Шала туған шақалақтар көбейді
Шала туған шақалақтар көбейді
447
оқылды

Былтыр елдегі бала туу саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 425,6 мың нәресте дүние есігін ашты. Бұл осыдан 10 жыл бұрынғы дерекпен салыстырғанда екі есе көп. Алайда, дәрігерлердің айтуынша, жаңа туған нәрес­телердің арасында туабітті аурулар саны артқан.

Хирургтер жарық дүниеге жаңа келген баланың бойындағы бірнеше туа біткен кемістігімен күресуге мәжбүр. Көптеген бала­лар­да жүрек пен өкпе ақауы, ас­қазан-ішек жолдары, бүйрек қа­бынуы секілді бірнеше ауру қатар жүреді. Мұндай жағдайда уақтылы медициналық көмек көрсе­тілмесе, баланы аман алып қалу қиын. Ақтөбе облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орын­басары Сағидолла Досмағам­бетовтің айтуынша, жаңа туған балалардың бүкіл органына бір мезетте ота жасау мүмкін емес.

Бұл - нәрестелер үшін үлкен жүктеме. Кейбір жағдайда ота сәтсіз аяқ­талып, нәтижесі жақсы аяқтал­мауы да мүмкін. Бұдан бөлек, туабітті аурулардан бөлек, кішкентай балалардың бойын­дағы орган­дардың даму көрсет­кіші баяу. Жүре келе пайда бола­тын аурулардың көптігі де алаң­датарлық.

Сондай-ақ соңғы жылдары шала туыл­ған нәрестелердің дүниеге келуі таңсық болмай кет­ті. Дәрігерлерге күн сайын сал­ма­ғы бір келіге жетпейтін шақалақ­тардың өмірімен күре­суге тура келеді. Мұндай балалар­мен жұмыс істеу кезінде арнайы құралдар қолданылады. Ал небәрі 3 миллиметр ғана болатын құ­ралмен жұмыс істеу үшін жоғары кәсібилік қажет. Осындай қиын­дыққа қарамастан күрделі отаның тиімділігі жоғары. Мәселен, бұрын жаңа туған нәрестелерге жа­сал­­ған оталардың сәтті аяқ­талуы 30-40 пайызға әрең жетсе, қазір нео­натальды хирургияның қалып­тасуы көңіл көн­ші­тер­лік. Бір ғана Ақтө­бе­нің өзінде бала­лар­­дың жүрегіне жылы­на 100-ден астам ота жасалады екен. Осын­дай туабітті жүрек ақауларының өмір сүру деңгейі 93-95 пайызды құрайды.

Қатерлі ісік көбейген

Статистикаға сүйенсек, әлем­де жыл сайын 400 мыңнан астам кішкентай тұрғынға «қатерлі ісік» диагнозы қойы­лады. Оның әрбір екіншісінде ауруды жеңу мүм­кіндігі аз. Біздің елімізде де 600 бала қатерлі ісікпен ауырады. Оның 40 па­йы­зын­да «лейкемия» диагнозы қо­йыл­­ған. Балалар онкологиясының жалпы құры­лымында ми ісіктері, нейро­блас­тома, лимфома және ретиноб­ластома басым. Онко­логтердің берген дерегіне сүйен­сек, Қазақ­станда балалар ара­сында қатерлі ісік ауруларының диаг­ностикасы жақсарған. Сол себептен бұрын­ғыға қарағанда Ден­сау­лық сақтау жүйесінде ресми тіркелген онко­логиялық науқастар саны кө­бейіпті. Жалпы, елімізде 4 мыңға жуық бала дина­микалық бақы­лауға алынған. Олардың 300-ге жуығы тірек тера­пиясын алады. Қазір балалар арасын­дағы кейбір онко­логиялық ауруларды емдеудің тиімділігі 70-90 пайызды құрайды. Дегенмен гене­тикалық ақау­лардың нәти­жесінде пайда болатын қатер­лі ісік түрлерін емдеудің нәтижелері әлі де көңіл көншітпейді. Қазақ онко­логия және радиология ғылы­ми-зерттеу институтының мамандары бала бойын­дағы онкологиялық ауруды анықтау қиынға соғатынын жасырмайды. Сол үшін ата-аналар балаларының денсау­лығына өте мұқият болуы керек. Өйткені қатерлі ісік тера­пия­сының тиімділігі уақтылы диагноз қоюға байланысты.

Егер балада қандай да бір әлсіздік, бет-жүзінің айқын бозаруы, жүректің айнуы, құсу белгілері байқалса, уақыт созудың қажеті жоқ. Мұн­дай жағдайда ата-аналар невро­патологтің кеңесіне жүгініп, ісік­тің бар-жоғын уақытында анық­тауға асық­паса болмайды. Баланы емдеуге немесе диагнозды болдырмауға мүмкіндік беретін скрининг пен МРТ-дан өту уақыт күтпей жүзеге асуы тиіс.

Елдегі онкологиялық аурулар­ды ем­дей­тін орталықтарда соңғы инно­вация­лық технологиялар қолжетімді болғаны­мен, көптеген ата-аналар балаларын шетел дәрігеріне апарғанды жөн көреді. Қазір түрлі қайырымдылық қорлары мен әлеу­меттік желідегі жазбалардан аңғар­сақ, ше­кара асып, шетел клиникаларына бару үшін қаржы сұрайтындар қатары көбей­ген.

Сенім бар, бірақ қаржы жоқ

Көпбалалы отбасынан шық­қан үш жа­сар Алтынбектің анасы Жансая Көп­жасарова алғашында баласының ауруға шалдыққанын естігенде бойындағы үрей мен қорқыныш үдеп, үлкен күйзелісті бастан кешірген. Бірақ баласының амандығы үшін бойындағы қорқы­нышты бір сәтте ысырып, ауруды жеңіп шығуға кірісіпті.

«Баламның бойындағы ауру ке­нет­тен пайда болды. Алдымен беті мен денесінде кішкентай көгеру пайда бола бастады. Кейін аяқтарында да қанталап ісіктер шықты. Қан мен зәр анализін тап­сыр­дық. Биохимиялық талдау­дың нәти­жесі ұлымызда «жедел лимфо­бластикалық лейкемия» диагнозының барын растады. Содан бері Педиатрия және бала­лар хи­рур­гиясы ғылыми орта­лығының онко­гема­тология бөлі­мінде ем алып жатырмыз. Балам тірек терапиясын қабылдайды.

Бұл - екі түрлі химиялық препарат­тар. Бірақ ата-аналар оларды өз есебінен сатып ала­ды, өйткені тегін берілетін дәрі-дәрмектер ұлы­ма жара­майды. Әрине, әрбір ата-ана баласының бойындағы ауру­ды естігенде есеңгіреп қала­ды. Ең жаманы, көз алды­ңыз­да бала­ңыздың ұйқысы нашарлап, шаштары түсе бастағанда шара­сыз­дықтан жылай берген күн­дерім болды. Жұмыс пен ауру­хананың арасында шапқылап жүр­гені­ме басшылығым да шыда­мады. Көп ұза­май, жұмыстан кету­ге тура келді. Мұн­дай кезде бала­ның денсаулығымен бірге жала­қы­дан қағыласыз. Жұмыссыздық қыр­уар қаржы тұратын дәрі-дәрмек ала­тын кезде қатты білі­неді. Мысалы, мем­ле­кеттік тізі­лімде жоқ дәрі-дәрмектерді өзіміз сатып аламыз. Дәрілер қарапайым халық үшін қолжетімсіз. Онко­гема­толо­гиядағы ауруларды ем­дейтін пре­парат­тар өте қымбат. Вирусқа қарсы «Валь­цит» пре­паратының өзі қыруар қар­жы тұрады», – дейді Жансая Көп­жасарова.

Жансая секілді жұмысынан айы­ры­лып, жалақысынан қағыл­ған ата-аналар жетерлік. Атырау­дан Алматыға баласын емдетуге алып келген Әсет те соңғы тиы­нын билетке жұмсап, соңында гигиена құралдары, дәрі-дәрмек сатып алу үшін таныстарынан тиын сұрап кеткен.

«Диа­гноз қою үшін Алматыға келдік. Дәрі­герлер баланы бірден ауруханаға жатқызу керек екенін айтты. Содан үйдегі әйелімді осында алдыртып, өзім Аты­рауға кеттім. Үйдегі басқа ба­ла­ларға бас-көз болып, арасында жұмысқа барып жүрген едім. Үй мен жұмыстың арасындағы шап­қылау кімге ұнасын, жұмыс беру­шім жұмыстан кетуге мәжбүр етті. Қазір жұмыс­сыз отырған жайым бар. Алматы­дағы әйелім мен балама таксилетіп тапқан бес-он тиынымды жібергеніммен, үйдегі бала­ларымның памперсін түгендеп, тамағын табу қиынға соғып жатыр», – деді жыларман күйге жеткен жігіт ағасы Әсет. Қоғам белсенділері болса, онкология­лық орталықтар соңғы технологиямен жабдықтал­ғанымен, УДЗ, МРТ сурет­терін оқи алатын жақсы мамандар жетіс­пейтінін айтады. Ауылдық жерлерде бала бойын­дағы ауру белгілерін анықтау – өз басына жеке мәселе. Дәрігерлердің сал­ғырттығын сынға алатын кейбір ата-аналар меди­циналық көмек­тен бас тартып, дәстүрлі емес тәсілдерімен емдеуді жөн көреді. Оның соңы қайғылы аяқ­тала­тыны тағы белгілі.

Оңалту орталықтары жеткіліксіз

Қазір аяғы ауыр аналардың көбіне бірінші талдау нәти­желерінен кейін-ақ құрсақтағы шарананың Даун синдромы­мен туылу қаупі туралы айтып, тиісті кеңесін береді. Осындай жағдайға тап бол­ған аналардың көбі кейін сап-сау баланы дүниеге әкелсе, кейде денсаулығы сыр бермеген аналардың нәрестелері Даун синдромымен туылып жатады.

Әлемде 700 баланың біреуі Даун синдромымен туады. Ал Қазақ­станда бұл дертке шалдық­қан 12 мыңға жуық бала бар. Оның ішінде экологиялық жағ­дайы төмен облыстарда осы диаг­нозбен туғандар көп көрінеді. Мәселен, бір ғана Атырау об­лысында – 3 720, Атырау қала­сын­да 1 722 «ерекше» бала бар. Ал аути­зммен ауыратын балалар рес­ми статис­тика­дағы сандарға қа­ра­ғанда бірнеше есе көп. Назарбаев университетінің ға­лым­­дары бұл мәселемен айна­лысып, дәрігер­лерге дұрыс диаг­ноз қоюға және осындай балалар­дың дамуына көмектесу үшін ауқымды зерттеу жүргізіп жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ерекше» балаларды оңалту үшін маман­дандырылған ұйымдар жеткіліксіз екенін айтты. Айтуынша, тексеруден өту үшін балалар өз кезегін жарты жыл күтуі керек. Елімізде қазір 2 мыңнан аса «ерекше» бала жабық интернатта тұрады. Олардың жартысынан көбінің ата-анасы бар. Көбісі өздері тұратын жерде балаға күн­делікті күтім жасауда дәрі-дәрмек, меди­циналық кө­мек, әлеуметтік қолдау бол­маған соң науқас баланы мемлекетке тапсыруға мәжбүр.

Сал ауруларының саны артқан

Былтырғы мәлімет бойынша, елімізде 17 мыңға жуық бала церебралды сал ауруы­мен ауырады. Бұл тек есепте тұр­ған­­дар. Сәбилердің сал ауруымен туыл­уына 400-ге жуық себеп бар. Баланың ата-анасы жүз жерден мықты болғаны­мен, қоршаған ортаның экологиялық жағдайы әсер етпей қоймайды. Күйбең тірліктегі күнделікті қимыл-қозғалыс, әлеуметтік жағдайдан туындайтын түрлі стресс, сапасыз азық-түлік ауру баланың артуына әкеледі. Ұлттық балаларды оңалту орта­лығының директоры Шолпан Бөлекбаева жеңіл дәрежедегі аурулардың барлық белгілерін жоюға болатынын айтады.

Ол үшін оңалту курсын уақтылы және үнемі жүргізу керек. Алайда оңалтудан өтуге көбінің мүмкін­дігі жоқ. Өйткені ден­саулық сақтау жүйесінде 19 орталық жұ­мыс істесе, оның ішінде 300 паци­ентті қабылдай алатын үлкен орта­лық елордада ғана бар. Бір жыл ішінде республикалық орталықта 6 мыңға жуық бала оңалтудан өтсе, қалған 10 мыңнан аса баланың тұрақты ем алуға мүмкіндігі аз деген сөз.

30 жылдық еңбек өтілі бар жоғары санат­тағы акушер-гинеколог, медицина ғылымдары­ның кандидаты Жұпар Наха­нова «ауырып ем іздегенше, ауырмай­тын жол іздеген» абзал болатынын айтады. Дәрігер дәл қазіргі жағдайда ата-аналарға жүктілікті жос­парламаған жөн деп отыр. «Шала туған шақалақтар көп. Өзді­гінен түсік тастайтындар да артқан. Балалар арасындағы туабітті аурулардың күрт артуына эко­логияның әсері, аналардың дұрыс тамақтанбауы, үнемі күйзелісте жүруі, жастар арасын­дағы жұқпалы аурудың көбеюі себеп. Соңғы жылдары туабітті аурулар­дың артуына коронавирус жығылған үстіне жұдырық болып тиді. Карантин бастал­ғалы әйел­дер арасындағы жүктілік көбей­ген. Әрине, ел демографиясына үлес қосқанына қарсы­лығым жоқ, бірақ дәл қазіргі ахуалға байла­нысты бала көтеруге асық­пау керек. Кем дегенде 1-2 жыл жүктілікті жоспар­ламауға кеңес беремін. Кеңес бергенімізге қара­май туып жатқандар жетерлік. Өкінішке қарай, балалар арасын­дағы өлім-жітім де көбейіп, туабітті аурулар өр­шіп кетті. Коронавирус – жұқпалы аурудың ең ауыр түрі. Ол болашақ нәрес­тенің ағзасына әсер етеді», – дейді Жұпар Кәрібекқызы.

Жадыра МҮСІЛІМ