Астана – тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің айнасы. Арманы мен тілегінің көрінісі. Жастардың, жастықтың қаласы. Жарқын болашаққа апарар жол да осы қаладан бастау алып жататындай көрінеді. Сол үшін де талмай еңбек етіп, спортта, білімде топ жарған үздік жастардың қатары қалың. Елордада дүние есігін ашып, осы қаламен бірге өсіп, бірге жетіліп, биіктен көрінген жастар туралы сөз қозғамақпыз.
Болашағын елордамен байланыстырған жастарға барлық есік ашық деп айтуға әбден болады. Соған сай бәсеке өте жоғары, ал ол бар жерде ғана алға жылжуға, дамуға мүмкіндік бар.
Бас қалада дүниеге келгендердің алдының жасы енді ғана 20-дан асып жатыр. Десек те, бұл оларға әр салада жетістікке жетуге, түрлі додаларда топ жарып, еліміздің байрағын биіктетуге еш кедергі емес екенін дәлелдеп отыр.
Солардың бірі – Санжар Ташкенбай. Елордада туып-өскен ол Польшада бокстан жастар арасында өткен Әлем чемпионатының чемпионы. Қазір Санжар 11-сыныпқа көшті, оқуын аяқтағаннан кейін спортқа түбегейлі бет бұрмақ ниетте екенін айтады. Талабы таудай, арманы да асқақ. Жарыстар мен чемпионаттарда байрағымызды көтеріп, еліміздің атын шығарғысы келеді. Әр жеңістің артында жылдар бойғы жаттығулар, үлкен еңбек, ерік пен мінез тұрады. «Ең бастысы,әр адам өз күшіне сенуі керек», – дейді ол.
Елорда жастарының спортқа деген құлшынысы мен таудай талабы, еңбегі әр жыл сайын еселеніп келе жатқаны да байқалады. Соның ішінде қысқы спорт түрлеріне бала күнінен әуестеніп, сол бағытта елеулі нәтиже көрсетіп жүрген елорда перзенттері де көп. Елімізде конькимен жүгіру спортының негізі Алматы қаласында қаланғаны баршаға аян, енді осы спорт түрі жаңаша қарқын, жаңаша серпінмен Нұр-Сұлтанда дамып келеді. «Алау» мұзайдыны қаншама чемпиондарды тәрбиелеп шығатынына зор үміт бар. Тимур Мүслімқанов да сондай үміт күттіретін жастардың қатарында.
– 2001 жылы қыркүйек айында осы Нұр-Сұлтан қаласында дүниеге келдім. Конькимен жүгіру спортына 10 жасымнан бастап әуестеніп, қатыса бастадым. 15 жасымда Қазақстан чемпионы атандым. 16 жасымда спорт шеберіне үміткер болдым, ал 17 жасымда спорт шебері дәрежесін алдым.
Жалпы, спорттың бұл түрі бойынша жыл сайын бәсеке қыза түседі. Конькимен жүгіру сонысымен де қызық. Қазір сол бәсекеге төтеп беру үшін үзбей жаттығамын. Мақсатым – Әлем чемпионы болып, көк байрағымызды көтеру.
Еліміздегі конькимен жүгіру спортының даму тарихы 1931 жылдан бастау алады, сол кезде Петропавлда «Динамо» стадионы салынды. Одан әрі Алматыда – Медеу спорт кешенінде одан әрі дамып, жаңа деңгейге көтерілді. Тура осы жерде 200-ден астам әлемдік рекорд орнатылды. Мұзайдын ұзақ жылдар бойы «рекордтар фабрикасы» мәртебесіне ие болды. Қаншама чемпиондар шықты.
Енді, міне бас қаламыздағы, туған қаламдағы «Алау» мұзайдыны конькимен жүгірудің жаңа тынысын ашқандай деп айтуға болады. Әсіресе, мен үшін бұл үлкен мүмкіндік болды. Жаңа конькимен жүгіру стадионы барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және оқу-жаттығу мен ресми жарыстар өткізуге қолайлы. Тек бірінші халықаралық жарыс – VII қысқы Азия ойындары кезінде мұнда 9 континенттік рекорд орнатылды.
Халықаралық конькимен жүгіру одағы біздің елімізге, Ұлттық конькимен жүгірушілер федерациясына үш жыл қатарынан (2011, 2012, 2013 жылдары, ал 2015 жылы Қазақстан спринттен Әлем чемпионатын өткізді) әлем кубогы кезеңдерінің бірін өткізуге сенім білдіргені – еліміздегі конькимен жүгіру спортының табысты дамуының айқын дәлелі деп есептеймін, – дейді Тимур.
Нұр-Сұлтан қаласы тек саяси астана емес, рухани-мәдени орталыққа айналып келе жатқанын аңғару қиын емес. Салынып жатқан театрлар, әртүрлі өнер ордалары осы сөзімізді дәйектей түседі. Соның ішінде ұлттық өнерге қызығатын, әлемге танытқысы келетін жастардың көп болуы көңіл қуантады.
Альбина Ағыбай 2009 жылы елордада туған. Кішкентайынан алғыр, зерек, озат екені байқалған. 3 жасынан бастап әріп танып, кітапты зуылдата оқыған екен. Шахмат, тоғызқұмалақ ойнайды. Одан бөлек, қолөнерге, каратэ үйірмесіне барады. Жетістігі де көп. Жақында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған арнайы төсбелгімен марапатталған.
Альбинаның домбыраға деген ықыласы ерекше. Домбыраға Оқушылар сарайындағы «Шұғыла» үйірмесі ашылғалы бері қатысқан.
Болашақта елінің өркендеуіне, өсуіне өз үлесін қосып, Димаш сияқты қазақтың атын әлемге танытсам деген арманы бар екенін айтады. Ал туған қаласы Нұр-Сұлтан әлемнің ғаламат қалаларына айналса деген тілегі бар, сол үшін талмай еңбектенгісі келетінін де жасырмады.
Елордада тек спорт, өнер білімде жетістікке жеткен жастар емес, іскер жастардың буыны да қалыптасып келеді. Ол да ел ертеңі үшін аса маңызды, себебі іскерлік заман талабына айналып отыр. Елорданың іргесі енді қаланған кезде дүние есігін ашқан Данияр Қызыкенов туған қаласында ісін дөңгелетіп отыр.
– Алғашқы бизнесім – асхана ашу болды, ол екі айдай жұмыс істеді. Содан соң жай ғана жақсы тамақтану мекемесін ашқым келді. Бірақ бургер жасайтын тамақтану орнын ашуға бел будым. Қазір жаңа жобамен, маркетингпен, бейнепродакшнмен, IT-мен айналысамын. Кәсіп ашу кезінде көбі менің жас екенімді көріп, қаперсіздікпен қарағаны қиын болды, бірақ керісінше жастарға үнемі көмек беріп, кеңес бергісі келетіндер де бар екені қуантты. Кәсіпкерлік мені әрдайым дамуға, жұмыс істеп, бір орында тоқтап қалмауға үйретті. Оған қоса, өзіңнің сүйікті ісіңді табу өте маңызды, – дейді елорда құрдасы.
Қаланың айшықты қадамдарын саралағанда онда туып-өскен жастардың жетістіктерін назарға алу маңызды. Күн сайын өсіп, көркейіп келе жатқан елорда жастары – қаланың өзіндей жаңашыл, арманы биік, талабы зор. Әрқайсысы туған қаласының бір кірпіші болып қаланып, елінің өркендеуіне үлес қосуға ниетті.
Мадияр ТӨЛЕУ