Қызылордада эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Қызылордада эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Қазақстан  Президентінің көмек­шісі Қанат Бозымбаев бастаған делегация жұмыс сапарымен Сыр еліне келді.

Қанат Бозымбаевтың қатысуымен Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселесі жөнінде жиын өтті. Онда Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша тоқталып, орынбасарлары Нұрлан Тілешев, Серік Сүлейменов, Балжан Шаменова және Серік Ахмет өздері жетекшілік ететін салалар бойынша баяндама жасады. Сонымен қатар облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге дайындық барысы туралы айтты.

– Осы жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша экономиканың негізгі көр­сеткіштері де оң нәтиже берді. Өнеркәсіп өндірісі, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 12,8%, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім өндірісі 2,5%, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7,3% артты, – деді облыс әкімі.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешев әлеуметтік-экономикалық негізгі көрсеткіштер мен алдағы басты міндеттерге тоқталды. Атап айтқанда, пандемияға дейін және кейінгі өңірдің экономикалық жағдайына жан-жақты талдау жасалып, әлеуметтік шиеленістің алдын алуға және өңірдегі қоғамдық жағдайды сақтауға мүмкіндік беретін шараларды іске асыру ұсынылды.

Облыстағы құрылыс, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық және Байқоңыр қаласындағы мәселелер туралы Серік Сүлей­­менов баяндады. Тұрғын үй сая­сатындағы жаңа тәсілдер, аймақтың жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстарына қолдау көрсету мәселе­лері қозғалды.

Ал әлеуметтік қамсыздандыру, денсау­лық және білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарды Балжан Шаменова тізбектеді. Бүгінде Қызылордада эпи­демиологиялық жағдай тұрақты. Облыс бойынша вакциналау 106 егу кабинетінде жүргізіліп жатыр, 37 мобильді бригаданың жұмысы ұйымдастырылып, оған 133 мейірбике мен 89 дублер тартылған. Облыс бойынша I компонент келген 165 960 дозадан 127 675 адамға, II компонент келген 99 550 дозадан 70 450 адамға салынды.

Жиында Президенттің көмекшісі Қанат Бозымбаев көтерілген мәселелер назарға алынып, алдағы уақытта шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді.
Сапар аясында Қанат Бозымбаев әуелі өңірдегі мұнай-сервистік саладағы ком­пания өкілдерімен кездесіп, өзекті мәселе­лерді талқылады. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова кейінгі жылдары кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндірудің көлемі төмендеп бара жатқанын, бұл кездесу ортақ мәселелерді айқындап алуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешев мұнай-газ саласындағы қазіргі жағдайды баяндап, экономикадағы негізгі көрсеткіштерді атап өтті. Сондай-ақ «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресурс» АҚ вице-президенті Болат Көшербаев, «Жанрос Дриллинг» ЖШС бас директоры Алексей Мылтықбаев ортақ мәселе аясындағы ұстанымдарын білдірді.

Бұл ретте Президент көмекшісі мұнай қорындағы ахуал Үкімет деңгейінде бірнеше рет қаралғанын атап өтті. Қуаттылығы 6 миллион тоннаны құрайтын «Кеңқияқ–Атырау» мұнай құбырының құрылыс жұмыстары аяқталса, жоба Қызылорда облысындағы мұнай өндіруші компаниялар үшін мұнай жеткізу жүктемесін азайтуға оң септігін тигізеді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі мұнай-газ саласындағы негізгі мәселелерді шешу үшін кешенді жұмыстар қолға алынғанын және осы салада қызмет ететін өкілдерді ортақ мүддеге топтасып, күш біріктіруге шақырды.

Келесі күні Президенттің көмекшісі Қанат Бозымбаевтың Сыр еліне жұмыс сапары Арал ауданында жалғасты. Делегация алдымен тікұшақ арқылы әуеден «Көкарал» бөгетін барлап, Қамыс­тыбас және Ақшатау көлдер жүйесінің жағдайын бақылады.

Одан соң  Қанат Бозымбаев Қамыс­тыбас елді мекенінде арнайы су шаруа­шылығына арналған жиын өткізді. Оған  Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов, су шаруашылығына қатысты мемлекеттік мекемелердің басшылары, Арал және Қаза­лы аудандарының әкімдері және бірқатар сала ардагерлері қатысты.

– Сырдария өзенінің ағысын реттейтін «Нарын–Сырдария» су қоймаларындағы су көлемі өткен жылдан 2 млрд текше метрге аз болып отыр. Бүгінде «Шардара» су қоймасына түсіп жатқан судың көлемі егіншілерімізді алаңдатады. Биыл облыс бойынша ауыл шаруа­шылығы дақылдары 187,6 мың гектарға орналастырылды. Оның ішінде күріш егісінің көлемі өткен жылдан 6,5 мың гектарға қысқартылып, 82,9 мың гектарды құрады. Дегенмен егінді сумен қамтамасыз ету мәселесі күрделі болып отыр. Сонымен бірге облыс аумағындағы 207 көлдің толуы 52 пайызды құраса, 17 көлде мүлдем су жоқ. Соның ішінде Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйелерінде күрделі су шаруашылығы жағдайы қалыптасты, – деді жиында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова. 

Өңірде су тапшылығының алдын алу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қызылорда облысы әкімдігінің бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген. Сонымен бірге каналдар арқылы су алу режимдерінің кестеге сай орындалуына мониторинг жүргізетін жұмысшы топ құрылған.
Жиында вице-министр Серік Қожа­ния­зов «Тоқтағұл» қоймасына жиналған судың жылдағыдан азаюына байланысты су тапшылығын реттеу үшін Үкімет деңгейінде алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды баяндады. Ал облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев вегетациялық кезеңде егіндікті сумен қамтамасыз етуге қатысты басты мәселелерді жеткізсе, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайда­лануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов өңірдегі су шаруа­шылығының жай-күйіне тоқталды.
Қанат Бозымбаев Президент тапсыр­масына сәйкес өңірдегі су мәселесін шешу жолдары айқындалып, ұтымды ұсыныстар қаралатынын жеткізді.
Жұмыс сапары соңында ол «Қызыл­орда» және «Әйтек» су торабына барып, қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Мамандармен кездесіп, жағдайды таразылады.
Н.ҚАЗБЕК,
Қызылорда облысы