Алматының базары – мегаполис ажары
Алматының базары – мегаполис ажары
373
оқылды

Еліміздің ең ірі қаласында базарларға жүргізілген ауқымды модернизация шаһар бейнесін түрлентіп, тартымды етумен қоса, сауда-саттық саласын тұтынушылар мен сатушылар үшін мейлінше қолайлы, қауіпсіз етті, деп хабарлайды Aiqyn.kz.

©Айтжан Мурзанов[/caption] «Базарлар саудагерлер үшін де, сатып алушылар үшін де жайлы болуы тиіс. Сондай-ақ ол Алматының сәулетті ажарына селкеу түсірмегені жөн», – деді 2012 жылы қала әкімі Ахметжан Есімов. Арада екі жыл өткенде осы бағыттағы жұмыстың көрігі қызып сала берді. Түрленудің ең тамаша мысалдарының, ұлағатты үлгілерінің бірі – алматылық атақты «Барахолка» болса керек. Шаһардағы ең ірі базардағы шетсіз-шексіз темір контейнерлерді ең құрығанда бір рет кезбеген, керегін іздемеген алматылық кемде-кем шығар. Қысқы қақаған суықта тұтынушыларға картон қағазды басып, аяқкиімді өлшеп көрудің, шүберекпен жабыла салынған бұрышта киімді шақтаудың өзі бір тауқымет болатын. Жазғы аптапта табадай ыситын темір контейнерлер сатушы мен сатып алушыға қаншама жыл жайсыздық тудырды. Осы үлкен базарда қауіпсіздік шаралары сақталмағандықтан, ол қаншама рет өртке оранды. Бұл енді адам өмірі мен денсаулығына төнген қауіп-қатер еді. Содан 2011 жылы Ахметжан Есімов ескі базарларды күресінге жіберіп, олардың орнына үлкен де жайлы сауда орталықтарын тұрғызуға тапсырма береді. Ол кезде бұл идея сауда орындарының қожайындары тарапынан қуатты қарсылыққа ұшырады. Арада тайталаспен бірнеше жыл өтті. Тек 2014 жылы ғана «Барахолка» заманауи өзгерістерге мойынсына бастады. Нәтижесінде, оның құрамына кірген шамамен 30-ға жуық базар сүрілді. Одан босаған аумақта жолайрығы салынды, жол кеңейтілді, жерүсті жүргіншілер өтпесі, сыйымды автотұрақ орындары пайда болды. «Үлкен базарға әрбір сапарым қиынға түскені есімде. Бұл сауда-саттық моральдық тұрғыдан алдын ала дайындықты қажет ететін! Оған екінің бірі төзбейтін. Әбден шаршап, шалдығып оралатынбыз. Кейде бір күн босқа кетеді, алдымен бірнеше сағат көлік кептелісінде тұрасың, содан соң сауда қатарлары арасында адасып жүресің. Нағыз лабиринт сияқты: бір көріп, белгілеп кеткен жеріңді қайта табу мұң болатын», – деп еске түсіреді алматылық Роман Тепловодский. [caption id="attachment_147379" align="alignnone" width="1200"]базар 2gis.kz[/caption] 2015 жылдан бастап, ауқымы алапат осы жұмысты еңсеруге жаңа әкім Бауыржан Байбек білек сыбана кірісті. Бұл кезең қалалық ортаның кешенді модернизацияланған шағы ретінде алматылықтардың есінде қалды. Сол тұста базарлар алып мегаполистің барлық ауданын емін-еркін жайлап, қаланы үлкен бір базарға айналдырып жібергендей еді. Сондықтан алға айқын мақсат қойылды: жабайы базарлардан құтылу, сонымен бірге сауда алаңдарын сату мен сауда жасау үшін барынша қолайлы, қауіпсіз әрі өркениетті орынға айналдыру қажет. Айтылды, орындала бастады. Қалалық базарлар бірінен соң бірі өркениетті, заманауи күйге еніп жатты. Ашық базарлар күресінге кетсе, жабық базарда орын қымбат болып, клиент теріс айналады деген алаңдаушылық туды. Дегенмен, жаңа базарларда алыс-беріс көлемі артты. Кейбір кір-қожалақ базарлар орнында жаңа сауда үйлерінің ғимараты бой көтерді. Мұндай алаңдарға банктер келді, ақысын төлеп, банкоматтарын, төлем жасауға арналған терминалдарды орнатты. Сондай-ақ демалыс аймақтары, сусын ұсынатын аппараттар, құрқылтайдың ұясындай жайлы дәмханалар және басқалары пайда болды. Мұның бәрі келушілерді ләззатқа бөлеп, оң эмоциямен қуаттанып қайтуына жағдай жасайды. Алматының «Барахолкасын» жаңғыртумен бір мезгілде қала билігі қызыл сызықтардың ішінде салынған, Алматының сәулетіне және санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін бірқатар базарды жою мәселесін шешті. [caption id="attachment_147381" align="alignnone" width="1200"]базар ©Айтжан Мурзанов[/caption] «Алматы – ежелден сауда қаласы. Қазіргі кезде барлық кәсіпорынның 30%-ы осы салада қызмет етуде. Сауда секторы мегаполистің ішкі өңірлік өнімінің 32%-ын береді. Сол себепті біз үшін, бір жағынан, кәсіпкерлерге жағдай жасау маңызды. Екінші жағынан, сатып алу сұранысын ынталандыру шарт. Заңсыз, бейберекет саудадан, өрт қауіпсіздігінің ережелерін, санитарлық нормаларды сақтамайтын, қайдан әкелінгені белгісіз тауарларды ұсынатын базарлардан – заманауи, жанға жайлы сауда орталықтарына ауысуға тиіспіз. Ондағы әрбір кәсіпкер мемлекетке тиісті салығын төлейтін болады», – деді Бауыржан Байбек 2017 жылы Mart Village сауда-фермерлік орталығының тұсаукесер рәсімінде. Қалада 90-жылдары жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған, ешқандай нормаға сәйкес келмейтін базарсымақтарды жою жалғасты. Нәтижесінде, 2018 жылға қарай қала 20 «жабайы» базардан арылды. Олардан босаған кеңістікте жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар жабдықталды. Жолдар кеңейтіліп, қоғамдық көліктер үшін жеке жолақтар жасалды. Жерүсті өтпелері жасақталды. Мегаполистің ондаған жылдар бойы жөнсіздік жайлаған базарларын ретке келтіру бір не екі жылда еңсеріле салатын шаруа емес еді. Байбектің командасы алған бетінен таймай, табанды әрі бірізді қимылдады. Ақыры, «Тастақ» әмбебап базары модернизациялаудан өтті. Бұл жақын маңдағы үйлер тұрғындарының ғана емес, сондай-ақ, базарды және оның айналасын былықтырған сауда орындарын айналып жүремін деп асыл уақытын кептелісте жоғалтатын жүргізушілердің де «бас ауруына» айналған нысан болатын. [caption id="attachment_147383" align="alignnone" width="1200"]базар ©Айтжан Мурзанов[/caption] 2017 жылдың ақпанында қалалықтар «Көк базардың» жаңарған келбетіне куә болды. Оны реконструкциялау екі жылға созылды. Саудагерлердің бағалауынша, жоба мақсатына лайық шыққан. Енді онда жылу жүйесі жұмыс істейді, іші құрғақ әрі қолайлы. Жазғы аптаптан кондиционерлер қорғайды. Ғимаратта қос деңгейлі автотұрақ ашылып, автокөліктердің жиналып қалуы мәселесін шешті. Алматының әртүрлі ауданындағы басқа ірі базарлар қатарлы әйгілі «Көк базар» да өркениетті, сән-салтанатты кейіпке енді. Тоқтаусыз жалғасқан жаңғырту шаралары арқасында қала көнерген базарлардың айналасы және жол бойын жайлаған былықтан құтылды. [caption id="attachment_147384" align="alignnone" width="1200"]базар ©Айтжан Мурзанов[/caption] Жаңғырту шараларының шырқау шегі 2017-2018 жылдарға тұспа-тұс келді. Осы уақыт ішінде әкімдік 17 базарды жаңаша түлете алды. Осы кезеңде базар бизнесін көлеңкеден шығару жұмыстары  бастау алды. Қазіргі заманғы базарлар бақылау-кассалық аппараттармен жабдықтала бастады. Сөзсіз, базарларды жаңғырту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасын табуы тиіс. «Алматы енді ешқашан бұрынғыдай жаппай базарға айналып кетпеуі керек. Базарларды жаңалау және қала көрінісін бұзған базарсымақтарды сүру арқасында ол заман артта қалды деген сенімдеміз», – деп үміт артады қала тұрғыны Зухра Шумаева.

Ерік ЕРДЕНОВ.