Қолқаны қапқан иіс
Қолқаны қапқан иіс
336
оқылды

Петропавл қаласының дәл бүйі­рінде орналасқан Бәйтерек ауылы­ның тұрғындары экологиялық қиын­дықтардан зардап шегіп келе жатқа­нына бірнеше жылдың жүзі болды. Олар дабыл қағып, талай табал­дырықты тоздырғанымен, мәселе оң шешімін табар емес. Ауылдың түбін­де орналасқан тоғанға кәріз суы төгі­ліп, жағымсыз иіс ауылдықтардың қолқасын қапқаны аздай, қоқыс по­ли­гонының қоңырсыған түтіні де айналаға жайылып, мазаларын қашы­рып тұр.

Ауыл тұрғыны Аманжол Зағыпардың айтуынша, әсіресе желді күндері кеудені керіп кең тыныстау мүмкін емес. «Қоқысты өртеген кезде иісі ауылды жайлап алады. Қою қара түтінге тұншығамыз. Өйткені қоқыс орны ауылға тым жақын орналасқан. Осыны айтып ауылдықтар үнемі қарсы­лығын білдіріп жатады», – дейді Аманжол.

Жанат Әбдіқұлова қоқыс күн сайын көбейіп бара жатқанына көңілі алаң. «Ауылымызда жағымсыз иіс мүңкіп тұр. Иіске шыдау мүмкін емес. Осыншалықты лас ауаны жұту - денсаулыққа зиян. Осы үрдіс жалғаса беретін болса, ауылымыз қоқыстың астында қалуы ғажап емес. Бұл полигонды құртудың амалы бар ма екен? Қоқыс төгетін орын ауылдан алыс жерде болуы керек қой» деп алаңдаушылық білдірді.

Ал ауылдықтар бұрын шаруашылық мақсатқа су алып келген тоғанға қазір еш­кім жоламайды. Өйткені ол жерге кәсіп­керлер кәріз суларын төгіп, сасытып жібе­ріпті. Күлімсі иістен мезі болған бәйте­ректіктер ауылды жайлаған күкіртсутегінің иісінен қажып, жергілікті билік өкілдерінен еш қайыр болмаған соң бұл мәселеге әлеуметтік желі арқылы көпшіліктің назарын аударған болатын. Оқиға орнына барған облыстық Экология департаменті мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірін­ші медиа орталық» қоғамдық бірлестігінің өкілдері аз ғана уақыттың ішінде үш бірдей ассенизатор көлігі кәріз суын әкеліп төк­кенін өз көздерімен көрді. Көлік жүр­гізушілері Қызылжар ауданы бойынша кәріз суын тасумен айналысатын «Жігер» жеке кәсіпкерінің тапсырмасын орындап жүргендерін айтып ақталған. Қоғамдық бірлестіктің басшысы Руслан Асаубаев бұл заңсыздық екенін әрі қазаншұңқырға қауіп төніп тұрғанын айтып дабыл қағып жүр.

«Заң бойынша, бұл орын кәріз суын төгуге ресімделмеген. Дегенмен мемле­кеттік органдардың өкілдерінен неге мұндай жағдай қалыптасқанын және мұны қалай тоқтатуға болатынын қанша сұрасақ та, жібі түзу жауап ала алмадық. Сондықтан өзіміз көрген үш машинаға қатысты полицияға арыз жаздық. Кәріз суына белгіленген орын бар. Бірақ ол толып қалған. Ал белгіленбеген жерге төгілген кәріз қалдықтары тұрғындар су алатын қазаншұңқырға құйылып жатыр», – дейді қоғамдық белсендісі.

Экологтер Қызылжар ауданының әкімі мен аудандық полиция бөліміне кінәлі тұлғаларды тез арада жауапқа тарту туралы ұйғарым берді. Облыстық соттың баспасөз хатшысы Динара Төлеңгітовадан сұрап білгенімізде, «Жігер» жеке кәсіпкеріне қатысты іс қазір сотта қаралып жатыр.

«ЖІБІ ТҮЗУ ЖАУАП ЖОҚ»

Руслан Асаубаев бұл мәселенің анық-қанығына жету үшін түрлі мемлекеттік органға сұрау жолдап әлек. Ол бұл жер кімнің балансында екенін, кадастрлық нөмірін, нысаналы мақсатын, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қалай сақталып отырғанын білгісі келеді.

Экологиялық түйткілдің соңына шам алып түскен қоғам белсендісі бұл мәселе осыдан бірнеше жыл бұрын көтерілгеніне көз жеткізіпті. Ол кезде ауданның бұрынғы әкімі жаңа кәріз-сорғы стансасын салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы жасалып, қарастыруға тапсырылғанын айтыпты. Содан бері табаны күректей екі жыл өтсе де, құжаттама әлі күнге дейін бекітілмеген.

Бұл мәселелерге облыстық Экология департаменті көз жұмып отыр деуге бол­мас. Руслан Асаубаевтың мұрындық бо­луы­мен экологтер жуырда осы мәселеге қатысты тексеріс бастапты. «Оның қоры­тындысы 2 айдан кейін белгілі болады», – дейді қоғам белсендісі.

Мамандар жуырда тұрғындардың өтініші негізінде қоқыс орнына да қатысты тексеріс жүргізді. «Оның нәтижесінде экологиялық заңнама бұзылғаны анықтал­ған. Атап айтқанда, өндіріс және тұтыну қалдықтарын қоршаған ортаға эмиссия­ларға рұқсатсыз орналастыру, мемлекеттік экологиялық сараптаманы міндетті жүргізу туралы заңнама талаптарын орындамау деген сияқты олқылықтар анықталды. Осы­ған орай, біздің департамент әкімшілік ықпал ету шараларын қабылдап, анық­талған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берді», – дейді облыстық Экология департаментінің басшысы Азамат Бек­тасов.

Бұған қоса, тиісті орган қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу мақсатында ауылдық әкімдікті қалдықтарды өз бетінше орналастырғаны үшін сотқа беріп, сазайын тарттырыпты. Облыстық экономикалық мамандандырылған ауданаралық эко­номика­лық соттың шешімімен талап-арыз қанағаттандырылып, Қызылжар ауданы Бескөл ауылдық округі әкімінің аппараты қоршаған ортаны қалпына келтіру жөнін­дегі іс-шараларды орындай отырып, қор­ша­ған ортаға келтірілген залалды тікелей әдіспен өтеуге міндеттелді. Түптеп кел­генде, әкімдік бұл полигонды жауып тынуы керек.

ҚАРЖЫҒА КЕЛІП ТІРЕЛЕДІ

Бірақ Бескөл ауылдық округінің әкімі Мәулен Қасымғожиннің айтуынша, сот шешімі әлі орындалмапты. «Полигонды жапсақ, тұрғындар қоқысты қайда төгеді? Жаппас бұрын оларға жағдай жасалуы тиіс. Ол үшін басқа жер бөлінуі керек. Жердің бәрі жекеменшік немесе қорғалатын сулы-нулы жерлер, болмаса егістік алқаптар. 4 гектардай жер телімі бөлінген-тін. Бірақ ол әуежайға қолсозым жерде орналасқан. Алматы маңындағы ұшақ апатынан кейін стандарттар өзгерді. Енді полигон әуе­жайдан кем дегенде 15 шақырым қашық­тықта орналасуы тиіс. Өйткені қоқыс маңында жемтік іздеген қарға-құзғын көп. Олар ұшақтың турбинасына түсіп, апатқа ұшыратуы мүмкін. Сондайды болдырмас үшін осындай талап енгізілді. Ал бізге бөлінген жер бұл талапқа сай емес. Сон­дықтан оны жаптық. Бұл – жалғыз біздің округтің мәселесі емес, облыс, тіпті рес­пуб­лика көлемінде шешілетін мәселе. Бұ­ған бюджеттен қаржы қарастырылуы тиіс», – дейді әкім.

Қазір шағым тудырып отыр­ған қоқыс орны Бәйтерек ауылы салынғанға дейін бос жатқан жерде ашыл­ған екен. Ауыл болмаған кезде ешқандай қиындық та туындамаған. Кейін сол қо­қыстың дәл жанынан жаңа ауыл бой көтерген.

Кәріз суларының иісіне қатысты да әкімнің айтар уәжі бар. «Ауылдың шетінде кәріз суын төгетін құдық бар екенін біле тұра, адамдар неге таяқтастам жерге үй салды деген қарсы сұрағым бар. Санитар­лық аймақ талаптары неге сақталмады? Ол маңайдан тұрғын үй құрылысына жер бөлінбеуі тиіс еді. Кей тұрғындар кір-қоқыстың түбіне үй тігіп, енді шағымданып отыр», – дейді әкім. Ал белгіленбеген жерге кәріз суы төгілетінін билік өкілі жоққа шығарды. «Көктем кезінде қар ерігенде «Биопруд» толса, толып қалған шығар. Қазір ондай мәселе туындап отыр­ған жоқ. Керісінше, шілденің шіліңгір ыстығында құрғап қалды», – деді ол.

Бұл – жалғыз бәйтеректіктердің «бас ауруы» емес. Облыс аумағында заңсыз қоқыс орындары жетерлік. «Қазақстан ғарыш сапары «ҰК» АҚ мәліметтері бойынша, өңірде 272 санкцияланбаған қоқыс орны анықталды. Соның басым бөлігі, 107-сі сөз болып отырған Қызылжар ауданы мен 57-сі Петропавл қаласының маңында. Депар­тамент әкімдерге оларды кідіріссіз жою және апта сайын есеп беру туралы хат жолдады. Қолдан келер басқа шара жоқ.

Жалпы, биыл экологтар жүргізген 21 тексеріс барысында 80 заңбұзушылықты анықтап, оларды жою туралы 78 ұйғарым жолдапты. Қоршаған ортаға 11 миллион теңгеден астам залал келген. Соның 10 миллионы өндіріліп алынды. Шаруашылық қызметін экологиялық талаптарды бұза отырып жүргізген 4 кәсіпорынға қатысты іс сотта қаралып, қызметі тоқтатылғандары бар. Сотқа тартылғандардың бірі – «Қы­зыл­жар су» ЖШС ағынды суларды тазарту қондырғыларын орнатқанға дейін «Ка­менка» су жинағышына сарқынды суларды ағызуды тоқтатты. Айта кету керек, бұл кәсіпорынға тиесілі су жинағыштың исі де айналаға мүңкіп, қызылжарлықтарды мезі қылған болатын. «Қазгидромет» кәсіпорны күкіртсутегінің шекті рұқсат етілген коэ­ффициенті биылдыққа 248 рет асырыл­ғанын тіркеген. «Қайда барсаң да, Қорқы­ттың көрі» дегендей, тазарту қондыр­ғыларын орнату ісі де қаржыға келіп тіре­ліп тұр. Экологиялық мәселелерді шешу үшін қомақты қаржы бөлінбейінше, жағдай оңалатын түрі жоқ сыңайлы...

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы