама көрсеткіш жиырма төрт мың доллардан асады. Ислам конференциясы ұйымы елдері арасындағы дамудың өзінде үлкен айырмашылықтар бар» дей келе ұйымға мүше елдер әлемдік энергетикалық ресурстардың 70 пайызын бақылауында ұстап отырғанымен, оларға әлемдік жалпы ішкі өнімнің тек қана 7,5 пайызы, жаһандық тауар айналымының 11 пайызы ғана тиесілі екенін алға тартқан. Сондықтан Елбасы мұсылман қауымының бәсекеге қабілеттілігін арттыру өзекті деп санады. Әрі содан бері, тіпті сонау 1991 жылдан бері Қазақстан ислам әлемінің дамуына мүдделі екенін танытып келеді.
Қысқасы, Елбасы үшін ислам әлемінің орны ерекше. Ол мұсылман үмметіне жанашырлығын өмірінің мәні еткен сыңайлы. Бәлкім, мұның барлығы оның адамзатты сүйетін дархан көңілінен бастау алатын шығар.
Ардақ СҰЛТАН