Елімізде ресми түрде үнді штамы анықталғалы бері антиваксерлер (вакцина салуға қарсы адамдар) жаңа аргумент ойлап тапты. Денсаулық сақтау министрлігі штамға қатысты дерек пен дәйек келтірсе де, желіде жалған ақпарат желдей есіп жүр. Мәселен, «үнді штамы бар дегені жаппай вакциналау үшін ойлап табылған сылтау», «вирустың бұл түрінде бұрын вакцина салғандар көп ауырады» дейтін уәжге қайтерсің. Ал мамандар мұндай сөзге сенбеуге, ресми ақпарат пен дәрігердің айтқанына құлақ түруге шақырып жатыр.
Чиптен бастап миокардитке дейін
Антиваксерлердің кейінгі бірнеше апта ішінде белсенді болуына жаңа штамм түрі айтарлықтай әсер етті. Өйткені вакциналау статистикасына қарасаңыз да, ойланып қалуыңыз ғажап емес. Мысалы, ДСМ бөлім басшысының міндетін атқарушы Ақмарал Сансызбайқызы БАҚ-қа берген сұхбатында сәуір айында вакцина алғандардың саны көп болғанын атап өткен. Ал мамыр айында екпе салдырғандардың саны екі есеге төмендеген. «Қазір күніне 2 мыңға жуық адам вакцина алады. Бұл сәуір айымен салыстырғанда 70-80%-ға аз» деген еді ол. Көп өтпей, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында вакцина салдыруға ниеттенген адамдардың көбейгені туралы ақпарат тарады. Бұған әсер еткен жағдай – елде «Дельта» штамының анықталғаны. Осыдан-ақ антиваксерлер білек сыбана іске кірісті. Әлеуметтік желіде «бұл жаппай вакциналауға үгіттеп жатқаны», «бұрын вакцина алғандар үнді штамын тез жұқтырады» деп өздерінше тон пішті.
«Статистиканы қарасаңыз, вакцина алмағандар көбірек ауырып жатыр. Медицина тілін түсінетіндер бұл жағдайдан қанық. «Үнді штамын бұрын вакцина алғандар көбірек жұқтырады» дейтін пікір қисынға келмейді. Бұл осыдан бірнеше ай бұрын айтылған «чиптің жырына» ұқсайды. Жалпы, чип дейтін бос әңгіме. Иә, елімізде үнді штамының анықталғаны рас. Сынамаларды Алматыдағы арнайы орталықта тексерді. Жұқтыру да, аурудың өтуі де жоғары. Мұны анықтауға да қыруар қаржы кетеді. Халыққа түсіндіру жұмысын жүргізуді күшейту керек. Мысалы, бізде шамамен 3 миллион адам вакцина алды. Ал Израильде халықтың 74%-ы вакциналанды. Олар 3 жастағы балаға да екпе салып жатыр. Ресейде үнді штамы жайында ақпарат тарағалы бері олар жүкті әйелдерді вакциналауға қарекет жасап жатыр. Қайталап айтамын, бұл ауруды тежеу мен жеңудің жолы – вакцина. Сол үшін ресми ақпаратқа сеніп, денсаулықты бірінші орынға қойған жөн», – дейді профессор Сәкен Әміреұлы.
Жоғарыдағы жалған ақпаратқа жауап таптық па дей бергенімізде антиваксерлер Telegram-да «тосынсый» әзірлеп қойған екен. Ол жерде жазылған ақпаратта «АҚШ-тағы ауруларды бақылау және алдын алу орталығы COVID-19-ға қарсы вакциналау миокардит пен перикардиттің даму қаупін 200 есеге арттырады деген тұжырым жасағы» жазылған. Бұл тұжырымның жауапты органның ресми сайтында жарияланғаны туралы да көрсетілген. Кейіннен Stopfake.kz ұжымы жоғарыдағы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын әшкереледі. Ресми ақпарға сүйенсек, вакцина салдырғандардың ішінде 0,2%-ында ғана вакцинадан кейін миокардит пен перикардит дамуы кезіккен. Жалпы, АҚШ-та осыған қатысты 616 өтініш түссе, соның 393-і шынайы және вакцина алуға байланысты екені анықталған. Әрі миокардиттің дамуы туралы хабарлаған адамдардың басым бөлігі айыққан екен. Бірақ мамандар микардит пен перикардиттің даму жағдайын тыңғылықты зерттеп жатыр.
«Вакцинаны апыр-топыр салу қате»
Арамызда осы жаңалықты оқи сала дүрліккендер бар. Бір-біріне сілтемесін жіберіп, вакцинадан «аулақ» болуға шақырғандар да табылды. Алайда мамандар мұның асыра сілтеу, жалған ақпарат екенін айтып жатса да, мән бермейтіндер тағы бар. Сол үшін дәрігерлер әркім өзі үшін, жақындары үшін сақтанғанын талап етіп жатыр. Мәселен, жаз шыққалы бері халық арасында медициналық бетперде тақпайтындар көбейген. Сауда орталықтарында, қоғамдық орындарда қарапайым ережелерді сақтамайтынды шығарды. Эпидемиологтер «басылды ғой, бәрі ақырындап қалпына келеді» дейтін уәжді естен шығаруға шақырады.
Өйткені Нұр-Сұлтан мен Алматыда жағдай басқаша өрбіп жатыр. Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қалада эпидемиологиялық жағдай өте күрделі екенін атап өтті. Ал елордада күн сайын 200-ге тарта науқас коронавируспен ауруханаға түскен. Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттің санитар дәрігерінің айтуынша, шаһарда қоғамдық көлікпен қатынайтын тұрғындар арасында ауру жұқтырғандардың саны артып барады.
«Сол үшін қарапайым ережелерді, әлеуметтік қашықтықты сақтау, қорғаныс маскаларын кию, қол жуу және адамдар көп жиналатын жерлерге бару сияқты алдын алу шараларын сақтау маңызды» деген еді Сархат Бейсенова.
Ал вакциналауға келсек, профессор Сәкен Әміреұлы бірінші кезекте вакцинаны бәріне бірдей салуға болмайтынын ескеруді ұмытпау керегін алға тартты. Екпе алуға келген адамдарды барынша тексеруді, қай жері ауыратынын анықтауды ұсынды. Одан кейін профессор «Спутник V», QazVac вакциналарының үнді штамына қарсы тұратынын, Ресейден арнайы қағаз алғанын мәлімдеді.
«Вакцинадан кейін әртүрлі реакция болуы мүмкін. Вакцинаны бәріне бірдей салуға болмайды. Жағдайға қарау керек. «Вакцинадан кейін ауырып қалды» дейтін пікір осыдан шығады. Вакцина егетін жердің бәрінде терапевт маман отыруы қажет. Қазір көшпелі вакцина салу орталықтары көбейіп кетті. Ал ол жердегі медбикенің кәсіби білігіне кім жауап береді? Сауда орталықтарындағы вакциналау пунктінде терапевт отырғанына кім кепіл? Мысалы, қант диабеті бар адамға вакцина салмас бұрын ескеретін жайттар көп. Қарапайым адамның қан қысымы көтеріліп тұрса түсіріп, содан кейін екпе салған жөн. «Вакцина салдыруға келдің бе, отыр» дейтінді қою қажет. Вакцинадан хабары жоқ адамдар вакцина салып жүр. Екпені апыр-топыр салу қате. Вакциналау түрінен хабары болуы керек», – дейді ол.
Иә, мамандар екпе жайында қандай пікір естісе де, шешімді шынайы ақпараттың пайдасына шығару қажетін мақұлдап отыр. Пандемия қайта өршімес үшін сақтық шараларын сақтауды да ұмыт қалдырмау керегін айтады. Бастысы, пандемия қанша уақытқа созылса, сонша фейк ақпарат боларын болжау қиын емес. Сондықтан әркімге инфодемияның соққысына төтеп берер иммунитет қалыптастыру керек-ақ.