Майнинг: ауаны ластайтын ақша «генераторы»
Майнинг: ауаны ластайтын ақша «генераторы»
358
оқылды

Әлемде криптовалюта нарығы қарыштап дамып барады. Бірақ альтернативті электронды ақшаны өндіру қай елге де экологиялық жағынан да, экономикалық жағынан да ауыртпалық салып тұр. Біріншіден, оны өндіру үшін өте көп көлемде электр энергиясы жұмсалады. Ол қай елдің болмасын, электр стансаларына салмақ. Бұл ТЭЦ-тердің көмірқышқыл газын көптеп бөлуге әкеледі де, парниктік әсер беріп, экологияға теріс ықпал етіп жатыр. Осы себепті Қытай Халық Республикасы майнингті тиімсіз әрі қауіпті деп тауып, елінде өндіруге тыйым салған болатын. Енді бүгінде ондағы майнерлер Моңғолия, Үндістан, Пәкістан сияқты көршілес елдерге көшіп жатыр. Бірқатары Қазақстанға да келуде. Ендеше оның салдары қандай болуы мүмкін?

Қазақстан майнинг-оффшор ма?

Мамыр айының соңында Қытай билігі криптовалюта өндіруге және саудалауға тыйым салуға шешім қабылдаған кезде BIT Mining Ltd компаниясы өндірісін Қазақстанға көшіруге шешім қабылдаған екен. Алғашында 350-ден астам ферма көшіріледі деген ақпарат шыққанымен, кейіннен бұл нақтыланған жоқ. Сол сияқты олардың қай өңірде орналасатынын да, қытайлардың Қазақстандағы әріптестерінің кім екені де әзірге белгісіз болып отыр. Бір бел­­­гілісі – аталған компанияның мәліметтерді өңдеу орталығының құрылысын салып, оны бірге пайдалануға 9,3 млн доллар инвестиция салатын болып келісімшарт жасасқаны. BIT Mining Ltd компаниясы елімізде жалпы көлемі 60 МВт электр энергия қуатын алмақ екен. Бастапқыда, яки алдағы шілде айының бірінен бастап 20 МВт энергияны тұтына бермек.
Қытайдан бөлек америкалық Wattum Manage­ment компаниясы да Energix компания­сымен бірігіп елімізде мәліметтерді өңдеу орталығын ашпақ ниетте. Оған да Қазақстан тарапынан кімдердің қатысып жатқаны тағы белгісіз. Тек Wattum-дықтар 50 МВт қуатты алу үшін 8 млн. доллар жұмсайтыны анық. Бұл ретте Energix компаниясының бұған дейін де резерв жасап алып қойған 180 МВт қуаты бар екенін атай кету керек. Олардың майнинг фермалары Экібастұзда – тоқ көзінің іргесінде орналасқан. Ал оған дейін елімізде немістің Genesis Mining компаниясы жұмыс жүргізіп жатқан болатын. 2020 жылдың көктемінде Cambridge Bitcoin Electricity Consumption Index компаниясы Қазақстанға криптовалюта өндіруде әлемде төртінші орын берген болатын. Сол уақытта еліміз ай сайын 25 млн долларға эквивалент криптовалюта өндіріп тұрған екен.

Экологтер қарсы, экономисттер жақ

Осы ретте «майнинг жасау өте көп электр энергиясын талап ететіндіктен, ол елімізде тоқ қуатының тапшылығына алып келмей ме?» деп алаңдаушылар да бар. Өйткені Иранда мәлі­­меттерді өңдеу орталығының жұмысының ке­сі­­рінен ірі қалаларына тоқ жетпей, жарықтары өшіп қалған болатын.
«Оларды әуелден-ақ Қытайдан көшірудегі себеп экологиялық нормалар мен тыйымдарға қатысты. Енді оларды бізге әкелгенде де соншалықты қажеттілік көріп тұрған жоқпын. Өйткені біздің өзіміз жаңа Экологиялық кодекске сәйкес, ауаға тарататын зиянды эмиссияларды қысқартуымыз керек. Оның бір түріне майнинг фермалар бөлетін жылу энергиялары жатады. Екінші мәселе электр энергиясына қатысты. Оларға жететін елімізде тоқ бар ма? Ол қандай желілермен таралады? Бұ­рынғыдан да көп тоқ бөлеміз деп ТЭЦ-тер мен ГРЭС-тер қосымша қуатпен жұмыс істейтін болса, бұл апаттық жағдайға әкелуі мүмкін. Олардың жартысына жуығы онсыз да апатты жағдайда жұмыс істеп тұр. Оның үстіне, ауаға тарайтын көмірқышқыл газының көлемі артып, парниктік әсер күшейе түспек. Ал өз алдына тоқ желісін тартпаса, қолданыстағы желілерге күш түсіп, ол да өз кезегінде пайдадан қалмақ. Өйткені еліміздегі электр желі­­лерінің 70%-ының тозығы жеткені әлдеқашан анықталған. Үшіншіден, бұл фермалардың Қазақстанға пайдасы қандай? Қазір қалыптасып отырғандай, ол белгілі бір топтың қалтасында кете ме әлде экономика мен экологияны жаңғыртуға жұмсала ма? Осы жағы нақты шешілуі керек», – дейді Республикалық KAZ ECO PATROL қоғамдық ұйымының төрағасы Тимур Елеусізов.

Экологтің сөзінің жаны бар. Өйткені осы екі проблема әлем елдерінде тығырықтан шы­­­ғудың жолын іздетіп отыр. Мәселен, биткоинды ресми валюта етіп бекіткен Сальвадорда оны өндіруге вулканның энергиясын пайдалануды көздеп отыр. Ал Англияда сиырдың тезегін биоотын етіп пайдаланбақ. АҚШ-та ірі компаниялар күн энергиясы стансасына жүгінсе, Ресейде Сібірдегі кен орындарында май­­­­­нинг фермалар ашып жатыр. Олар далаға текке жағып жатқан газды электр энергиясын алуға пайдаланбақ. Бізде Қазақстанда да альтернативті жолдар іздегеннің, әрине артығы жоқ.

«Елімізде электр энергиясы 87 % жылу элек­трстансаларында, 12 % гидроэлектрстансаларда, 1 % жаңармалы энергия көздерінде өндіріледі. Елімізде электр нарығы география­лық тұрғыда солтүстік, оңтүстік және батыс болып үш аймаққа бөлінеді. Соның ішінде ең көп энергия, яғни 75%-ы солтүстікте өндірі­­леді. Тіпті артық қалғанын Ресейге экспорттау­ға мәжбүрміз. Бізде майнинг фермаларды сол жақтарға орналастыру керек. Ол жақтың қысы суық. Фермаларды салқындатуға да үлкен септік етпек. Сондықтан да дәл қазіргі уақытта елімізде электр энергиясынан тап­шы­­­­лық бо­­­­лады деп ойламаймын», – дейді экономист Сапарбай Жобаев.
Экономисттің айтуынша, дәл қазір бұл өндіріс түрі инвестиция тартуда, жаңа жұмыс орындарын құруда, технологияларды көшіріп әкелуде және электр энергиясының профоцитін жұмсауда, елімізде осы өнеркәсіп түрін дамытуда үлкен әлеуетке ие.

Биржа табысты еселей ме?

Еліміздің Қытайда тыйым салынғанға дейін де криптовалюта майнингінде тартымды ел болғанын көрсетеді. Өйткені әлемдік ау­­­қым­­мен қарағанда Қазақстанда электр энергиясының бағасы салыстырмалы түрде арзан саналады.

«Криптовалюта нарығы дүниежүзінде қар­қынды дамып келе жатыр. Сондықтан да біз одан қалып қоймауымыз керек. Әлемде бүгінде үлкенді-кішілі 13 криптовалюта биржасы бар. Онда бір күнде 3 миллиард долларға дейін сауда жасалынады. Қазақстандықтар солардың ішінде Гонконгтағы биржаға көбірек қатысады. Қазақстандықтардың бір күнде жа­­­сайтын саудасы кейбір уақытта 7-10 миллион долларға дейін барады. Ал әдетте 2-3 мил­лион. Ал жалпы, қазір орташа есеппен бұл на­рықта біздің елден 15 мыңдай қатысушы бар. Криптовалютаның ақша құралы ретінде жүре алмауының бір себебі, мұндағы операциялардың өте жоғары анонимдігінде. Әйтсе де, егер, теңге немесе долларға айналдыру керек болса, ондай мүмкіндік бар. Сондықтан крипто түрінде оны жұмсай алмауда тұрған проблема жоқ», – дейді сарапшы қаржыгер Мағжан Әбілда. 

Бүгінде ең өтімді валюталар биткоин мен эфир болып тұр екен. 1 биткоин қазір 34-36 мың доллар төңірегінде бағаланады. Ол да бол­са аз қаражат емес. Әзір қазақстандықтардың биржада бағы жанып, байып кетіп жатқандары кемде-кем болар. Әйтсе де, бұл жобаның тартымдылығын жоққа шығаруға болмайды. Инвестиция ретінде келетін толағай табыстар­­ға келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап енгізілетін «майнинг салығы» қосылмақ. Ол әзір­­­ге 1 киловатт-сағат 1 теңгеге бағаланып отыр.
Нұрлан ҚОСАЙ