Оның ерлігі ешқашан ұмытылмайды
Оның ерлігі  ешқашан ұмытылмайды
327
оқылды

Өзгенің өмірі мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін бәске тігіп, оқ пен отқа жалаң төсін тосу – сөзсіз көзсіз қаһарман­дық. Міне, сондай бейбіт күннің батырларының бірі – Бекжан Тіленшиев бүгінде ортамызда жоқ. Небәрі 32 жасында қыршыннан қиылған боздақ бес жыл бойы ауыр жарақаты­мен алысып, соңы сұм ажалдың тырнағына ілікті. Келместің кемесімен кетті. Амал нешік? Жазмыштан озмыш жоқ.

Тараз қалалық ІІБ жол-патрульдеу полициясы батальонының полицейі, сержант Бекжан Тіленшиев 1989 жылы 22 қазанда Жамбыл облысы Жуалы ауданы Шақпақ ата ауылында дүниеге келген. 2010 жылы «Алматы мемлекеттік бизнес кол­леджін» аяқтаған соң Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарына шақы­рылған. Ал 2013 жылдан бастап құқық қорғау ор­гандарында қызмет ете бастаған. 2016 жылы 19 маусым күні ол аса қауіпті қандықол қарақшыны тоқтату кезінде мойны мен кеудесіне оқ тиіп, ауыр жарақаттанады. Батыр ұлымыздың өзі сол оқиғаны көзі тірісінде былай баян еткен еді.

«Бала кезімде әскерде қызмет етуді армандадым. 2007 жылы мектеп бітіріп, Алматыға оқуға түстім. Оқу бітірген соң 2013 жылы әскерге бардым. Одан кейін Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің жол-патрульдік полициясына қызметке орналастым.

2016 жылы 19 маусым күні соңғы ке­зек­шілігім болатын. Жұмыс күнін аяқтап, демалысқа кетуім керек еді. Одан кейін болашақ жарым Арайлыммен үйленуге дайындаламыз деп жос­пар­лаған­быз. №6 ықшамауданындағы үйлердің ара­сы­нан қарудың даусын естідім. Қарасам, үш азамат бір адамды атып, қашып бара жатыр екен. Қызметке орналасқанда біз ант береміз. Антымды орындау, қылмыс­керлерді тоқтату үшін учаскелік полицияға хабар беріп, артынан қуып кеттім. Олар үйлердің арасымен қашып, бір үйге кірді. Артынша қуып, подъезге кіріп бардым. Олар алдымнан қарумен шықты. Менің де қолымда қару болды. Алдымен сөзге кел­тірдім, қаруын тастап, қателік жасамауға шақырдым. Сол мезетте подъезге мектеп жасындағы бала кіріп келді. Пәтері осы үйде екен. Балаға, үй тұрғындарына зияны тимесе екен деп ойладым.

Сөйтіп тұрғанда, қылмыскер мені атты. Оны аттым. Оның аяғы жарақаттанды. Мойын омыртқама оқ тиді. Ешқандай да ауырғанды сезбедім, түсінбей де қалдым. Мұндай жағдайға тап боламын деп ойла­мадым”, - деген еді Бекжан Тіленшиев.

Бекжан - отбасында екі қыздан кейінгі ұл. Бала кезінен спортқа жақын, мінезі салмақты, сөзі тура, жаман әдеттен аулақ болып өскен. Болашақ жарын шаңырағына түсіремін деп отырғанда осындай жағдайға тап болып отыр.

Бекжан жараланған сәтте шақырту бойынша оқиға орнына учаскелік полицей Данияр Зауырбек те жеткен. Кіреберісте екі қабат арасындағы сатыда ол белгісіз біреу әріптесіне қарсы оқ атқанын байқа­ған. Осы сәтте Зауырбек қорғана жүріп, қылмыскерді дәл көздеп, оққа ұшырады. Артынша ұялы телефонынан «102» нөмірі­не қоңырау шалып, жедел жәрдем шақыр­тады. Осылайша, қос тәртіп сақшысының ширақ әрі батыл әрекетінің арқасында қылмыскер ұсталып, залалсыз­дандырыл­ады.

2016 жылғы 5 желтоқсанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Бекжан Тіленшиев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Алайда 2017 жылдың сәуір айында ол денсаулығына байланысты ішкі істер органдарынан шығарылды. Бекжан Тіленшиев ұзақ уақыт бойы елімізде және шетелде емделген. Алайда оған қарамастан оның денсаулығы жақсармай, түбі ажал құшып отыр. Бес жылдың бедерінде Бекжанға бар­лық құқық қорғау құрылымдары тара­пы­нан жан-жақты көмек көрсетілген.

« 2016 жылдың шілде айынан тамыз айының аяғына дейін Бекжан Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық нейрохирур­гия орта­лығында ем қабылдады. Одан кейін Ішкі істер министрлігіне қарасты орта­лық ауруханаға жатқызылды. Осы ара­лықтағы шығынның барлығына облыстық Полиция департаменті тарапы­нан қаржы­лай көмек көрсетілді.

Ал Ішкі істер министрлігінің ықпалымен Бекжан Тіленшиев мемлекеттік квота негізінде Греция мемлекетінде денсау­лығын емдетіп келді. 2017 жылдың қазан айында облыстық Полиция департаменті қызметкерлері тарапынан Бекжанның Ресей мемлекетінде ем қабылдауы үшін электрлі мүгедек арбасы сатып алынып берілді. Осы жылы заң талаптарына сәйкес Бекжанға мемле­кеттік жәрдемақы да тағайындалды. 2019 жылдың 7-17 маусым аралығында облыстық Полиция департаменті басшы­лығының сұранысы бойынша Бекжан Ішкі істер министрлігінің әскери ауруханасына жатқызылып, мұнда да денсаулығын са­уық­тырды. 2019 жылдың 24 маусымындағы Тараз қаласы әкімінің №2 156 қаулысымен Б.Тіленшиевке «Арай-2» ықшамауданынан 2 бөлмелі пәтер берілді.

2021 жылдың 9-16 маусымы аралығында облыстық Полиция департаменті басшы­лығының сұранысы бойынша Тіленшиев Алматы қаласындағы «ЖАС-АЙ» меди­циналық орталығына жолданды. Бекжанның әкесінің өтініші бойынша оның денесінен екі оқты алып тастауға да, отба­сына да әріптестері барынша көмектесті. Атап айтсақ, облыстық Полиция департа­ментінің басшысынан бастап, барлық қызметкерлер Тіленшиевтің әкесінің есеп­шотына 605 700 теңге көлемінде қаржы аударды», – дейді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Міне, тәртіп сақшылары Бекжанның сауығып кетуі үшін барын аямаған екен. Мұны марқұмның заңды өкілі де растап отыр. «Бекжанның заңды өкілі болдым. Оқиға болған сәттен бері қасында болдым. Бекжанға қарап отырмай, қолдан келгенше көмек беру үшін жиналыста осы мәселені көтердік. Жамбыл облысының 2 600 ардагері қолдау көрсетті. Министрлік, департамент тарапынан көптеген қолдау жасалды. Одан басқа, Тараз қалалық жол-патрульдік полициясы ардагерлер кеңесі­нің және өзінің әріптестерінің тарапынан қаражат аударылып, көмек беріліп жатты. Бірақ бұл шаралар батыр ұлымызды құт­қара алмады. Бекжанның өмірге деген құштарлығы, аяққа тұрып кету арманы, Арайлыммен отбасын құруға деген ниеті орындалмады», – дейді Тараз қалалық жол-патрульдік полициясы ардагерлер кеңесінің мүшесі Аралбек Таңатарұлы.

Күні кеше Бекжан Тіленшиевті жақын­дары мен әріптестері жер қойнына тапсы­рып, мәңгілік сапарға аттандырды. Жерлеу рәсіміне облыстық Полиция департаменті барынша көмек көрсеткен. Тәртіп сақшы­лары Бекжанның отбасы алдағы уақытта да құқық қорғау органдарының қамқор­лығында болатынын айтады.

Иә, көзі кетсе де, ел үшін туған ердің өзі кеткен жоқ. Оның қаһармандығы ешқашан ұмытылмайды. Ел есінде, жұрт жадында мәңгілік жатталады.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы