Ескі көлік еселеніп барады
Ескі көлік еселеніп барады
358
оқылды

Елімізде қолданыстағы екі көліктің бірі ескі екенін ба­ғамдау аса қиын емес. Тіпті, біз жаңа деп есептейтін кө­лік­тердің өзі кей елдерде ескі-құсқыға саналады. Ең таң­ға­ларлығы – сол елдерде әбден пайдаланылған, то­зығы жет­кен көліктер еліміз­де «жаңа» иесін тауып жа­тады.

Елімізде ескі көліктің көбеюіне не себеп? Жаңа көлікке сұраныс­тың аз болуын қалай түсіндіруге болады?

Ескі көлік неге көбейді?

Ескі көліктер Қазақстан авто­паркін жыл өткен сайын толтырып жатыр. Автомобиль саласы кә­сіпорындары одағының ақпараты бойынша, еліміздің жолдарында жүрген 1 миллион 200 мың көлік­тің тізгінделгеніне 20 жылдан асып кеткен. Яғни, әбден тозығы жет­кен машина көп. Олар әлі күнге дейін сатылымда жүр. 2015 жылы шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі – 59 пайыз. Үш жылдан кейін бұл көрсеткіш 65 пайызға жетсе, 2020 жылы 70 пайызға өсті. Сонда елдегі 4 миллионнан астам кө­ліктің 2,8 миллионы тозған. Бұдан кейін автоөнеркәсіптің дамуы мен экологияға деген қамқорлық жайлы айту қисынсыз көрінеді. Автопарктің осылай ескіруіне бағаның қолайсыздығы себеп бол­ғаны анық. Мәселен, қолыңызда 3-4 миллион теңге болса, шыққа­нына 3 жыл толмаған көлік сатып ала алмайсыз. Мүмкіндігіңіз нөлге тең. 3 жылға жетпеген, ең арзан көлік түрлерін таңдаймын десеңіз, кемі 5-7 миллион теңгеңіз болғаны абзал. Демек, 10 млн теңгеге жет­пейтін бағадағы машиналарды жұрт несие арқылы алып жат­қанда ескі, есесіне арзан көлік­терге сұраныс әлі толастамайды. Содан кейін шетелден көлік тасы­мал­дауға асығатындар көбейетіні заңдылық. Армения, Грузия се­кілді елдерде жаңа болмаса да, ескіре қоймаған көліктер бізге қа­ра­ғанда қолже­тімді бағада са­тылады. Грузияда 100 мың шақы­рым­нан астам жүр­ген Hyundai Elantra көлігін 2 млн теңгеге алуға бо­лады. Ал елімізде сол тәрізді темір тұлпарды 4,5-5 млн теңгеге са­тып аласыз. 2 есе баға айыр­ма­шылығы бар.

Басты кілтипан – бағада

Былтыр, яғни пандемия кезінде ав­токөлік бағасы бір емес, екі рет көтерілді. Әуелі шілде айында 11 пайызға, қарашада тағы 17 пайызға өсіп кетті. Ал көліктерді жіктеп қарастырған ресми дерек бойынша, жалпы карантин уақытында импорттық көліктер бағасы 23, елімізде құрастырылған темір тұлпарлар құны 13 пайызға көтерілген екен. Бірақ құн өсті екен деп, сұраныс «құнсызданбады». Көлік тізгіндегендер алдыңғы жылмен салыстырғанда 13 пайызға артты. 2020 жылғы күзде Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі автокөліктерді онлайн тіркеу қызметіне жүгінгендердің саны екі есе артқанын мәлімдеді. Яғни, көлік атаулының саудасы жүрді. Ақыры халықтың темір тұлпар тізгіндеуге деген құлшынысы көлік нарығын пандемия дағдарысынан сақтап қалды. Былтыр алғашқы 6 айда 35 мың көлік сатылған. Ал биыл да көлік саудасы тіптен жанданды. Елімізде жыл басынан сәуірге дейінгі 4 ай ішінде жеңіл көлік, автобус пен ауыр жүк көліктерін қосқанда 34 199 машина сатылып, сауда өсімі 20 пайызға жетіпті. Қош, ал біз баға артуының себебіне үңілсек.

Көбіне сарапшылар автокөлік қымбаттауының себебін АҚШ доллары ба­ғамының теңгеге шаққандағы өсі­мімен түсіндіреді. Яғни, ұлттық валюта құнсызданған сайын соған сәйкес құн да өспек. Соңғы 5 жылдың ішінде жаңа көліктердің бағасы 1,5-2 есеге дейін артты. Мысалы, дәуірінде сұраныстан түспеген Reno Duster автокөлігі 2015 жылы 4 миллион теңгеге жетпес сомада саудаланған еді. Ал қазір 8 миллионнан асып жығылды. Өткен жылы ғана жаңа Nissan Qashqai 12 миллион тұрса, биыл 16 миллионға шамалас. Мұндай мысалды көптеп келтірсек болады. Ал құн өсіміне тек долларды кінәлаған жөн бе? Мәселен, шетелде шығарылған көліктерді елге жеткізу шығыны бағаның өсуіне әкеліп отыр.

Пайдаланылған көліктерді Армения, Грузия, Қырғыз Республикасы, Ресейден алып келуге қазір көбі қор­қады. Біріншіден, оны заңды тіркеу ақысы тура көліктің бағасына тең деген ұғым қалыптасқан. Салығы өсіп кетсе, ұрланған көлік болып шықса деген үрей тағы бар. Ал автонарық шолушысы Олжас Оқас болса, бір емес, бірнеше себепті алға тартады. Оның айтуынша, металл бағасының өсуі де көлік нарығына тікелей әсер етеді.

– Утилизациялық алымның кесі­рінен көлік бағасы қымбат. Утили­за­ция­лық алымның көлік бағасындағы үлесі – 30 пайыз. Мысалы, 4  миллионға сатылып жатқан көліктің бағасы – 2 млн 900 мыңдай. Жалпы, көлік ешқашан арзандаған жоқ. Өйткені металл қымбаттап жатыр. Қазір­дің өзін­де коммерциялық техника 30-50 пайызға қымбаттады. Таяуда жеңіл көліктер қымбаттайды. Сондық­тан өндірушілер металл прокатына салы­на­тын салықты азайтуды сұрап отыр. Бірақ бұл екіталай. Бір жағынан тауар долларға байланған, ал теңге әлсіз. Сондықтан компаниялар бағаға түзету жасап, сәйкестендіреді. Теңгемен көлік құнын қымбаттатады. Қазір ең арзан шағын көлік Chevrolet Da­mas-тың құны шамамен 3 млн 650 мың теңге. Седанға келсек, Chevrolet Nexia 4 мил­лион теңге шамасында. Екінші нарықта Toyota Camry сұраныста. 2013-2014 жылғы машиналардың құ­ны 9 миллионға бара жатыр, – дейді ол.

Маман сөзінен аңғарғанымыз, көлік бағасы мұнымен тұрақтанып қалмайды. Сарапшылар биыл да 15-20 пайызға қымбаттауы мүмкін екенін болжап отыр. Тәуелсіз автобизнес одағының өкілі Мақсат Мейірмановтың ойынша, алдағы уақытта автокөлік құны кем дегенде 20 пайызға шарықтап шықпақ. Сарапшы оны пандемиямен емес, доллардың жиі құбылуымен байланыстырады. Шетел валютасына байланған барлық өндіріс ошағы мен дилерлік орталықтар бағаны өзгертіп отыруға мәжбүр. Қазір жаңа импорттық көліктер ең азы 17 пайыздық мөлшерлемемен несиеге беріліп жүр. Бірақ несиеге көлік алу – жұрт үшін тиімді емес. Көлік жүре бастаған күнінен-ақ бағасын жоғалта береді. Ал «отандық өнер­кәсіп» деген атау алған, елде құрастырылып жатқан көліктерге жаппай сұраныс жоқ. Көлік бағасы осы қар­қынмен қымбаттай берер болса, келешекте ескі көлігіміз көбейіп, жаңа көлікке қол жеткізу қиындай беретін тәрізді.