Антиваксерлердің тағы қандай уәжі бар?

Антиваксерлердің тағы қандай уәжі бар?

Елімізде ресми түрде үнді штамы анықталғалы бері антиваксерлер (вакцина салуға қарсы адамдар) жаңа ар­гумент ойлап тапты. Ден­саулық сақ­тау министрлігі штамға қатысты де­рек пен дәйек келтірсе де, желіде жал­ған ақпарат желдей есіп жүр. Мә­селен, «үнді штамы бар дегені жап­пай вакциналау үшін ойлап та­был­ған сылтау», «вирустың бұл тү­рін­де бұрын вакцина салғандар көп ауырады» дейтін уәжге қай­терсің. Ал ма­мандар мұндай сөзге сенбеуге, ресми ақпарат пен дәрі­гер­дің айт­қа­нына құлақ түруге ша­қырып жатыр.

Чиптен бастап миокардитке дейін

Антиваксерлердің кейінгі бірнеше апта ішінде белсенді болуына жаңа штамм түрі айтарлықтай әсер етті. Өйткені вакциналау статистикасына қарасаңыз да, ойланып қалуыңыз ғажап емес. Мысалы, ДСМ бөлім басшысының міндетін атқарушы Ақмарал Сансызбайқызы БАҚ-қа берген сұхбатында сәуір айында вакцина алған­дардың саны көп болғанын атап өткен. Ал мамыр айында екпе салдырғандардың саны екі есеге төмендеген. «Қазір күніне 2 мыңға жуық адам вакцина алады. Бұл сәуір айымен салыстырғанда 70-80%-ға аз» деген еді ол. Көп өтпей, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында вакцина салдыруға ниеттенген адамдардың көбейгені туралы ақпарат тарады. Бұған әсер еткен жағдай – елде «Дельта» штамының анықталғаны. Осыдан-ақ антиваксерлер білек сыбана іске кірісті. Әлеуметтік желіде «бұл жаппай вакциналауға үгіттеп жатқаны», «бұрын вакцина алғандар үнді штамын тез жұқтырады» деп өздерінше тон пішті.

«Статистиканы қарасаңыз, вакцина алмағандар көбірек ауырып жатыр. Медицина тілін түсінетіндер бұл жағдайдан қанық. «Үнді штамын бұрын вакцина алғандар көбірек жұқтырады» дейтін пікір қисынға келмейді. Бұл осыдан бірнеше ай бұрын айтылған «чиптің жырына» ұқ­сайды. Жалпы, чип дейтін бос әңгіме. Иә, елімізде үнді штамының анықталғаны рас. Сынамаларды Алматыдағы арнайы ор­та­лықта тексерді. Жұқтыру да, аурудың өтуі де жоғары. Мұны анықтауға да қыруар қаржы кетеді. Халыққа түсіндіру жұмысын жүргізуді күшейту керек. Мысалы, бізде шамамен 3 миллион адам вакцина алды. Ал Израильде халықтың 74%-ы вакцина­лан­ды. Олар 3 жастағы балаға да екпе салып жатыр. Ресейде үнді штамы жайын­да ақпарат тарағалы бері олар жүкті әйел­дерді вакциналауға қарекет жасап жатыр. Қайталап айтамын, бұл ауруды тежеу мен жеңудің жолы – вакцина. Сол үшін ресми ақпаратқа сеніп, денсаулықты бірінші орынға қойған жөн», – дейді профессор Сәкен Әміреұлы.

Жоғарыдағы жалған ақпаратқа жауап таптық па дей бергенімізде антиваксерлер Telegram-да «тосынсый» әзірлеп қойған екен. Ол жерде жазылған ақпаратта «АҚШ-тағы ауруларды бақылау және ал­дын алу орталығы COVID-19-ға қарсы вак­циналау миокардит пен перикардиттің даму қаупін 200 есеге арттырады деген тұ­жы­рым жасағы» жазылған. Бұл тұжырым­ның жауапты органның ресми сайтында жарияланғаны туралы да көрсетілген. Кейіннен Stopfake.kz ұжымы  жоғарыдағы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын әшкереледі. Ресми ақпарға сүйенсек, вакцина салдырғандардың ішінде  0,2%-ында ғана вакцинадан кейін миокардит пен перикардит дамуы кезіккен. Жалпы, АҚШ-та осыған қатысты 616 өтініш түссе, соның 393-і шынайы және вакцина алуға байланысты екені анықталған. Әрі миокардиттің дамуы туралы хабарлаған адамдардың басым бөлігі айыққан екен. Бірақ мамандар микардит пен пери­кардиттің даму жағдайын тыңғылықты зерттеп жатыр.

«Вакцинаны апыр-топыр салу қате»

Арамызда осы жаңалықты оқи сала дүрліккендер бар. Бір-біріне сілтемесін жіберіп, вакцинадан «аулақ» болуға шақырғандар да табылды. Алайда маман­дар мұның асыра сілтеу, жалған ақпарат екенін айтып жатса да, мән бермейтіндер тағы бар. Сол үшін дәрігерлер әркім өзі үшін, жақындары үшін сақтанғанын талап етіп жатыр. Мәселен, жаз шыққалы бері халық арасында медициналық бетперде тақпайтындар көбейген. Сауда орталық­тарында, қоғамдық орындарда қарапайым ережелерді сақтамайтынды шығарды. Эпидемиологтер «басылды ғой, бәрі ақырындап қалпына келеді» дейтін уәжді естен шығаруға шақырады.
Өйткені Нұр-Сұлтан мен Алматыда жағдай басқаша өрбіп жатыр. Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қалада эпидемиологиялық жағдай өте күрделі екенін атап өтті. Ал елордада күн сайын 200-ге тарта науқас коронавируспен ауруханаға түскен. Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттің санитар дәрігерінің айтуынша, шаһарда қоғамдық көлікпен қатынайтын тұрғындар арасында ауру жұқтырғандардың саны артып барады.

«Сол үшін қарапайым ережелерді, әлеу­меттік қашықтықты сақтау, қорғаныс маскаларын кию, қол жуу және адамдар көп жиналатын жерлерге бару сияқты алдын алу шараларын сақтау маңызды» деген еді Сархат Бейсенова.

Ал вакциналауға келсек, профессор Сәкен Әміреұлы бірінші кезекте вак­цинаны бәріне бірдей салуға болмайтынын ескеруді ұмытпау керегін алға тартты. Екпе алуға келген адамдарды барынша тек­серуді, қай жері ауыратынын анықтауды ұсынды. Одан кейін профессор «Спутник V», QazVac вакциналарының үнді штамына қарсы тұратынын, Ресейден арнайы қағаз алғанын мәлімдеді.

«Вакцинадан  кейін әртүрлі реакция болуы мүмкін. Вакцинаны бәріне бірдей салуға болмайды. Жағдайға қарау керек. «Вакцинадан кейін ауырып қалды» дейтін пікір осыдан шығады. Вакцина егетін жердің бәрінде терапевт маман отыруы қажет. Қазір көшпелі вакцина салу орталықтары көбейіп кетті. Ал ол жердегі медбикенің кәсіби білігіне кім жауап береді? Сауда орталықтарындағы вакцина­лау пунктінде терапевт отырғанына кім кепіл? Мысалы, қант диабеті бар адамға вакцина салмас бұрын ескеретін жайттар көп. Қарапайым адамның қан қысымы көтеріліп тұрса түсіріп, содан кейін екпе салған жөн. «Вакцина салдыруға келдің бе, отыр» дейтінді қою қажет. Вакцинадан хабары жоқ адамдар вакцина салып жүр. Екпені апыр-топыр салу қате.  Вакциналау түрінен хабары болуы керек», – дейді ол.

Иә, мамандар екпе жайында қандай пікір естісе де, шешімді шынайы ақпарат­тың пайдасына шығару қажетін мақұлдап отыр. Пандемия қайта өршімес үшін сақтық шараларын сақтауды да ұмыт қалдырмау керегін айтады. Бастысы,  пандемия қанша уақытқа созылса, сонша фейк ақпарат боларын болжау қиын емес. Сондықтан әркімге инфодемияның соқ­қы­сына төтеп берер иммунитет қалып­тастыру керек-ақ.