Теміртауда 13 жастағы жасөспірім үстіне балабақшаның металл қоршауы құлап кетті. Зардап шеккен баланың бас сүйегі сынған және ми жарақатымен ауруханаға жатқызылды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оқиға 1 шілдеде Теміртаудың 8-ші шағын ауданында,«Таңшолпан» балабақшасы маңында болған. Металл қоршау құлаған кезде жасөпірім сол жерде жүрген. Баланың анасы әлеуметтік желілерде оқиға қалай болғанын айтып берді.
Әйел бұл оқиғаға мектепке дейінгі мекеме қоршауын жөндейтін мердігер кінәлі екеніне сенімді. Оны жазалауды талап етіп отыр.
Теміртау әкімдігі өкілдері жағдайға қатысты түсінік берді. Ведомство мәліметі бойынша, қазіргі уақытта мердігер ұйым «Құрылыс консалтинг ұлттық орталығы» АҚ-ға қатысты тергеу жүріп жатыр.
Теміртау полиция басқармасындағылар жазатайым оқиға дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін айтты. Тергеу ҚР ҚК-ның 277-бабы 1-бөлігі «Тау-кен және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша жүріп жатыр.