«Халықтың бақыты үшін күрес: партиялардың жауапкершілігі» атты саммит Қытай Коммунистік партиясының 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Оған 10 мыңға жуық партия өкілдері, оның ішінде әлемнің 160 елінен партия мен саяси ұйымдардың 500-ге жуық көшбасшысы қатысты. Сонымен бірге саяси 21 партияның көшбасшылары сөз сөйледі.
Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев самитте екінші болып сөйледі. Бұл оның халықаралық беделін көрсетіп, ұйымдастырушылардың Қазақстанның Тұңғыш Президентіне деген ерекше көзқарасын көрсетті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинге бұл саяси іс-шараға қатысуға шақырып, сөз бергені үшін ризашылық білдірді.
Елбасы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне ерекше тоқталып, оған көбіне «Nur Otan» партиясына отандастарымыздың тарапынан көрсетілген сенім мен қолдаудың арқасында қол жеткенін атап өтті.
– Біз әлеуметтік бағдар ұстанған ел ретінде азаматтардың лайықты тұрмысы мен Қазақстанның жаңғыруын қамтамасыз ету жұмысын әрі қарай жалғастырамыз. Біздің мақсатымыз – 2050 жылы әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Қытай тарапы бастамашы болған саяси бірлестіктер деңгейіндегі көпжақты диалогқа арналған жаңа тұғырнаманы дамыту туралы өз ойын ортаға салды.
– Covid-19 пандемиясы жаһандық сын-қатерлерді халықаралық әріптестік пен бір-бірімізді қолдау арқылы ғана тиімді еңсере алатынымызды тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл тұста саяси партиялар маңызды рөл атқара алады және атқаруы керек. Осы орайда, халықаралық қатынастардың қазіргі моделі тең құқыққа, барлық тараптардың дәстүрлерін, құндылықтары мен ерекшеліктерін құрметтеуге негізделуге тиіс екені анық, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.«Қазақстан да QazVac деп аталатын өз вакцинасын жасап шығарды. Қазіргі таңда ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қарауында. Біздің үкімет қазір QazVac вакцинасын өзге елдерге жеткізу мәселесін де қарастырып жатыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Nur Otan партиясының төрағасы қазір әлемнің барлық елдері арасында Covid-19-ға қарсы вакциналарды біркелкі және әділ тарату ісінде кооперациялық тәсілді пайдалану қажеттігін айтты.
Елбасы, сондай-ақ, саяси партиялардың жаһандық сын-қатерлерді барынша азайту және дамудағы теңсіздікті азайту бағытындағы жұмысының маңыздылығын атап өтті.
«Ондаған миллион жұмыс орындары жабылды, көптеген адам коронавирустың кесірінен қайтыс болды. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, әлемде 120 миллионнан астам адам кедейленген. Қазіргі уақытта әскери қақтығыс аймақтарында 160 миллион адам тұрады. Сондықтан осы қиын-қыстау кезеңде саяси партиялардың атқарып жатқан ісі өте маңызыды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия өңірінен сөз сөйлеген жалғыз маңызды қонақ болды.
– Әлемде біздің аудиторияның үні әлдеқайда айқын әрі қаттырақ естілгені жөн. Атап айтқанда, саяси партиялар геосаяси шиеленісті еңсеруге үлес қосу үшін өзара ықпалдастықты арттыра түсуі керек деп санаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Елбасы «Nur Otan» партиясы мен Қытай Коммунистік партиясы Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға зор үлес қосып жатқанын айтты.