Әкім сайланбақ, судья, сен де сайлан!
Әкім сайланбақ, судья, сен де сайлан!
205
оқылды

Қазақстанда ауыл-кент әкім­дерін сайлау науқаны басталды. Сарапшылар мұны демократияландыру үрдісінің заңды жалғасы деп бағалады. Бұл дұрыс, себебі жергілікті жұртшылық ең бірінші биліктің осы сатысына жүгінеді. Әкім халық­қа жақын болуы, тікелей соның өкіліне айналуы қажет. Сонымен бірге енді судьяларды да сайлайтын уақыт келді деген пікір айтылып жатыр: адамның бостандығы, құқы­ғының қорғалуы осы инстанцияға байланысты. Бірақ соттарды бұ­қараға жақын деу қиын. Судьялар «жабық корпорация» қалыбын сақ­таған.

Сайлауқұмарлық кеңестің сарқыншағы ма?

Ел Президенті Қ.Тоқаев таяуда, 2021 жылғы 23 маусымда ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізгені мәлім. Сонда Мемлекет басшысы бұл қадамға «еліміздің тарихындағы айтулы белес» және «біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет» деп биік баға берді. Рас, әкімдерді сайлау бұрыннан бар. Бірақ, әкімді үміткерлер арасынан қарапайым халық емес, мәслихат депутаттары таң­дайтын. Енді азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей өзі сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Бұл әкімдер институтын жетілдіруге үлес қосуы тиіс. Сарапшылардың байламынша, ендігі мәселе және демократияландыру жолын­дағы кезекті қадам - Қазақстанның сот жүйесін кемеліне келтіру болмақ. Мұның бір тетігі ретінде соттардың сайлан­балылығын енгізу ұсынылды. Шынын айту керек, сот жүйесіндегі мамандар бұл идеяны құптамайды, судьялардың көбі оған қарсы.

Заң ғылымдарының докторы Сәуле Амандықова сайлау сот жүйесінде онсыз да барына назар аудартады. Оның айтуынша, Қазақстанда мысалы, Жоғарғы Сот судьяларының лауазымы – сайлан­балы: Жоғарғы Соттың төрағасын және судьяларын ел Президентінің ұсынуымен Сенат депутаттары сайлайды. Одан өзгесі – тағайындалмалы: жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен судьяларын Жоғары Сот кеңесінің (ЖСК) кепілдемесі бойынша Мемлекет басшысы қызметке тағайындайды. Сарапшылардың мәліметінше, төменгі сатылардағы судьяларды сайлау Қазақ­станда кеңес кезінде болған және ол жүйе тәуелсіздік жылдарының басында ары қарай қолданылды. Дегенмен, сот жүйесіндегі реформа аясында мемлекет, мысалы, «халық заседательдерінің» қатысуымен сот өндірісін жүргізуден бас тартты. Отандық сот жүйесі кәсібиленді, сөйтіп кеңес кезіндегі судьяларды сайлау жүйесі жойылды.

Бұл тұрғыда қайта сайланудың жайын ойлаған судьялар өз ісінде объективті бола алмайды, халықтың ығына жығылады, оның үстіне сайлау науқанына бас қатырып, негізгі кәсіби қызметін кейінгі орынға ысыруға мәжбүр болады деген байлам басым түсті. Судья, саяси ғылымдардың кандидаты А.Белиспаев сонда демократиялық алдың­ғы қатарлы елдердің тәжірибесі ескеріл­генін жеткізді: «Мысалы, Ұлыбританияда барлық сот лауазымдары сайлау нәти­жесінде емес, тағайындау арқылы толты­рылады. Патшайым лордаканцлердің ұсынымы бойынша Жоғарғы Соттардың судьяларын тағайындайды. Ал төменгі тұрған соттарды лорд-канцлер бекітеді», – дейді ол.

Жаңғыру белгісі билер сотын қайтару ма?

Қарапайым халық соттарды сайлау ісіне көп қызығушылық танытпайтыны жасырын емес. Әлеуметтік желіде пікір білдірген жұртшылық судьялардың еш­қайсысын танымайтынын және танысуға құлқы жоғын білдірді: «аш бәледен қаш бәле», себебі істі болғандар немесе басына іс түсіп, қуынғандар судьялармен танысуға мәжбүр. Содан Қазақстанда бірінші инстанция, яғни, аудандық, қалалық сот судьяларын сайлау идеясын сарапшылар мен саясат­керлер, сотта талай құқай көрген оппо­зиция өкілдері ілгерілетіп жүр. Бастамашылардың пайымдауынша, судьялар халық арасында беделді әрі биліктің қысымға қайыспайтын батыл тұлғалар арасынан сайланғаны жөн. Биылғы мамыр айында белгілі адвокат, қоғам қайраткері Герман Нұрбаев жур­налистерге «адамның заңгерлік білімінің жоқтығы оның судья болып сайлануына кедергі болмауы тиіс» деген пікір білдірді. Оның айтуынша, «қоғам қазіргі сот жүйесіне сенімін жоғалтты». Демек, ел сенімін қайтару үшін жүйені жаңғырту керек.

«Әрбір өңірде бірінші инстанция судьялары лауазымына халыққа сыйлы, беделді адамдардың сайланғаны маңызды. Бұл инстанцияның судьялары әділдік іздеген, аяққа тапталған құқығының қорғалуын аңсаған адамдармен бірінші болып кездеседі. Майданның алдыңғы шебіндегілер. Жүйенің жетістікке жетуі де ең алдымен соларға байланысты. Сонымен бірге, кандидатта заңгерлік білімінің болуын міндеттемеу қажет. Біздің билердің де заңгерлік білімі болмаған. Ең басты критерий – халықтың сеніміне ие, адал адам болуы тиіс. Егер оларды кәсіби судья деп атағысы келмесе, ескіше би деп атасын. Тек халық сайлаған судья-билер ғана халық атынан сөйлеуге қақысы болады», – деп мәлімдеді ол.

Айта кету керек, алты күн бұрын Сенат депутаттары Герман Нұрбаевты Жоғарғы Соттың судьясы етіп сайлады. Яғни, енді ол тікелей судья ретінде сот жүйесіне халық сенімін қайтару ісіне өз үлесін қоса алады. Осы орайда, белгілі саясаттанушы Марат Бәшімов судьяларды сайлау тақырыбын кейбір тұлғалар мансапқа ие болу, көзге түсу үшін ілгерілетіп жүрген жоқ па деген күдігін білдірді.

Бастаманың теріс және оң жағы

Судья сайлау идеясын ілгерілетіп жүрген сарапшылардың бір талабы бар: сайланған судьяның үкімін жоғарғы тұрған соттардың өзі жоя алмауы керек. Егер жоғарғы инстанциялар оның шешімінің күшін жойып отырса, бұл идеядан мән кетеді екен: онда судьяның беделі түсіп, елдің сенімінен айырылып, келесі жолы бәрібір сайлана алмайды. Тек билер кезіндегідей соңғы әрі үзілді-кесілді шешім шығара алса ғана сайланған судья беделді болатын көрінеді. Бірақ бұл жағдайда жәбірленген жақ ары қарай әділдік іздеп, шағымдану құқығынан айырылады. Ол жағын да ескерген жөн. Сонымен, идеяны жақтаушылардың ұстанымынша, судьяларды сайлауды енгізу – сот жүйесінде қордаланған біраз мәселені шеше алады. Жергілікті халық сайлаған, яғни соның қолдауын иеленген тұлғаның тоқтам-бітіміне тараптар құлақ асады, сөзіне тоқтайды. Демек, даулар жоғарғы инстанцияларға дейін жетпейді. Өз кезегінде, сайланған судьялар қоғам пікіріне көбірек ден қояды, жемқор шенеуніктерге жұмсақтық танытпайды. Қарсы жақтың ұстанымынша, судьяны сайлау жүйесін енгізу және бүкіл ел аумағында сайлауды ұйымдастыру – өте қымбат шаруа. Себебі әртүрлі себеппен шығып қалған судьялар орнына жаңа сайлау өткізіп тұруға тура келмек. Сайлау өткенше елді мекендер судьясыз қалады, бірізді, үздіксіз сот өндірісіне нұқсан келеді. Оның үстіне, судья қоғамдық қысымға тәуелді болады, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегілер айыпты деп таныса, жазықсыз екенін аңғарса да, кінәсіз жанды жазалауға мәжбүр болады. Олай жасамаса, ары қарай сайланбайды. Бұл соттың тәуелсіздігіне нұқсан. Бұған қоса, мұндай сайлау кейбір этноанклавтарда, аймақтарда трайбализм, жершілдік көріністерінің сот жүйесіне де терең тамыр жаюына соқтыруы мүмкін. Өйткені бұрынғыдай жоғарыдан, өзге өңірден судья жіберу мүмкін болмайды. Тоқсан сөздің тобықтай түйіні сол, халыққа жақын, атын ел құрметпен атайтын судьялар керек. Саланың да заманға сай жаңғыра түскені маңызды. Өйткені осы кәсіп өкілдері өз үкімдерімен, шешімдерімен қоғамның дамуына, адамдардың әл-ауқатына, көңіл күйіне тікелей әсер ете алады.

Елдос СЕНБАЙ