Жаңаарқада вакцинацияланған тұрғындар арасында шипажайға жолдама ойнатылды
Жаңаарқада вакцинацияланған тұрғындар арасында шипажайға жолдама ойнатылды
129
оқылды

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында коронавирусқа қарсы вакцина алған тұрғындар арасында екі жолдама ойнатылды.

Вакцинацияның бірінші компонентін алған Жаңаарқа ауданының 500 тұрғыны арасында «Сарыағаш» шипажайына жолдама ойнатылды. Оның иегері Айнабұлақ ауылының химия пәнінің мұғалімі Нұргүл Серікбаева мен Жаңаарқаның «Дәрия» балабақшасының медбикесі Дана Оспанова болды.

«Ауданның жастар ресурстық орталығына ұтыс ойынын ұйымдастырғаны үшін алғысымды айтқым келеді. Күтпеген жерден жолдама ұтып алдым. Біз вирусты бірлесе отырып жеңуіміз керек. Ол үшін вакцинациядан өткен абзал», – дейді Нұргүл Серікбаева.

Сондай-ақ, 29 маусымда Ақтүбек ауылдық округінде COVID-19 вакцинасының бірінші компонентін алған тұрғындар арасында бағалы сыйлықтар ұтыс ойыны басталды. Басты сыйлық – Samsung Galaxy A11 телефоны. Арнайы нөмірленген билеттер Ақтүбек дәрігерлік амбулаториясында вакцинаның бірінші компонентін алған ауыл тұрғындарына беріледі. Егер осы ауылдық округ тұрғындарының бірі Жаңаарқада екпе алса, онда ол Ақтүбек амбулаториясына барып, тіркеліп, билет ала алады. Ұтыс ойыны 30 шілде күні сағат 14:00-ге дейін жалғасады. Нәтижелер 30 шілдеде сағат 15:00-де @aktubek.akimdigi Instagram-парақшасында тікелей эфирде жарияланады.

«Басқа да акциялар мен викториналар ұйымдастырылды. Оған вакцинациядан өткен аудан тұрғындары қатысты. Атап айтқанда, вакцина алған зейнеткерлер, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін азық-түлік себеттері дайындалды. Алда ақшалай сертификат ұтыс ойынын өткізу жоспарда бар. Қазір ол үшін демеушілер іздестіріп жатырмыз», - дейді ұйымдастырушылар.

Жаңаарқа ауданында бүгінгі күні 4 573 адам вакцина алған, оның 2 328-і толығымен екпе жасатты.