Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылындағы Қарабек көлінде 400 кг. балық қырылып қалды. 4 шілде күні әлеуметтік желіде Қызылжар ауданы Бескөл ауылындағы Қарабек көлінде балықтың қырылғаны жөнінде видео тарады.
Тұрғындардың айтуынша, мөңке балығы екі күннің ішінде қырылып, жағаға шығып қалған. Күннің ыстығынан жаман иіс ауаға тарап, жақын маңдағы тұрғындардың мазасын алған. Балықтың қырылуына көлдің жағасына салынған екі монша себеп болуы мүмкін. СҚО балық шаруашылығы инспекциясы осы оқиғаға қатысты түсінік берді.
Мамандардың айтуынша, 3 шілде күні Қарабек көліне Есіл облысаралық Бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, Экология департаменті, Қызылжар аудандық ветеринария бөлімі және Бескөл ауылдық округі әкімдігі мамандары барып, жағдайды көрді. Жұмыс тобы су қоймасының жағалауын аралап-зерттеп, мөңке балығының қырылғанына көз жеткізді.
«Ветеринарлық қызмет пен экологтар су мен өлген балықтың сынамасын алып, зертханалық сараптамаға жіберді. Бескөл ауылдық әкімдігі мамандары көлді тазартып, өлген балықты жойды. 400 кг. балық қырылған. Балықтың неден өлгені зертханалық тексеруден кейін ғана белгілі болмақ», - дейді Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы Ильдар Кәкімов.
Қарабек көлі Бескөл ауылында орналасқан. Аумағы 10 га. жуық, тереңдігі шамамен 1,2 м. Су қоймасы облыстың балық шаруашылығы көлі тізіміне енгізілмеген.