Тұрғын үй құрылысының өзекті мәселелері талқыланды
Тұрғын үй құрылысының өзекті мәселелері талқыланды
240
оқылды
Тұрғын үй құрылысының, архитектуралық келбетті қалыптастырудың және ескірген тұрғын үйлерді реновациялаудың өзекті мәселелері «Nur Otan» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес алаңында талқыланды. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Юлия Кучинскаяның айтуынша, «Nur Otan» партиясының сайлауалды уәделерін орындауға арналған Жол картасы аясында биыл 2025 жылға дейін жоспарланған 103 млн. шаршы метр тұрғын үйдің 17 млн. шаршы метрі салынады. Бұл ретте ол уәкілетті органдар тарапынан құрылыс сапасына тиісті бақылауды қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне азаматтар пайдалануға берілген тұрғын үйлердің сапасына қатысты үнемі шағым айтады. Мұндай проблемалардың бар екенін Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев та растады.
«Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары 539 тексеру жүргізді. Оның қорытындысы бойынша, 973 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 84%-ға жоғары. Яғни, 90% жағдайда тиісті талаптардың бұзылғандығы расталды деген сөз. Құрылыстың сапалық көрсеткіштерін қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың бірі ретінде мемлекеттік бақылаудың қолданыстағы жүйесі толық қайта қаралатын болады. Атап айтқанда, құрылыс кезеңдері тұрақты түрде бақыланады және МСҚБ органдары нысандарды пайдалануға қабылдауға қатысатын болады», - деп атап өтті Қайырбек Өскенбаев.
Сонымен қатар, қала құрылысы құжаттамасының сапасыздығы, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының құрылыстың бас жоспарына сәйкес келмеуі, тығыздық, қабаттар саны, шағын аудандардың көліктік жүктемесі және т.б. бойынша есептердің болмауы түйінді мәселелер болып қалуда. Өз кезегінде Кеңес төрағасының орынбасары Марат Шибұтов қалалардың сәулеттік келбетін қалыптастыру бойынша республикалық деңгейде нормативтердің жоқтығын алға тартты. Ал Кеңес мүшесі және «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев Мүлік иелері бірлестігі (МИБ) реформасын қолдау арқылы ескірген тұрғын үйлерді реновациялау процесін жетілдіруді ұсынды.
«Меншік иелері бірлестіктеріне құрылыс заңнамасын сөзсіз сақтай отырып, ведомстволық бағынысты ұйымдардың қатысуынсыз үйлерді реновациялауды дербес жүзеге асыруға мүмкіндік беру керек», - деді ол.
Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, отырыс барысында «Nur Otan» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиева қоғамдық пікір мен партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген өтініштер негізінде өңірлердегі өмір сүру жайлылығы бойынша зерттеу нәтижелерін ұсынды. Талдауға сәйкес, тұрғын үй жағдайлары мен инфрақұрылымның дамуына Алматы қаласы, Солтүстік Қазақстан, Алматы және Маңғыстау облыстары тұрғындарының мүлде көңілдері толмайды. Ал бүгінде түйінді мәселелер болып ауызсу, орталықтандырылған сумен жабдықтау, жылыту және орталық кәріз сапасы қалып отыр. Институт жетекшісінің айтуынша, осы мәселелерді шешу үшін министрліктер, жергілікті атқарушы органдар мен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін әзірлеу қажет. Кеңес отырысының қорытындысы бойынша тиісті ведомстволарға күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша нақты ұсынымдар жолданды.