Ақмола облысында үш күнде үш адам суға батып кетті, деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі.
«Облыс аумағында үш күннің ішінде үш адам суға батып кетті. Қайғылы оқиғаның біреуі Аршалы ауданының Есіл өзенінде орын алды. Онда суға шомылмақшы болған 28 жастағы ер адам суға батып кетті. Сонымен бірге, Зеренді ауданында Зеренді көліне 31 жастағы ер адам, Көкшетауда Шағалалы су қоймасына 47 жастағы әйел суға батып көз жұмды», - деді ведомстводан.
ТЖД мәліметінше, күн сайын 300-ден астам құтқарушы, полицейлер мен еріктілер судағы қауіпсіздік туралы алдын алу шараларын жүргізуде.
Алайда, демалушылар тарапынан қауіпсіздіктің қарапайым талаптары ескерілмей, соңы қайғылы жағдайларға әкеліп соғып отыр.
Осы ретте Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өңір тұрғындары мен қонақтарына судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін еске салады.