Қаскүнемдер көпқабатты үйдің жеті бірдей желдету құбырларын жымқырып кеткен. Қапырық ыстықта желдетусіз қалған үйдің тұрғындары полицияға шағымданған, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Оқиға 28 маусым күні болған. Көкшетау қаласының полиция басқармасына телефон шалған 55 жастағы әйел желдеткіш құбырларды біреулердің ұрлап кеткенін хабарлапты. Дереу оқиға орнына жеткен учаскелік полиция инспекторлары үйді желдетіп тұратын жеті бірдей шойын темірлерді көтеріп кеткенін анықтаған.Қаскөйлер Көкшетау қаласының 30 жастағы екі тұрғыны болып шықты. Олардың бірі дәл сол үйде тұратыны анықталды. Күдіктілер өз айыптарын бірден мойындады. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 188 бабының 2 тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сатылып үлгермеген заттай айғақтар, яғни желдету құбырлары тәркіленіп алынды. Күдіктілерге қатысты міндетті түрде келу түрінде процесуалды мәжбүрлеу шарасы қабылданған.– Шығын көлемі 150 мың теңгені құрады. Учаскелік полиция инспекторлары капитан Асылхан Есімов пен лейтенант Темірлан Алпысов темір ұрлағандарды ізін суытпай тапты. Күдіктілер бірден тергеу изоляторына қамауға алынды, – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы