Бұл жайында Ақмола облысының Полиция департаменті Атбасар ауданының полиция бөлімінің баспасөз қызметі хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, маусымның 29-да Атбасар аудандық ПБ кезекші бөліміне учаскелік полиция инспекторы хабарласып, 40 жастағы жергілікті тұрғынды ұстағанын айтқан.
«Анықталғандай, оқиға болған күні ер адам үйге мас күйінде келген. Ол жанжал кезінде 65 жастағы анасын бірнеше рет жұдырықпен ұрып жіберген. Соққыдан кейін анасы көз жұмған. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша әйел бас сүйек-ми жарақатынан қаза тапқан», - деді ведомстводан.
Қазір осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды. Күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.