Оралда тұрғын үй өртеніп, күйік шалған үш адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО ТЖ департаментінің мәліметінше, оқиға 4 шілде күні сағат 01.36-да Спортивная көшесі, 5-мекенжайында болды.
Бір қабатты төрт пәтерлік үйдің төбесі (аумағы - 100 шаршы метр) өртеніп, опырылып түскен. Сосын жалын 60 шаршы метр қабырғаны шарпыған. Үйдің жалпы алаңы - 180 шаршы метр.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін 31 жастағы үй иесі (денесін 30 пайыз бірінші дәрежелі күйік шалған, жағдайы ауыр), 32 жастағы әйелі (15-20 пайыз, екінші дәрежелі күйік, халі орташа), олардың биыл туған қызы (15 пайыз, 2-3 дәрежелі күйік, жағдайы орташа) ауруханаға жатқызылды.
«Тілсіз жау» сағат 03.52-де ауыздықталды. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі анықталу үстінде.
Оқиға орнына ТЖ департаментінен 16 қызметкер, 5 техника, Орал қаласы Полиция басқармасынан жедел тергеу тобы (5 қызметкер, 1 техника) барған.