Сол жылы елорданың ғана емес, елдіктің белгісіне айналған Бәйтерек монументі бой көтеріп, қазақстандықтар алғаш рет еуро дейтін ақшаны қолына ұстап көрді. Бұрын Азия құрлығындағы аяқдоп жарыстарына қатысып жүрген ұлттық құрама мен клубтар сол жылдан бастап Еуропада ойнайтын болды. Қазақстан UEFA құрамына кірді. Бұлар 2002 жылғы оқиғалар еді.
Тәуелсіздік жылнамасын парақтап отырсақ, Қазақстанның іс жүзінде нарықтық қатынастарға өткен мемлекет ретінде ресми түрде мойындалғаны да сол 2002 жыл екен. Яғни, азаттық ала сала нарықтық экономикаға өтуге ұмтылып, жекешелендіруді бастаған Қазақстан билігінің әрекеті тек 2002 жылға қарай нәтиже бере бастапты. Бәлкім, базарда сауда сатып, шағын кәсіпкерлік нысандарын ашуды бұқара одан бұрын-ақ үйрене бастаған шығар, алайда жаһан экономикасына ықпал ететін ең қуатты мемлекет АҚШ Қазақстанды нарықтық экономикаға 2002 жылы өтіп болды деп есептеді. Еуропа одағы да бұл пікірді құптады. Сөйтіп, «өтпелі кезең» деп аталатын қызығы мен шыжығы көп 11 жылды артқа тастадық. Әрі ел тұрмысының түзеле бастайтыны да 2001-2002 жылдар еді. Мемлекет тұрмыспен бірге денсаулықты түзетуге де көңіл бөлген еді сол жылы.
Бірінші байлықтың қадірін сезіндірген жыл
2002 жылы Қазақстанда «Денсаулық жылы» деп жарияланды. Өйткені тоқсаныншы жылдардың қиын-қыстау кездерінде бұқара денсаулықтың қадірін түсіріп алғандай болғаны бар. Қайтсін, тұрмысты түзеу үшін, «қара қазан сары баланың» қамы деп күні-түні жүгіріп жүргенде көп адамның денсаулығы да сыр берген-ді. Мемлекеттің де 2002 жылдан бұрын медицина саласын дамытуға көңіл бөлетіндей қауқары аз еді. Жаңадан тәуелсіздік алған мемлекет шын мәнінде жас еді. Шекараны бекіту, Қарулы Күштерді құру, төл валютаны айналымға енгізу, нарықтық экономикаға көшу, жалақы мен зейнетақы қарыздарынан құтылу, түрлі салаларды реформалау, инвестор тарту, мұнай сатудан түскен қаржыны болашақ үшін сақтап қоюға қор құру тәрізді сансыз шаруаларды билік 2002 жылға дейін аяқтады. Сөйтіп, ендігі кезек денсаулыққа келген еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты да сол кезде ел халқының орташа өмір сүру ұзақтығының 64 жасқа тең болуы алаңдатқан сыңайлы. Йод тапшылығының салдарына да түрлі дерттің көбейгені сол жылдар еді. Туберкулезбен ауыратындар, ана мен бала өлімінің саны көп болатын. Бала туу көрсеткіші де төмендеп, медициналық көмек қолжетімсіз бола бастаған-ды. Оның үстіне, денсаулық сақтау саласының мәселелері де шаш етектен еді. Сондықтан биліктің бұл салаға жедел көңіл бөлуі қажет еді. Осылайша, 2002 жылы ресми түрде Денсаулық жылы жарияланды. Біздің пайымдауымызша, дәл сол кезеңнен кейін Қазақстандағы денсаулық сақтау саласы еңсесін тіктеп, бірте-бірте даму жолына түсті. Кейін медициналық кластерлер бойынша түрлі орталықтар салынып, жұмыс істей бастады. Қазақстан Орталық Азиядағы медицинасы дамыған елдердің көшін бастап тұр. Бүгінгі осынау жетістіктерге жеткізген жол 2002 жылы басталған болатын.
Жалпы, 2002 жыл туралы сөз еткенде, кейінгі кезеңдерде атқарылған жұмыстардың көбінің іргетасы сол кезде қаланғанын атап өтуге болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2003-2005 жылдарды «Ауыл жылдары» ретінде жариялауға даярлықты 2002 жылдан бастауға тапсырма бергені бар. 2002 жылдың 16 сәуірінде жариялаған Жолдауын да тұтастай дерлік ауылға, ауыл шаруашылығына арнаған еді. Елбасы сол кезде Үкіметке жыл сайын ауыл шаруашылығын дамытуға 8-10 млрд теңге бөліп отыруды тапсырған. Сөйтіп, 2003-2005 жылдар аралығында ауылдағы медицина, білім беру салаларын дамыту, әлеуметтік қолдауды күшейтуді мақсат тұттық. Алайда масылдыққа жол бермеуді назарда ұстадық.
«Бiздiң бәрiмiз алдымен ауылға қолдау көрсету дегенiмiз кез келгендi және көрiнгендi оңды-солды мемлекеттiк қаржыландыруға келiп тiрелiп тұрмағанын мықтап ұғынып алуымыз керек. Бiз бәз баяғыдай масыл болушылық тәжiрибесiн қайта түлете алмаймыз және олай iстемеймiз. Алдағы уақытта да адамның өзi үшiн және өзiнiң отбасы үшiн ырзығын теруiне қажеттi жағдай туғызу бағытын нысаналы жүргiзу керек, жұмыс iстей бiлетiн, өзiнiң еңбексүйгiштiгiн көрсеткен адамдарға қолдау көрсету керек. Мемлекеттiң халықтың және оның болашағының алдындағы жауапкершiлiгi де, мiне, осында жатыр», – деген еді Елбасы.
Бірақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті мемлекеттік әлеуметтік міндеттерін де естен ышғарған жоқ. Конституциядағы «әлеуметтік мемлекет» сипатына сай болудың, халықтың хал-жағдайын жақсартудың түрлі жолдарын қарастырды. Айталық, 2002 жылы Нұрсұлтан Назарбаев мұғалімдер жалақысын 30 пайызға өсіруде тапсырған болатын. Әу баста 25 пайыз деп жоспарланғанымен, Елбасы Жолдауда 30 пайыз етуді бұйырды. Үкіметке бұл мақсатқа қосымша қаржы көздерін табуды тапсырды. Сөйтіп, бюджеттік сала қызметкерлері 2002 жылдан бастап тәп-тәуір айлық ала бастады. Кейін жыл сайын мұғалімдер жалақысы өсіп отырды. Білетіндер 2002-2020 жылдар аралығында мұғалімдер жалақысы 11 есе өскенін айтады. Демек, экономистер жиі айтатындай, Қазақстанның тұрақты даму жолына түскені де 2002 жыл деген сөз. Әрі әлеуметтік мемлекет құруға ұмтылысымызды айшықтаған жыл еді.
Жаһандағы қазақтар екінші рет бас қосты
2002 жылы Түркістанда Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтті. Алғашқысы 1992 жылы өткенімен, одан кейінгі қиын кезеңдер шартарапты қазақтың басын қосуға мүмкіндік бермеген еді. Әрі осы аралықта ел астанасын Алатау баурайынан Арқаға көшіру процесі де басталып кеткен еді. Демек, екінші құрылтайға дейінгі кезең тым қарбалас, қауырт уақыт болатын. Бәлкім содан ба, жоқ әлде өзге себептері болды ма, әйтеуір Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы он жылдан соң ұйымдастырылды. Алайда бұл жиынды Түркістанда өткізу арқылы Қазақстан Президенті қиырдағы қандастарға ерекше месседж жолдаған еді. Яғни, он жылда Қазақстан қол жеткізген жетістіктерді көру мүмкіндігін ұсынып, күллі қазақ үшін киелі саналатын қаланың айрықша атмосферасын сезінулеріне ықпал еткен-ді. Ұлы хандар мен ұлт қайраткерлері мәңгілікке байыз тапқан шаһарда бас қосқан қазақтар алдында сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев: «Міне, көңілдері атажұрт деп алып-ұшқан алыстағы ағайындарымыз киелі Түркістан төрінде мәре-сәре күйге бөленген тамаша мерекенің куәсі болып жатыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын, бауырлар! Бұл құрылтай қазақ халқының жаңа мыңжылдыққа біртұтас ұлт ретінде нық қадам басқанының белгісі. Біздің бәріміз үшін бұдан артық бақыт, бұдан артық қуаныш болуы мүмкін емес», – деген болатын. Осылайша, құрылтай мәртебесін асырып, мыңжылдықтың алғашқы жиыны ретінде баға бергені бар.
Негізі, 2002 жылы түрлі форумдар, басқосулар, құрылтайлар молынан ұйымдастырылған жыл еді. Тараздың 2000 жылдығын да ЮНЕСКО деңгейінде сол жылы тойладық. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бірінші басқосуы өткен болатын. Әдетте журналистер мен саясаткерлер Азия кеңесі деп бейресми атай беретін ұйымның алғашқы жиынына Қазақстан, Ресей, Қытай, Пәкістан, Түркия, Моңғолия, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Ауғанстан президенттері, Әзербайжан және Үндістан премьер-министрлері, Иран, Мысыр, Палестина және Израильдің өкілетті ресми тұлғалары, бақылаушы мемлекеттер: АҚШ, Индонезия, Малайзия, Жапония, Таиланд, Вьетнам, Украина және Корей Республикасының өкілдері, бақылаушы ұйымдар: БҰҰ, ЕҚЫҰ басшылары қатысты. Басқосу барысында Алматы актісіне, Лаңкестікті жою және өркениеттер арасындағы сұхбатқа қолдау көрсету туралы декларацияға қол қойылды.
Сол жылы күзде Қазақстанға БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Кофи Аннан ресми сапармен келгені бар. Кетерінде «Достық» орденімен марапатталған Бас хатшысы Қазақстан халқы Ассамблеясын көпке үлгі болатын құрылым ретінде бағалаған еді. Әрі елімізде тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің тату-тәтті өміріне тамсанған. Тіпті, Кавказда ұзақ жылдар бойы Ресейге қарсы соғысып, сол кездері түрлі дала командирлерін тудырған шешен-ингуш халықтарына қатысты көзқарасын да өзгертіпті. Оны Қасым-Жомарт Тоқаев естелігінде жазғаны бар. «Кофи Аннан Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттық-мәдени орталықтарының басшыларымен кездесті. Бас хатшы аз ұлт өкілдерінің қысқаша айтқан сөздерін мұқият тыңдады. Әйтсе де, бұлардың арасынан шешен-ингуш диаспорасы жетекшісінің сөзі оның жадында қалыпты. Іс-шара аяқталғаннан кейін ол сыпайы ғана «Бұлар Ресейде соғысып жатқан әлгі сол халық па?» деп сұрады. Сұрағына нақты жауап алған К.Аннан «Өзіндік сипаты бар халық екен» деді ойлы жүзбен. Содан соң іле «Олар Сіздерге қиын проблемалар тудырмай ма?» деп сұрады. Бұл диаспора тарапынан ешбір қиындық жоқтығы жөнінде жауап алған ол ойланып қалды…», – деп жазады осы оқиға туралы естелігінде Қасым-Жомарт Тоқаев.
2002 жылы алғаш рет Еуразиялық медиа форум да өткені бар. Он шақты жыл бойы үзбей өткізілген форумға әлемге танылған саясаткерлер, журналистер, ғалымдар қатысатын. 2002 жылдан бастан жыл сайын осы форумға қатысу үшін біздің елге Нобель сыйлығының талай иегерлері келгені бар. Бүгінде елге белгілі форум 2002 жылы бұқараға таңсық еді. Алғашқысының өзіне 30 елдің 200 ге жуық журналисі қатысқан болатын. Біздің пайымдауымызша, мұндай ірі жиындарды, басқосуларды өткізе бастау Қазақстан экономикасының даму жолына түскенін білдіреді. Олай дейтінміз, ақша жоқ жерде жиын-той, форум-құрылтай ұйымдастыру да мүмкін болмас еді.
Тағы не болып еді?
Сөз басында айтқанымыздай, 2002 жылы Қазақстан футбол федерациясы UEFA құрамына кірді. Екі жылға созылған келіссөздерден кейін Қазақстан футбол клубтары еуропалық турнирлерге қатысуға мүмкіндік алды. Сол кезде футболдың төңірегінде жүрген атқамінерлер Еуропада ойнау Қазақстан футболын дамытады деген ұстанымда еді. Бұқара да соған сенді. Әйтпесе, Жайықтан батысқа қарай созылған шағын аумағы ғана Еуропа құрлығына кіретін, халқының түрі, ділі мен болмысы тап-таза азиялық саналатын Қазақстан Еуропа емес еді. Бірақ содан бері 20 жылға жуық уақыт өтсе де қазақстандық футболшылардың ішінен Еуропаның үздік клубтарында ойнаған бірде-бір спортшы жоқ. Клубтардың Чемпиондар лигасы мен Еуропа кубогінің бастапқы іріктеу кезеңдерінен өткен кезі болған емес. Күллі футболсүйер жанкүйерді қызықтыратын топтық кезеңде Қазақстан клубтарын жуық арада көре қоямыз дегенге сенім де азайып барады. Ал 2002 жылы біз менсінбей кеткен азиялықтар сол жылғы Әлем чемпионатында жарқылдағаны бар. Корейлер үшінші орын алып, жапон спортшылар Еуропалық клубтардың төрінен бір-ақ шыққан.
Айтпақшы, 2002 жылы қазақстандықтар алғаш рет еуро дейтін ақшаны көрді. Сол жылдың қаңтарында «Қазкоммерцбанк», «ТұранӘлемБанк» және «Халық банк» үшеуі елге 30 млн еуро әкелді. Ұлттық банк 2002 жылдың қаңтары мен тамызы аралығында еуроның айырбас құнын 150 теңге 97 тиын деп белгіледі. Ол кезде 1 доллар 154 теңге 10 тиын еді. Қазір қос валютаның алғашқысы 500-дің, екіншісі 400 теңгенің үстінде жүр. Еуроны Қазақстанға алып келген үш банктің екеуі жоқ.
2002 жылы елордада «Астана-Бәйтерек» монументі ашылды. Биіктігі 97 метр болатын нысанның үсті Самұрықтың жұмыртқасын бейнелейтін шар еді. Ел астанасына келген қонақтар мен тұрғындар Бәйтеректің биігінен қаланы тамашалап, Елбасы алақанының табы делінетін қолдың ізіне алақанын қоятын. Тілек тілейтін. Ырымдағаны ғой. Бүгінде жарқырап-жайнап тұрған елордадағы ғажайып құрылыс еді. «Бәйтеректен» кейін Есілдің сол жағалауындағы бос жатқан жерлерге сансыз құрылыс салынды. Ақорда да, Министрліктер үйі де, Парламент ғимараттары да, Хан Шатыр да, қысқасы бүгінде елорданың сәнін келтіріп тұрған нысандардың бәрі «Бәйтеректен» кейін бой көтерді. Демек, 2002 жыл экономиканың ғана емес, барлық саланың еңсе тіктей бастағанымен есте қалса керек.
Ардақ СҰЛТАН