Апат айтып келмейді. Дегенмен "Сақтықта қорлық жоқ" демекші, Түркістан облысының таулы аймақтарында сел тасқынын алдын алу бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тауда орналасқан 44 мұздақ көлдерге тікұшақпен аэровизуалды шолу жүргізді. Яғни, ауа-райының ысуынан таудағы қарлар мен мұздақтар еруі салдарынан сел қаупі болуы мүмкін-ау деген учаскелер қаралды.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Түркістан облысының аумағында сел жүру қаупі бар 100 аумақ орналасқан. Оның зақымдану аймағы 4 280 550 шаршы метрді құрайды.Айта кетейік, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен, ауа райының күрт өзгеруіне, яғни, күннің жылуына байланысты селдің алдын алу үшін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен Табиғатты қорғау басқармасы мониторинг жүргізді. Оның қорытындысы облыс әкіміне баяндалды. Облыс әкімі таулы аудандардың тұрғындарын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау мақсатында бірқатар ведомстволарға күнделікті мониторинг жүргізуді тапсырды.Жалпы жағдайды тарқатып айтар болсақ, облыста сел тасқынын алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тауда орналасқан 44 мұздақ көлдерге ЕС-145 маркалы тікұшағымен аэровизуалды шолу жүргізді. Сонымен қатар, сел қаупі бар учаскелер қаралды. Нәтижесінде, мұздақ көлдердің жағдайы қалыпты жағдайда тұрғандығы анықталып, сел тасқыны төндіру қаупі жоқ деп тұжырымдалды.
Тельман БЕЙСЕНОВ